Түркия "мессенджер дағдарысы" жағдайында ресейліктерді құтқаруда

1085

Ресей халықтарының "цифрлық ұлы қоныс аударуы" аясында ел көгінде түнекті тіліп, түріктің жарты айы жарқырады.   

Түркия "мессенджер дағдарысы" жағдайында ресейліктерді құтқаруда Фото: Жасанды интеллект негізінде жасалған

Анкара ресейлік пайдаланушыларды қолдау үшін серверлер желісін өрістетуде, деп жазады inbusiness.kz сайты.

РФ "цифрлық гигиена" ойынымен шектен тыс елігіп кеткен сияқты. Цифрлық коммуникацияда тәртіп орнатуға тырысқан көрші сол коммуникацияның кеңістігін жүйелі түрде тарылтуда. Осылайша, ол өз қоғамында қарама-қайшы әсер-эффектіге серпін берді.

Роскомнадзордың тізіміне сәйкес, Ресей аумағында тыйым салынған шетелдік мессенджерлер тізімінде бұрын байланыстың синонимі мен символы болған 9 алпауыт бар:

  • WhatsApp;
  • Telegram;
  • Viber;
  • WeChat;
  • Discord;
  • Snapchat;
  • Skype;
  • Microsoft Teams;
  • Threema.

Мәскеудің беталысына қарағанда, бұл "қара тізім" тек осы атаулармен шектелмейтін сияқты және жаңа шетелдік мессенджерлермен толығу қаупі бар.

Қызығы сол, федералдық реттеушінің өзі қатты қысымымен кеше ғана ешкім естімеген баламаларға деген ресейліктердің қызу сұранысын тудырып отыр. Реттеу неғұрлым қатаң болса, қоғамның байланыс арналарын әртараптандыруы да соғұрлым тезірек жүруде.

Нәтижесінде сахнаға жаңа ойыншылар шықты. Мысалы, Түркия күтпеген жерден көршінің тығырыққа тірелген халқына қолұшын созып, әбден кемеліне келтірілген цифрлық өнімін ұсына қойды.

Түркия соңғы жылдары өзге сияқты реттеушілік асыра сілтеулерге бармай, өзін прагматик ретінде көрсетті. Соның арқасында аумалы-төкпелі әлемде біраз бетбұрыстың бенефициарына айналды. Әрі мұны артық шусыз, бірақ айтарлықтай жетістікпен жүзеге асырады.

"Телегаға" таңылған тағдырлар: "тышқан мен мысық" ойыны

Telegram – барлық шектеуге қарамастан, Ресейдегі №1 мессенджер болып қалуда. Алайда, 2025 жылдың 13 тамызынан кейін ресейліктер бұл мессенджермен қоңырау шала алмай қалды. Ұялы байланыс операторлары реттеушінің талабы бойынша VoIP-трафикті бұғаттауда.

Мұнымен шектелмей, тіпті қарапайым функциялар – чаттарда мәтіндік хабарлама жазу мен фото-видео файлдарды жіберу мұң болды: РФ-та дүркін-дүркін ауқымды ақаулар туындап тұрады. Салдарынан, ресейлік пайдаланушы парадоксқа тап болады: формальды түрде сервис қолжетімді, әлі бұғатталмаған, бірақ іс жүзінде істемейді.

Цифрлар қорқынышты көріністен хабар береді. T2 ірі операторының абоненттерінде Telegram трафигі 2026 жылдың екі айында он есеге – бір пайдаланушыға шаққанда 500 Мб-тан 50 Мб-қа дейін құлады. Бұл туралы "Ростелеком" президенті Михаил Осеевскийдің мәлімдемесіне сілтеме жасап, "Коммерсантъ" басылымы хабарлады. Сарапшылардың бағалауынша, РФ бойынша Telegram трафигі аталған кезеңде орташа есеппен 17–18%-ға құлдыраған.  

Telegram негізін қалаушы Павел Дуров РФ тұрғындарына "цифрлық қарсыласу" жолын көрсетті: Ресейге арнап, жаңартулар шығарды.  Ол трафикті Chrome браузері ретінде бүркемелеп, шектеулерді технологиялық тұрғыдан айналып өтуге мүмкіндік береді. Бірақ Роскомнадзор бұл қулықтың да құйрығын бір тұтам етіп, тосқауыл қойып тастары даусыз.

Сәуір айының басында, OONI мәліметінше, Ресейде Telegram-ның қолжетімділігі 20%-ға дейін төмендеді және оны VPN-сіз пайдалану, іс жүзінде, мүмкін болмай қалды. Ал, бұл жерде әңгіме күн сайынғы 65 миллион пайдаланушы туралы болып отыр.

Түрік гамбиті: ақ боз ат мінген BiP батыр

Дәл осы кезде қыспақтан қиналған Ресей жұртына Түркия көмекке келді. РФ-та түріктің BiP атты мессенджерінің танымалдылығы күн сайын емес, сағат сайын өсуде. Мұнда Анкара өзін нағыз стратег ретінде көрсетуде: айғайлаған мәлімдемелердің орнына айқын жұмыс істеп тұрған өнімді, функционалдылық пен қолжетімділікті ұсынды.

BiP ресейлік нарыққа тек 2025 жылдың аяғына қарай шықты, бірақ түрік сервисі App Store-дың ресейлік сегментінде "Әлеуметтік желілер" санатындағы ең көп жүктелетін тегін қосымшалар рейтингінде екінші орынға шығып үлгерді.

The Moscow Times жазуынша, ресейлік RuStore қосымшалар дүкенінде BiP биылдың өзінде 300 мың рет жүктелген.

BiP – аудио және бейне қоңыраулар шалуға, мәтіндік, дауыстық және бейне хабарламалармен және файлдармен алмасуға арналған тегін мессенджер. Ол Android және iOS мобильді құрылғыларда қолжетімді. Басылымның хабарлауынша, сервисті "Түркселл" қолдауымен түріктің Lifecell Ventures Cooperatief компаниясы әзірлеген.

Сервистің өзі сапалы деңгейде жасалған функциялардың кең жиынтығын ұсынады: қолданушы аудио және бейне қоңыраулардың, 15 адамға дейінгі HD-конференциялардың, топтық чаттардың, оқылған соң жойылып кететін хабарламалардың, геолокациялаудың, статустардың, сауалнамалардың, еске салғыштардың, арналардың және текстті 100-ден астам тілге тәржімалайтын кіріктірілген аудармашының игілігін көре алады.

Соңғысы символикалық мәнге ие: цифрлық кеңістіктің фрагментациялануы, жаһан жұртшылығының жік-жікке бөлінуі жағдайында осындай функциялар халықтар мен әртүрлі коммуникациялық экожүйелер арасында алтын көпір болып, түрік туысқанның әлемдік брендіне, бәсекелестік артықшылығына айналуда.

Ең бастысы, ол Ресейде VPN-сіз жұмыс істейді: бұл қазіргі жағдайда көршілер үшін шешуші факторға айналуда. "БиАйПидегі" хат алмасу Telegram чаттарына өте ұқсас.

IT-сарапшы Сергей Панковтың дерегінше, функцияларының саны жағынан BiP көптеген бәсекелестерін басып озып, арқа тастады. Басқаны айтпағанның өзінде, "шұғыл көмек түймесінің" өзі неге тұрады. Оны бір рет басу арқылы сіз жақындарыңызға өзіңіздің аман екеніңізді және қай жерде тұрғаныңызды (геолокацияңызды) хабарлайсыз. Қазіргі қауіпті кезде бұл – баға жетпес функция.

"Пайдаланушы бұл қосымшада фото және видеоларын жария орналастыра алады, оны барлық контактілері көре алады. Ендеше BiP тек мессенджер ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік желі ретінде де жұмыс істейді. Сондай-ақ "чаттар мұрағаты" бар. Екінші дәрежелі диалогтарды негізгі тізімнен жоймай-ақ соған ысыра салуға болады. Сонда олар кедергі жасамайды, бірақ керек бола қалса, қолжетімді болады. Мәзірді баптау да – икемді", – деді маман Панков.

Пайдаланушы интерфейсті өзіне ыңғайлап реттей алады және ең жиі қолданатын бөлімдерді негізгі экранға шығарады.

"Қауіпсіздік – BiP мессенджерінің басты басымдығының бірі. Сервис жеке хабарламаларды, сондай-ақ аудио және бейне қоңырауларды ұшынан ұшына шифрлайды (end-to-end encryption), яғни, жолай әлдекім қосылса, мәтін орнына түсініксіз былдыр-батпақты көреді. Күнделікті қарым-қатынас үшін қажеттінің бәрі бар: жеке және топтық чаттар, қоңыраулар, арналар, веб-нұсқа және пайдалы қосымша функциялар", – деп хабарлайды Russian Business.

Бизнес те өзгерген жағдайға тезірек бейімделе бастапты. Мысалы, РФ-тағы көптеген турфирма клиенттермен және шетелдік серіктестерімен  байланыс ұстау үшін дәл осы түрік мессенджерін белсенді түрде қолданып жатыр. Өйткені ыңғайлы: турфирма қызметкері Ресейде отырып, BiP мессенджері арқылы мәтінді орысша жазады да, қажетті батырманы басып, лезде қалаған тіліне аудара салады. Шетелден де хабарлама бірден орыс тіліне тәржімаланған күйде келеді.

2026 жылдың сәуір айының басындағы жағдай бойынша, BiP-дің бүкіл әлемдегі танымалдылығы күрт өсуде. Google Play-де дүниежүзі бойынша жүктеулердің жалпы саны 110 миллионнан асты.

Сервис 192 елде, соның ішінде туристік тартымды мемлекеттерде жұмыс істейді. Ол Ресейде VPN-сіз қолжетімді. Осы орайда атап өтпеске болмайды: Түркия баламалы шешімдерге сұраныс жоғары аймақтарда цифрлық қатысуын жүйелі түрде өрістетіп, "жұмсақ күшін" құрып жатыр. Бұл кездейсоқ емес, ойластырылған стратегия жемісі.

Америкадан – "інішек", Кореядан экзотика

Ресейде App Store-дан ең көп жүктелу бойынша үшінші орынға imo.im сервисі көтерілді. Бұл аудио және бейне қоңырауларға және мәтіндік хабарламалармен алмасуға арналған қосымша. Жобаны Google-дың тұңғыш инженерлерінің бірі Джордж Хариктің жетекшілігімен американдық Пало-Альто әзірлеушілер командасы жасаған. Негізгі артықшылығы – тіпті нашар интернетте де (2G/3G) жұмыс істей береді. Бұл байланыс сапасы нашар жағдайда оны ыңғайлы етеді, деді ресейлік "Толк" өнім тобының жетекшісі Андрей Нестеренко.

Mediascope деректері бойынша 2025 жылы бұл мессенджер Ресейде танымалдылығы бойынша бесінші болса, ал, 2026 жылы үшінші орынға көтерілді. Желтоқсандағы жағдай бойынша онда РФ-тан 10 миллионға жуық пайдаланушы болған.

"Трайв Технолоджис" ЖШС серіктестік желісінің жетекшісі Наталья Гурееваның әңгімелеуінше, ресейліктердің көбі байланыс үшін жақын-жуық, жора-жолдас, тамыр-танысына imo контактісін ұсынып, соған шақыра бастаған. Мұны "Роскомнадзор" байқап қалыпты.

"Әзірге IMO Ресейде VPN-сіз жұмыс істеп тұр. Бірақ наурыздың ортасына қарай жұмыс жылдамдығы айтарлықтай төмендетілді. Роскомнадзор тарапынан бұл сервисті жасанды түрде баяулату белгілері байқалады. Компания ұшынан ұшына шифрлауды қолданатынын мәлімдеді. Бірақ бастапқы коды жабық, ал, функцияға тәуелсіз тексеру жүргізілмеген", – деп жазды reminder.media.

Төртінші орында – Threads. Бұл қосымша RuStore-да (Android-қа арналған ресми ресейлік қосымшалар дүкені) ұсынылмаған, өйткені Threads – Ресейде "экстремистік ұйым" деп танылған Meta компаниясының өнімі. Сол себепті, қосымша ресми ресейлік дереккөздерде жоқ. Ресейлік пайдаланушылар оны App Store (Apple) немесе Google Play (Android) арқылы VPN және шетелдік аккаунттарды пайдалана отырып жүктейді немесе үшінші тарап көздерінен алынған APK файлдарын орнатады.

Ресейдегі Apple қосымшалар дүкенінде танымалдылығы бойынша бесінші орынды оңтүстік кореялық экзотика – KakaoTalk мессенджері иеленуде. RuStore-да бұл қосымша 40 мыңнан астам рет жүктелген. Интерфейсі орыс тіліне аударылған. Кореялық эстетика мен тұрақтылық Ресейдегі тұрақты бұғаттаулардан шаршағандар үшін жақсы антидепрессант болып шықты.

KakaoTalk 2010 жылы іске қосылды. Оңтүстік Кореяда ол іс жүзінде барлық мессенджерді алмастырды: "Таң самал елінде" смартфондардың 90%-дан астамында сол қолданылады. Әзірлеушілердің дерегінше, бүкіл әлем бойынша жүктеулердің жалпы саны 150 миллионнан асты. Сервис стандартты функциялар жиынтығын ұсынады: мәтіндік хабарлама, кескіндер мен стикерлер жіберу, топтық чаттар, арналар, дауыстық және бейне қоңыраулар.

РФ-тағы қарапайым пайдаланушылар бұғаттаудан көз аша алмай жатқан Telegram-нан жаппай кетіп жатқанда, бизнес пен маркетологтар басқа тактиканы ұстанып отыр: 2026 жылдың 1 қаңтары мен 22 наурызы аралығында жарнама берушілер Telegram-да қарқынын арттырып, 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 37,5%-ға көп жарнамалық жарияланымдар орналастырған.

Сонымен қатар, "сәуір айында Ресейде Телеграм бұғатталады" деген алғашқы жаңалықтардан кейін жарнама берушілердің жарияланымдарының саны одан сайын артты. Бұл – белгісіздік жағдайындағы мінез-құлықтың классикалық моделі: ресурс толығымен естелікке айналып, тарих еншісінде қалғанға дейін бизнес оның бүкіл әлеуетін барынша пайдаланып қалуға, осы мессенджерде әзірге қалған ондаған миллион ресейлікке брендін танымал етіп үлгеруге жанталасуда.

Жалпы алғанда, қазақстандық цифрлық өнімдердің, соның ішінде отандық мессенджерлердің 140 миллионнан аса тұтынушысы бар көрші нарықтың айдынына еркін бет түзейтін шағы туды. Дәл қазір – мүмкіндік пен мезет тоғысқан, сәті түсіп, бағы жанатын кезең. Оның үстіне Мәскеу іргелес отырған айнымас одақтасының төл туындысын "қара тізімге" іліктіруге бата қоймайтын шығар.  

Алайда көршілес нарықтың қақпасын айқара ашуда Қазақстан өнімдері тарапынан қайратты талпыныс байқалмайды. Ішкі кішкентай нарықты игергеніне мәз. Түрік ағайындай, тарихтың өзі ұсынып отырған теңдессіз мүмкіндікті пайдалану орнына, оңтайлы шақтың туын жығып, қолын мезгілінен кеш сілтейін деп тұрғандай.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу