Түркия ақыры АҚШ пен Ресейден айласын асырды

9388

Швецияның НАТО-ға мүшелігін ұзақ бұғаттап келген Анкара сол арқылы өз дегеніне жетті.

Түркия ақыры АҚШ пен Ресейден айласын асырды Фото: inbusiness.kz

АҚШ билігі әйгілі F-16 жойғыш ұшақтарын Түркияға сату мәмілесін мақұлдады. Мемдепартамент жалпы сомасы 31,6 миллиард доллардың қару-жарағын шет мемлекеттерге сату жөніндегі жоспарланып отырған мәміле туралы конгрессмендерді хабардар етті. Соның ішінде 23 миллиарды – Түркияның, 8,6 миллиарды – Грекияның еншісінде (гректер осы сомаға қолданыстағы F-35 Lightning II Joint Strike Fighter жойғыш ұшағының 40 данасын алады).

Бұл мәміле түрік Парламенті мен Үкіметі Швецияның НАТО-ға мүшелігін ратификациялаған соң мүмкін болды. Осыдан кейін Америка Құрама Штаттары да Түркияға F-16 истребителдерін сатуға рұқсатын берді.

Нәтижесінде, Анкара ұзақ жылғы келіссөздерде жеңіске жетті. Жалпы, Түркия өз құрастырған тұңғыш F-16-ға осыдан 35 жылдай бұрын, 1988 жылғы 11 наурызда қол жеткізіпті.

Түрік елінің F-16-ға көшуі 1980-ші жылдары басталды. Ол тұста НАТО мүшесі ретінде Түркия америкалық үлгідегі F-100 (North American F-100 Super Sabre), F-104 және F-5 ұшақтары моделдерін пайдаланатын. Анкара оларды озық технологияларға құрылған жаңа жойғыш ұшақтарға ауыстыруды қалады.  

1983 жылы баға мен сапаның арақатысын талдай келе, бұл ел америкалық F-16 әскери ұшақтарының 160 бірлігін сатып алу туралы шешім қабылдады. Олардың үлкен бөлігі Түркия аумағында құрастырылуға тиіс еді. Осы мақсатта Анкара мен Вашингтон TAI және TEI компанияларын құрды. Бұл ретте TAI конструкциялық компоненттерге және авиониканың құрауыштарына, ал TEI – қозғалтқыштарды жасауға жауап берді.

Өндіріс орындары іске қосылғанша, алғашқы 8 ұшақ АҚШ-тың өзінде өндірілді және 1987 жылы түріктің әскери әуе күштеріне табысталды. Ал 1988 жылғы 11 наурызда Түркияның өзінде құрастырылған F-16 әуе көлігін сынақшы ұшқыш Шенер Колтук аспанға көтерді. Осыдан кейін бұл жойғыш ұшақтардың өндірісі де қарқынды дамып, олармен армияны жарақтандыру тұрақты жолға қойылды. Жалпы саны 80-ге жуығы шығарып үлгерді.

Бертінде, ХХІ ғасырдың екінші онжылдығында АҚШ пен Түркияның қатынасы салқындады. Вашингтон Анкараны демократияны шектеді деп айыптады. 2010-шы жылдары Түркия Ресейден С-400 зениттік зымыран кешенін сатып алу бойынша келіссөздерге кірісті. 2017 жылғы 12 қыркүйекте Анкара мен Мәскеу арасында аталған жүйелерді жеткізуді қарастыратын, құны 2,5 миллиард доллар тұратын келісімшартқа қол қойды.

Бұл да Американың ашуын туғызды. Ақ үй НАТО еліне ресейлік әуе қорғанысы жүйесін (ПВО) енгізуге қарсы екенін мәлімдеп, мәміле жүзеге асса, Түркияға қарсы санкциялар енгізілуі мүмкін екенін қатаң ескертті. Алайда 2017 жылы билік басына келген жаңа Президент Дональд Трамп Путиннің сұрауымен санкция енгізуді бұғаттады.  

