Түркия Украинадағы соғысты тоқтататын тетікті іске қосты

242

Осы арқылы Анкара қос тарапты бейбітшілікке мәжбүрлеуге ниетті.  

Түркия Украинадағы соғысты тоқтататын тетікті іске қосты Фото: ЖИ

Құрама Штаттар Түркияға өз арсеналындағы америкалық қару-жарақты Украинаға беруге рұқсат етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

 АҚШ Мемлекеттік департаменті ел Парламенті – Конгреске жолдаған құжаттарда Анкараның Киевке:

  • 12 "M270 MLRS" реактивті жүйесін,
  • 70 "M39 ATACMS" жедел-тактикалық зымыранын,
  • кассеталық оқтұмсықтары бар 2 524 дана 227 миллиметрлік "M26" басқарылмайтын реактивті снарядтарын,
  • 203 мм калибрлі "M509A1" кассеталық артиллериялық 47 мың снарядын беретіні көрсетілген. Жеткізілімнің жалпы құны шамамен 280 миллион долларға бағаланып отыр. Сандардың өзі-ақ бұл келісімнің майдандағы күштер ара-қатынасына ықпал ететін ауқымды әскери пакет екенін аңғартады.

Аталған қарудың бәрі түрік республикасының әскери қоймаларында сақтауды. Бірақ олар кезінде АҚШ-та өндірілгендіктен, Түркия оны өз бетімен өзгеге табыстай алмайды: үшінші елге беруге Вашингтонның келісімін алуы шарт.

Өз кезегінде Трамп әкімшілігі Ердоған досына бірден ақ батасын бере алмайды: депутаттарының наразылығының бар-жоғын білуі керек. Осы мақсатта АҚШ Мемлекеттік департамент тиісті құжаттарды тамыздың басында Конгреске ұсынды.

Мұнда бір қызықты "гәп" бар. Америкалық заң шығарушыларға бұл ресми хабарламаны қарау үшін 15 күн беріледі. Егер қарсылығы болса, осы мерзім ішінде Сенат пен Өкілдер палатасы мәмілеге тосқауыл қоятын бірлескен қарар қабылдауға тиіс. Әйтпесе, рұқсат автоматты түрде күшіне енеді.

Ал, Өкілдер палатасы 31 тамызға дейін, Сенат 14 қыркүйекке дейін каникулда. Демек, олардың осы қысқа мерзімде төрт көзі түгел жиналып, ортақ қарсылықтарын білдіруі екіталай. Америкалық конгресмендер үшін күн тәртібіндегі басты басымдық – натолас одақтасына қарсылықты рәсімдеу емес, АҚШ-тағы алдағы сайлауға дайындық. Олай болса, Анкараның өтініші Атлант мұхитының ар жағында қарсылықсыз өтуі ықтимал. Кейде халықаралық саясатта үнсіздік те шешімнің бір түріне айналады.

Конгреске енгізілген құжаттарда мұндай жеткізілімнің америкалық қауіпсіздіктің мақсаттарына толық сай келетіні жазылған. Түркия үшін де бұл қадамның өзіндік пайдасы бар: ескіріп қалған атыс жүйелері мен оқ-дәрілер қорын қысқартып, арсеналын жаңғыртады және техникалық қызмет көрсету шығындарын оңтайландырады.

Украина да ұтқан тараптың қатарында болар еді: алынған қаруды шабуылда да, қорғаныста да пайдаланып, атыс қуатын күшейте алады. Яғни, бір қару үш елдің үш түрлі стратегиялық мүддесін тоғыстырып отыр.

Келісім күшіне енгеннен кейін қару тасымалын түркиялық MKE A.S., ASFAT және ARCA Savunma компаниялары, болгариялық VTIC International Ltd. жеке компаниясы және америкалық Pansophico мен Patriot Defense Group мердігерлері жүзеге асырады.

ATACMS – терең тылға бағытталған соққы

"Милитарный" басылымының мәліметінше, Украинаға берілгелі тұрған M39 ATACMS зымырандары 165 шақырымға дейінгі нысаналарды ұра алады. Оның автономды инерциялық бағыттау жүйесі лазерлік гироскоптарға негізделген және GPS арқылы қосымша түзетуді қажет етпейді.

Зымыранның 560 келілік кассеталық оқтұмсығында адам күшін, сауытталмаған техниканы, әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдарын және басқа да аумақтық нысаналарды жоюға арналған 950 M74 субоқдәрісі бар. M39-дың салыстырмалы түрде төмен дәлдігі кассеталық оқтұмсықтың кең аумақты қамту қабілетімен өтеледі. Соғыста кейде нысананың дәл ортасын емес, оның айналасындағы кеңістікті отқа орау маңыздырақ.

"M270 MLRS жүйелерінің ерекшелігі – олардың ATACMS-пен қатар жоғары дәлдіктегі GMLRS реактивті снарядтарын да қолдана алуы. Ал, 227 мм M26 DPICM кассеталық снарядтары HIMARS пен M270 жүйелерінен атылады. Оның бәрі Украинада бар. 203 мм M509A1 кассеталық артиллериялық снарядтары тіпті кеңестік 2С7 "Пион" өздігінен жүретін артиллериялық қондырғыларында пайдаланылуы мүмкін. Демек, жаңа пакет бір ғана қару түріне емес, әртүрлі атыс құралдарын бір арнаға біріктіретін кешенді мүмкіндік береді", – деп жазды "The Moscow Times".

70 ATACMS-тың маңызы да осында. Олар майдан шебіндегі жекелеген нысандардан гөрі оперативтік тереңдіктегі, яғни, Ресей тылындағы маңызды объектілерге жойқын соққы бере алады. Нақтылағанда, әскерилер шоғырланған орындар, казармалар, аэродромдар, оқ-дәрі қоймалары, басқару пункттері, артиллериялық позициялар, көлік тораптары және жекелеген әуе қорғанысы элементтері – қауіп аймағында. Қысқасы, 70 зымыранның салмағы санында емес, соғыс кеңістігін тереңдетуінде.

Кассеталық оқ-дәрі – күзгі мобилизацияға жауап па?

Түркияның Украинаға M26 және M509A1 кассеталық оқ-дәрілерін тапсыруға ұмтылысының мәнісі Ресейде күтіліп отырған жаңа мобилизация аясында түсініктірек бола түседі. Ресейдің "Meduza", "Важные истории" және "Верстка" басылымдарының бірлескен зерттеуінде Мәскеуде күзгі мобилизацияға дайындық жүріп жатқанына қатысты бірнеше дерек келтірілген.

Олардың дереккөздері Ресей әкімшілігі мен күш құрылымдарының қабырғасында жаңа мобилизацияға дайындық басталып жатқанын хабарлады. Ықтимал мерзімдердің бірі – Мемлекеттік дума сайлауынан кейінгі қазан айы. Бұл шара 2021 жылғыдай елді жаппай шошытпау үшін ресми түрде "мобилизация" деп аталмайды.

Оның үстіне мобилизация жасырын жүреді: сондықтан дайындық шаралары бірнеше айдан бері жүргізіліп келеді. Болжамдардың бірінде Ресейдің Донбасты толық басып алу үшін майданға 500 мыңнан 800 мың адамға дейін жұмылдыруы мүмкін екені көрсетілген.

Осы қалың қол қаптаса, бірде бір бекініс шыдас беріп тұра алмауы мүмкін. Сол себепті, украиналық әскери сарапшылар кассеталық оқ-дәрілердің басты артықшылығын осы қаптаған жаяу әскер шабуылдарын жаппай жойып, жолай тоқтатудан көреді.

Militarnyi зерттеуінде украиналық әскери қызметшілер ірі ресейлік жаяу әскер топтарының шабуылдарын FPV-дронмен тоқтату күрделі болатынына назар аудартады. Өйткені беспилотник операторлары қазірдің өзінде шамадан тыс жүктелген. 1 оператор белгілі бір уақыт аралығында 1 ғана аппаратты басқара алады, ал, ондаған жауынгерден тұратын шабуыл тобын тек төбеден қарша бораған кассеталық оқ-дәрі ғана тоқтата алуы мүмкін.

Кейбір әскери бағалаулар бойынша аталған оқ-дәрі жеткілікті болған жағдайда осындай жаппай шабуылдардың 60–70%-ын окоптар мен бекіністерге жеткізбей-ақ тойтаруға мүмкіндік болады, деп жазды "Военная правда".

Wall Street Journal басылымы америкалық DPICM оқ-дәрілерінің Украинадағы қолданылуын сипаттай келе, олардың ресейлік жаяу әскер шоғырларына, техника топтарына және басқа да аумақтық нысандарға қарсы бұрын тиімді пайдаланылғанын еске салды.

Сондықтан ықтимал жаңа ресейлік мобилизация Украинаға тек командалық пункттер мен қоймаларды дәл соғатын қаруды емес, майданға жиналған үлкен адам және техника массасын тез арада талқандауға қабілетті оқ-дәріні де қажет етеді. M26 DPICM мен M509A1 дәл осы міндетке бейімделген. Соғыс ұзаққа созылған сайын қарудың саны ғана емес, оның қандай нысанаға қарсы қолданылатыны шешуші мәнге ие болады.

Мұның Түркияға қажеті қанша?

Бұл келісімнен Түркия ұтады. Америкалық ескі M270/M39 атыс жүйелері мен оларға арналған оқ-дәрілер уақыт өте келе түрік әскери өнеркәсібі жасап жатқан жаңа зымырандық жүйелердің көлеңкесінде қала бастады.

Сондықтан көнерген америкалық қаруды Украинаға сату арқылы Анкара әскери қоймаларындағы ресурстарын босатып, Қарулы күштерін жаңғыртуға мүмкіндік алады.

Бұдан бөлек, Мармара университетінің профессоры Ілияс Кемалоғлудың пікірінше, Түркия Ресейдің қақтығысты одан әрі ушықтыруына – эскалациялауына жол бермеуге тырысады. Сарапшы бұған дейін Түркияның сыртқы істер министрі Хакан Фиданның соғыстың, әсіресе Қара теңіз аймағында одан әрі кеңеюіне кедергі жасау қажеттігін мәлімдегенін еске салды.

"Бұл қарулы қақтығысты өршіте бермей, дереу доғару керек. Егер Украина әлсіресе, Ресей тек алға жылжуға құнығады. Соғыс ауыртпалығы Украина аумағымен шектелмейді: шиеленіс Қара теңіздегі кеме қатынасына және энергетикалық қауіпсіздікке қатер төндіре бастады. Биылғы маусымда Қара теңіз жағалауында түркиялық балық аулау кемесіне шабуыл жасалды. "Түрік ағыны" газ құбырына қуат беретін нысандарға дрон шабуылдары кезең-кезеңімен жасалады. Сондықтан Анкараның бұл бастамасы аймақтық қауіпсіздік тұрғысынан да уақытылы қадам ретінде бағаланады", – деді Ілияс Кемалоғлу.

Түркия үшін Украинаның соғыстан кейінгі тағдыры да маңызды. Бітімнен кейінгі қалпына келтіру мен қауіпсіздік кепілдіктері мәселесінде Анкара маңызды рөл атқаруға дайын екенін білдіріп келеді. Соғыс жүріп жатқанына қарамастан, Түркия мен Украина арасындағы сауда көлемі тарихи межеге – 6,6 миллиард долларға жетті.

Украина Парламенті Түркиямен "Еркін сауда туралы келісімді" Хакан Фиданның 15–16 шілдедегі сапары қарсаңында ратификациялады. Бұл экономикалық байланыстардың жаңа деңгейге шығуына жол ашады. Түрік компаниялары соғыстан кейінгі қалпына келтіру мен инфрақұрылымдық жобаларға қатысуға әзір. Сонымен қатар сенімді астық саудасын қамтамасыз ету мәселесі де түрік дипломатиясының күн тәртібінде тұр.

Түркия тарапы Ыстамбұлдағы РФ–Украина келіссөздерінің алдағы айларда қайта жандануы мүмкін екені туралы болжамын жариялады. Түріктің ресми өкілдері Украинаның аумақтық тұтастығын қолдайтынын үнемі айтып келеді, бірақ Анкара Мәскеумен ынтымақтастық арнасын да сақтап отыр. Бұл – Түркияның сыртқы саясатындағы дәстүрлі тепе-теңдікке ұмтылыстың көрінісі.

НАТО елдері болса, Ресейдің келіссөз үстеліне бүкіл Донбасты басып алып, салмақты әскери жеңіске жеткен тарап ретінде отырғанын қаламайды. Сондықтан Түркияның әскери қолдауы бір мезетте майданға да, дипломатиялық үстелге де бағытталған құралға айналуы мүмкін.

Осылайша, Түркияның бұл қадамының мәні Украинадағы соғыс аясынан әлдеқайда кең. Анкара Қара теңіздің қауіпсіздігіндегі рөлін күшейтіп, НАТО ішіндегі стратегиялық салмағын арттыруға ұмтылуда. Сонымен қатар америкалық қарудың ескі үлгілерін беру арқылы өз арсеналын жаңғыртуға мүмкіндік алады. Еуропалық қауіпсіздік жүйесінде Түркияның маңызы өскен сайын оның әскери көмегі де дипломатиялық капиталға айналады.

Нәтижесінде, түріктің әскери көмегінің астарынан үш мақсат аңғарылады: біріншісі – Украинаға Ресей армиясының күзгі ықтимал күшеюіне төтеп беруге көмектесу. Екіншісі – ұзаққа созылған соғыста іргедегі Киевтің атыс қуатын арттырып, адам санындағы тапшылықты техника мен оқ-дәрі сапасы арқылы өтеу. Үшіншісі – Түркияның Еуропа мен Қара теңіз қауіпсіздігі жүйесіндегі стратегиялық рөлін күшейту болса керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу