Түркия президенттігіне үміткерлер қандай уәде беріп отыр?

2438

Олар сайлауалды бағдарламаларын жариялады. 

Түркия президенттігіне үміткерлер қандай уәде беріп отыр? Фото: inbusiness.kz

Жақында Режеп Тайып Ердоған "АК" партияның сайлауалды бағдарламасын ұсынды. Онда адам құқықтары, технологиялар, білім, денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы салалары бойынша бірқатар маңызды жоспарлар бар. Inbusiness.kz сайтының Анкарадағы тілшісі кандидаттардың сайлауалды бағдарламаларына шолу жасап шықты. 

Ердоған зілзала аймағында бір жылда 650 мың үй салмақ

"АК" партияның сайлауалды бағдарламасы 17 бөлімнен тұрады. Алғашқысы "Табиғи апаттар кезіндегі тәуекелдер мен дағдарыстарды басқару" деп аталады. 6 ақпанда Түркияда болған жер сілкінісі осы саладағы кемшіліктерді ортаға шығарды. Сондықтан болар Ердоған "Табиғи апаттарға төзімді Түркия" деп аталатын бөлімде апаттарға дайындық пен басқарудың біртұтас жүйесін құру үшін ұлттық модел енгізбек. Осылайша Түркия табиғи апат түрлеріне төтеп беруге дайын болады.  

Ал "Ғасыр апаты" бөлімінде жер сілкінісінен зардап шеккен қалаларды қалпына келтіру қарастырылған. Ол жақта мектептер, мешіттер, ауруханалар, базарлар, саябақтар және спорт алаңдары салынады.

Сонымен қатар президент бір жылда зілзала аймағында 650 мың үйдің құрылысын аяқтауға уәде берді. Бұдан былай қауіпті аймақтарда салынатын тұрғын үйлер 3 немесе 4 қабатты болады.

Айтпақшы, ақаулық сызықтарда құрылыстың алдын алу үшін "Табиғи апаттар және ақаулар туралы" заң қабылданады.

2028 жылы жан басына шаққандағы табыс 16 мың долларға жетеді

Ердоған партияның сайлауалды бағдарламасында экономика саласына да тоқталды.

"Біз 2024-2028 жылдар аралығында жылдық орташа өсімді 5,5 пайызға жеткізіп, 2028 жылдың соңына қарай ұлттық табысты 1,5 триллион долларға және жан басына шаққандағы табыс деңгейін 16 мың долларға жеткізуді жоспарлап отырмыз", - деді ол.

Егер 14 мамырдағы сайлауда жеңіске жетсе, жаңа құрамда мықты экономикалық команда жұмыс істейтінін де тілге тиек етті.

2022 жылдың соңында 32 миллионды құраған жұмыспен қамтуды шамамен 6 миллионға дейін арттырып, 2028 жылдың соңына қарай 38 миллионға жеткізбекші. Жұмыссыздық деңгейі 7 пайыздан да аз болуы көзделген.

2022 жылдың соңында 254,2 миллиард долларды құраған экспорт көлемін 2028 жылы кем дегенде 400 миллиард долларға дейін арттыру жоспарда бар.

Туристік Түркия елге келетін туристер санының 90 миллионға дейін жеткізбекші. Ал жалпы кіріс 100 миллиард долларға дейін өседі деген болжам бар.

Инфляцияны бір таңбалы сандарға дейін төмендетпекші.

 "АК" партияның сайлауалды декларациясының тағы бір маңызды тармағы мемлекеттік қызметкерлерді жұмысқа алуға қатысты болды. Президент Ердоған мемлекеттік қызметке жұмысқа алу кезінде әңгімелесу кезеңі тоқтатылатынын мәлімдеді.

Сайлауалды бағдарламада отбасына да көңіл бөлінген. "Отбасын қорғау" бағдарламасы аясында үй шаруасындағы әйелдердің зейнеткерлікке шығуына қолдау көрсетеді, әр отбасында кем дегенде бір адам жұмыспен қамтамасыз етіледі, әсіресе жастардың үйленуі үшін жағдай жасалады.

Ол үшін екі жыл ішінде өтеусіз 48 ай мерзімге отбасылық және жастар банкі арқылы жас жұбайларға 150 мың лира мөлшерінде пайызсыз несие беріледі.

Ердоған университет студенттерін де назардан тыс қалдырмады. Оларға арналған "Жастар картасы" қосымшасы іске қосылады. Осы карта арқылы театр, кино сияқты мәдени іс-шараларға тегін немесе жеңілдікпен кіру мүмкіндігіне ие болады. Мұнымен қоса жоғары білім саласындағы жастар бір реттік ұялы телефон мен компьютерлерді сатып алу кезінде салықтан босатылады. Сонымен қатар университет студенттері ай сайын 10 ГБ тегін интернетпен қамтамасыз етіледі.