Америкалық әскери мамандардың байламынша, С-400 кешенінің НАТО-ның ортақ қорғаныстық жүйесіне кіріктірілуі америкалық Lockheed Martin F-35 ұшақтарына, олардың құпияларына қауіп төндіреді. Америкалық тарап F-35 әрекет ететін өңірде ресейлік кешендердің жұмыс істеуі Мәскеуге аса құнды барлау мәліметтерін алуға көмектеседі деп алаңдады.

2019 жылғы шілдеде Ресей С-400 алғашқы кешендерін Түркияға табыстады. Бұл тұрғыдада түрік басшылары "екі жеп биге шықты". Бір жағынан, Түркия Ресейге 2,5 миллиард доллардың жартысын ғана төледі. Қалғанын Мәскеу Анкараға пайызы өте төмен кредит ретінде ұзақ жылға берді. Инфляцияны ескергенде, бұдан Ресей ұтылды.

Екінші жағынан, Түркия Ресейдің зымыранға қарсы ең кемел жүйесі саналатын, дроннан бастап, зымырандар мен ұшақтарға дейінгі 80 нысананы бір мезгілде тұтып, жояды деп жарнамаланған С-400 кешені негізінде Siper атты төл ПВО-сын жасап шықты. Яғни, технологиясын пайдаланды.

Бірақ содан бері АҚШ Түркияға жаңа жойғыш ұшақтарын сатуға да тосқауыл қойды. Ал күні кеше бекітілген жаңа мәмілеге сәйкес, Америка Түркияға жаңа F-16 жойғыш ұшақтарының 40 бірлігін береді және Түркия қолындағы 79 истребителді модернизациялайды.

Сөйтіп, Анкара Вашингтонның ұзақ жылдарға созылған қыңырлығы мен қысастығын еңсерді. Бұл үшін Түркия көп жүрісті, шым-шытырық саяси ойындар жүргізді. Мысалы, Ресейдің Украинаға кең ауқымды шапқыншылығы басталғаннан кейін Ресей көршісі Швеция НАТО-ға кіргісі келетінін жариялағанда, Түркия Президенті Реджеп Тайып Ердоған оның мүшелігіне келісімін бермейтінін мәлімдеді.

Бұған себеп те табылды. 2023 жылғы 11 қаңтарда Швеция астанасы Стокгольмде Түркияда лаңкес ұйым ретінде тыйым салынған "Күрдістанның жұмысшы партиясының" жақтастары шеру өткізіп, онда Ердоғанды бейнелейтін манекенді төмен салбыратып, аяғынан іліп қойды. Швецияның сот билігі бұл акцияны айыптаудан бас тартты, прокуратура демонстранттар әрекетін заңға қайшы емес деп таныды.

Артынша, көрші Данияның "Қатаң бағыт" ультраоңшыл партиясының лидері Расмус Палудан Стокгольмге сапарлап, Түркия елшілігінің алдында Құранды өртейтінін жариялады. Түрік СІМ-і Швециядан бұған жол бермеуді талап етті, тіпті швед елшісін еліне аластады. Соған қарамастан, даниялық ожар саясаткер 21 қаңтарда, Стокгольмде барша мұсылман жамағатының киелі кітабын жағу акциясын өткізе алды. Швеция билігі бұл акциясымақты сынап, оны вандализмге теңегенімен, оған рұқсат етті.  

Бұл акциялар Түркияның теріс реакциясын туғызды. Министрлер кабинетінің отырысынан кейін үндеу жариялаған Ердоған бұдан кейін Швеция НАТО-ға мүше болу туралы құжатты ратификациялауда Анкараның қолдауын ала алмайтынын мәлімдеді.

Сондай-ақ Ердоған "Күрд жұмысшы партиясының" лаңкестерін Түркияға депортациялауды талап етті. Швеция билігі кешірім сұрады. Бірақ өзінде саяси пана тапқан күрдтерді бермеді.

Алайда Анкараның Швецияның мүшелігін бұғаттауының себебі басқа болғаны анықталды.  

Америка F-16 жеткізіліміне рұқсат еткеннен кейін Түркия да Швецияның НАТО-ға кіруіне ресми рұқсат етті. 2024 жылғы 25 қаңтардың түнінде Түркия Президенті Реджеп Тайып Ердоған арнайы заңға қол қойды. Бұл туралы Resmi Gazete ресми газеті жариялады.

"Түркия Швецияның Солтүстікатлантикалық Альянсқа кіруін орынды деп санайды", – делінген жарияланымда.

Швецияның НАТО-ға қосылуы туралы хаттаманы ратификациялайтын заңды соның алдында түрік парламенті – Ұлы ұлттық жиналысы қабылдаған болатын. Оны түріктің 346 депутатының 287-сі жақтады (жалпы саны 600 депутаттың көбі жиынға, дауыс беруге қатыспады). Мемлекет басшысы қол қойған соң құжат бірден күшіне енді.

АҚШ-тың Түркиядағы елшісі Джеффри Флейк түрік тарапы аталған заңды күшіне енгізген соң Америка да F-16 әскери ұшақтарын Түркияға сатуға ресми кірісетінін мәлім етті.

Өз кезегінде АҚШ Конгресінің бірнеше депутаты Түркияда адам құқықтарына қатысты ахуал және оның НАТО құрамындағы ел – Грекиямен шиеленісті қатынасы алаңдататынын алға тартып, наразылық танытқан. Бірақ Ақ үйдің ресми тұлғалары конгресмендердің бұл қарсылығы еңсерілгенін жеткізді.

Осылайша, Түркия бір жылдан артық созылған бұғатын жойды. Осы кезеңде Швецияның НАТО-ға кандидатурасын өз пайдасына жаратқан Анкара өзі қалағанының бәріне қол жеткізді. The Wall Street Journal өз ойынын асқан шеберлікпен жүргізген Түркия лидерінің Мәскеуді де дегеніне көндіргенін еске салады. Себебі, Ердоғанның Швецияның батыстық әскери одаққа кіруіне тосқауыл қойып тастағаны Мәскеуге қатты ұнады. Содан Анкара бұғаттауын жалғастыруы үшін Ресей оның айтқанына еріп, айдағанына жүрді.

Reuters хабарлағандай, осы үстемдігін пайдаланған Түркия былтыр орыс газын тегін қолданды. Сол үшін төлеуге тиіс 600 миллион доллар төлемді кейін, яғни 2024 жылы бөліп төлейді. Бұл тек басы ғана, Reuters Ресейдің Түркияға жеткізетін газы үшін берілген жеңілдік перспективада 4 миллиард долларға жететінін жазды. Мұны елдің Энергетика және табиғи ресурстар министрі Фатих Донмез растады.

Ресей мұндай келісімді тұңғыш рет бекітіп отыр. Бұрын сонша артықшылықты өзгеге бермеген екен.   

Осының арқасында біріншіден, экономикасы дағдарған Түркия валюталық резервтеріне түсетін жүктемені айтарлықтай азайта алды. Екіншіден, геосаяси жеңістері мен жетістіктері 2023 жылы өткен Президент пен Парламент сайлауында Ердоған мырзаның және оның партиясының жеңіске жетуіне ықпал етті.

Қорыта айтқанда, айла-шарғысын көпшілік аңдамайтын, қулығына құрық бойламайтын Түркия көшбасшысы Америка мен Ресей сияқты қос алпауытты түрік мүддесіне бас июге мәжбүр етті.

Айтпақшы, Венгрия Түркі әлемі тұжырымдамасы аясында Швецияның НАТО-ға мүшелігі мәселесінде Түркияны қолдап келген еді. Енді ол жалғыз қалып отыр. Мадияр елінің Премьер-Министрі Виктор Орбан Парламентке – Мемлекеттік жиналысқа тиісті заңды жедел қабылдап, ратификациялау процесін барынша тез аяқтауға тапсырма берді.

Венгриялық депутаттық корпус тек 27 ақпанда ғана жаңа сессиясын бастап, жұмысқа кіріседі. Депутаттар мерзімінен бұрын жиналуы да мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу