Хуситтер Эр-Риядтың халықаралық әуежайына, Aramco мұнай өңдеу зауытына және корольдіктегі өзге де бірнеше нысанға шабуыл жасағандарын мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BILD-ке сілтеме жасап.
Сонымен қатар Сауд Арабиясы бастаған әскери коалиция Қызыл теңіз жағалауындағы Ходейдада хуситтердің позицияларын талқандағанын хабарлады. Коалицияның ресми өкілі Турки аль-Малики X желісінде әскери-теңіз күштері "қару-жарақ қоймаларының көзін жойып", Қызыл теңіздің оңтүстік бөлігіндегі кеме қатынасы бағыттарына жасалмақ болған "жоспарланған шабуылдың" жолын кескенін жазды.
Хуситтердің Сауд Арабиясына шабуылдары бірнеше аптадан бері толастамай жатқандықтан, Түркия мен Пәкістан корольдікке қолдау көрсету үшін ол жаққа әскер жіберетіндерін жариялады. Үш елдің бірлескен мәлімдемесінде олар "өзара қорғаныс туралы келісімді дереу жүзеге асыруға" келіскені айтылған.
Сауд Арабиясы, Түркия және Пәкістан өзара қорғаныс туралы келісімге тамыз айының басында Иранмен соғыс уақытында қол қойған еді. Келісімге сәйкес, бұл үш елдің біріне шабуыл жасалса, қалғандары оны қорғауға міндетті, деп жазады басылым.
Хуситтер көп жылдан бері Йеменнің басым бөлігін, соның ішінде ел астанасы Сананы бақылауда ұстап отыр. Қыркүйекте лаңкестер елдің батыс жағалауының айтарлықтай бөлігін басып алды. 4 қазанда Сауд Арабиясы қолдайтын әрі халықаралық деңгейде танылған Йемен үкіметі елді хуситтердің бақылауынан босату мақсатында әскери операция бастағанын хабарлады.