Бұдан бөлек, президент аэроғарыш өнеркәсібі, жасанды интеллект, биотехнология, синтетикалық биология, вакцина, фармацевтика және медициналық құрылғылар секторларында мега-инвестициялық жобаларды іске асыруға ниетті екенін жеткізді.

Ұлт альянсы: Босқындарды елдеріне қайтарамыз

Алты партиядан құралған Ұлт альянсы сайлауалды бағдарламасын қаңтар айында жариялаған. Ол "Дағдарыстан шығудың жолы" деп аталады. Мәтін 9 негізгі тақырыптан, 75 тақырыпшадан және 2300-ден астам уәдеден тұрады.

Diken.com сайтында Ердоған мен Кылычдароғлуның сайлауалды бағдарламаларында ұқсастықтар бар екенін жариялады. Мәселен, Ұлт альянсы 6 мен 25 жас арасындағы азаматтарға айына 5 ГБ көлемінде тегін интернет беруді қарастырса, "АК" партия болса жоғарыда жазғанымыздай 10 ГБ-тан беруге уәде етті. Сонымен қатар мемлекеттік қызметкердің қабылдау емтиханына кіру жарнасының күшін жою, жастарға тегін паспорт беру мен жатақхана төлемдерін оңтайландыруды алға тартқан. Бұдан бөлек Түркия азаматтары шетелге шыққаны үшін төлейтін төлемнің күшін жоюға уәде берді. Айта кетейік, егер бір түрік кез келген себеппен басқа мемлекетке баратын болса, белгілі бір сомада қаражат төлейді.

Сондай-ақ Кылычдароғлу жастарға жақын уақытта үй мен көлікке ие болатындарын айтты.

Сонымен қатар түркиялықтарды әбден мезі еткен босқындар мәселесін көтерді. Multeciler.org.tr деректеріне сүйенсек, бүгінде Түркияда 3,5 миллионға жуық сириялық бар. 

"Заңсыз көші-қонды тоқтатып, елдің буферлік аймаққа айналуына жол бермейміз, репатриация орталықтарының саны мен өткізу қабілетін арттырамыз, оларға жылжымайтын мүлік сатып алу арқылы азаматтық алуға рұқсат бермейміз, уақытша қорғалған сириялықтардың өз елдеріне мүмкіндігінше тезірек оралуларын қамтамасыз етеміз", - дейді Кылычдароғлу.

Президент әкімшілігінде тіркелген ұшақтарды сатып,  өрт сөндіру үшін қажет ұшақтар сатып алынады.

"Ыстанбұл каналы" жобасы қызметке кіріскен күні тоқтатылатынын және бүгінгі күнге дейін атқарылған жұмыстарға заңгерлік, экономикалық және техникалық сараптама жүргізілетіні айтылды.

8 наурыз Халықаралық әйелдер күнінде мемлекеттік және жеке секторларда жұмыс істейтін әйелдердің әкімшілік демалысқа шығуын қамтамасыз етеді.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай Ұлт альянсы атынан республикалық халық партиясының төрағасы Кемаль Кылычдароғлу үміткер. Ол бүгінде Ердоғанның басты қарсыласының бірі.

Синан Оған: Ең төменгі жалақыны 30 мың лираға (700 мың теңге) жеткіземіз

АТА альянсы атынан сайлауға түскен Синан Оған жергілікті телеарналардың бірінде отандастарын кедейліктен шығарып, ең төменгі жалақыны 700 мың теңгеге (30 мың лира) дейін жеткізуге уәде берді.

Сонымен қатар шетелге үдере кетіп жатқан жастарға тосқауыл болудың жолдарын қарастырған.

Айтуынша, егер Түркияны озық технологиялар орталығына айналдырсақ, чип өндіру орталығын салсақ, мұндағы жастарға жол ашып әрі шетелге кеткен жастардың кері қайтуын қамтамасыз етеді: "Біз университеттердегі жалықтырған түсінікті бұзамыз. Кәсіби менеджмент тұжырымдамасы аясында жаңа ректораттық жүйені енгіземіз. Жастар ертеңгі күнге үмітпен қарап, өздерін жайлы сезінетін болады. Ататүрік республиканы сеніп тапсырған жастарды жігерлі және еркін адамдар ретінде тәрбиелейтін боламыз", -  деді ол.

Айта кетейік төрт кандидаттың арасында ең жасы да осы Синан Оған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу