Түркия құрамасының жаттықтырушысы: "Қазақстанның әйелдер құрамасы әлемдік бокста көшбасшылардың бірі"

2057

Түркияның бокстан әйелдер құрамасы Токиода өтетін Олимпиада ойындарына дайындалу үшін Қазақстанға оқу-жаттығу жиынына келді.

Түркия құрамасының жаттықтырушысы: "Қазақстанның әйелдер құрамасы әлемдік бокста көшбасшылардың бірі"

Нұр-Сұлтанда әйелдер құрамасының түрік спортшыларымен бірлескен оқу-жаттығу жиыны өтіп жатыр. Бапкер жаттығудың қалай өтіп жатқанын айтып, команданың жоспарларымен бөлісті.

"Біздің Қазақстандағы оқу-жаттығу жиынына келудегі мақсатымыз - Токиода өтетін Олимпиада ойындарына дайындық. Біздің команда Лондонда өткен Еуропалық лицензиялық турнирге қатысты. Жарыстың аяқталуына өте аз уақыт қалғанда Ковид-19 індеті өршіп, турнир мерзімінен бұрын аяқталды. Нәтижесінде біз Түркияға оралуымыз керек болды.

Өздеріңіз білетіндей, бүкіл әлемде жарыстар, бірлескен жаттығулар тоқтатылды. Қазір жағдай тұрақталды. Сондықтан біз қызу дайындықты бастап кеттік. Қазір сәуір айында өтетін турнирге дайындалып жатырмыз. Осы мақсатта біз Қазақстанға келдік.

Қазақстанға келген кезде біз үш күндік карантинде болдық. Біз қазірдің өзінде белсенді жаттығулар жасап жатырмыз. Біздің спортшы әйелдер спарринг-жаттығуларды бірлесіп өткізді. Қазақстандық боксшылар мықты әрі өте жақсы бәсекелестер. 51 келі мен 75 келі салмақ дәрежелеріндегі спортшыларыңызды ерекше атап өткім келеді. Қазақстанның әйелдер боксының өкілдері бокс әлеміндегі көшбасшылардың бірі болып саналады.

Алдағы Олимпиадада бес салмақ категориясы болады. Біз ең мықты деген боксшыларымызды әкелдік. Өздеріңіз білетіндей, олардың әрқайсысының чемпион болу мүмкін емес. Біз мұны түсінеміз. Дегенмен, біз жақсы нәтиже көрсетуге тырысамыз. Дайындаламыз және жеңіске жетеміз деп үміттенеміз. Сіздерге және біздің командаға медальдардың көбірек болуын тілейміз.

Біз Қазақстан бокс федерациясымен достық қарым-қатынастамыз және әйелдер құрамасының бас жаттықтырушысымен серіктеспіз. Біздің боксшылар достық қарым-қатынасты дамытып келеді. Қыздар бір-бірімен араласады. Біздің командалар арасында өзара түсіністік бар. Бұл жаттығу кезінде байқалады және жақсы жаттығу жасауға көмектеседі.

Біз сіздердің қонақжайлықтарыңызға өте ризамыз. Барлығы жақсы. Алдағы Олимпиада ойындарында бірлескен дайындықтың арқасында біз де медаль аламыз деп сенеміз", - деді бас бапкер.

Сөз соңында бокстан Түркияның әйелдер құрамасын жаттықтыратын бапкер Джахид Суми бұл оқу-жаттығу жиынының екі жаққа да пайдасы тиетініне сенімді екенін және Қазақстан бокс федерациясының басшылығына, сондай-ақ Ұлттық Олимпиада комитетіне ерекше алғыс білдірді.

"Көптеген жылдар бойы біз Қазақстанмен, қазақстандық спортшылармен өте жақсы қарым-қатынаста, тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейміз. Біз бауырлас халық ретінде әрқашан бір-бірімізді қолдаймыз. Мен осындай жоғары сапалы бірлескен оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастырғаны үшін, біздің жемісті ынтымақтастығымыз үшін Қазақстан бокс федерациясының басшылығына, сондай-ақ Ұлттық Олимпиада комитетіне ризашылығымды білдіргім келеді. Бапкерлеріңіз бен спортшыларыңызға ерекше алғыс айтамыз. Қазақстан мен қазақстандық боксшыларды жақсы көреміз. Біздің бірлескен жаттығуымыз екі жаққа да пайда әкеледі және біз жеңіске жетеміз деп сенемін", - деп қоса кетті Түркияның әйелдер құрамасының жаттықтырушысы Джахид Суми.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу