Түркия Ыстамбұлдағы ТМД мигранттарының санын шектеуге кірісті

1895

Бірақ уақытша және тұрақты тұруға ықтиярхат беру жалғасады. 

Түркия Ыстамбұлдағы ТМД мигранттарының санын шектеуге кірісті Фото: fbm.ru

Кеше халықаралық ақпарат агенттіктері Ыстамбұлда шет мемлекеттердің азаматтарына тұру ықтиярхатын беру уақытша тоқтатылғанын хабарлаған болатын.

Түрік Республикасының Ішкі істер министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Бұл туралы ІІМ Көші-қон мәселелері жөніндегі департаменті Твиттердегі парақшасында мәлімдеді. Оның түсіндіруінше, шетелдіктерге "тұруға ықтиярхаттың бастапқы түрін" (ВНЖ) беруге Ыстамбұлдың барлық аудандарында тыйым салынған жоқ.

"Тұруға ықтиярхаттың бастапқы түрін беру үшін Ыстамбұлдың барлық 39 ауданының жабылғаны туралы хабарлар шындыққа жанаспайды. Ықтиярхат беру үшін жабылған аудандардың саны 10 ғана", — делінген мәлімдемеде.

Оның үстіне олар дәл қазір жабылып отырған жоқ: он аудандағы шектеулер былтырғы 2022 жылғы қазан айынан бастап күшіне еніпті.

Бұған бір жағынан өткен жылғы 21 қыркүйекте Ресейде мобилизацияның басталуы себеп болғанға ұқсайды. Сонда соғысқа алынудан қашқан миллионнан астам ресейлік Қазақстанға, Грузияға және Арменияға лап қойды. Бірақ бұл елдердің бәрі Ресеймен өзара қылмыскер алмасады. Содан ауқаттылары ары қарай Түркияға ауды.

Түркияда тұратын ресейлік журналист, кәсіпкер, видеоблогер Глеб Пьяныхтың айтуынша, салдарынан бүкіл Түркиядағы, әсіресе Ыстамбұлдағы баспана бағасы шарықтап шыға келді. Бұрын 70-80 мың доллар тұрған 1,5 бөлмелі пәтерлердің құны 250 мың долларға шығандаған.

"Еуропа мен Азияның түйіскен тұсындағы бұл алып қала РФ азаматтарын бекер қызықтырып отырған жоқ. Орыстар негізінен, түріктерді суқаны сүймейді. Тарихи жад бар, ұзақ ғасырлар бойы үздіксіз соғыстық қой. Бұл тұрғыдан алғанда Ыстамбұл – барынша еуропаланған қала. Ондағы атмосфера да өзгеше. Орыс диаспорасы көп. Содан түрік билігі орыстардың бір жерде шоғырлана тұруына жол бермеу үшін түрлі шара қабылдауда", – деді ол.

Осы орайда шетелдіктерге тұруға ықтиярхат беру үшін түркиялық ІІМ Көші-қон мәселелері жөніндегі департаментінің қандай аудандарды жауып отырғаны назар аудартады.

Жатжұрттықтарға қатысты шектеу қаланың келесі аудандарына таралып отыр: Зейтинбұрну, Башакшехир, Фатих, Эсенюрт, Авджилар, Бахчелиэвлер, Багджилар, Эсенлер, Кючюкчекмедже, Сұлтанғази.

Бұлардың бірде бірі мегаполистегі ең салтанатты аудандардың ондығына кірмейді. 2022 жылы Ыстамбұлдағы шаршы метрінің саудадағы құны жөнінен ең қымбат, элиталы аудандарына:

  • Бешикташ (бір шаршы метрдің бағасы орта есеппен $3 080, бір жылда +188,64% қымбаттады),
  • Сарыер ($2 970, +184,41%),
  • Кадыкёй ($2 150, +186,11%)
  • Бакиркой ($2 080, +172,09%)
  • Бейкоз ($1 780, +164%)
  • Шишли ($1 610, +259,39%)
  • Ханзада аралдары ($1 590, +133,18%)
  • Бейоғлу ($1 340, +231,93%)
  • Аташехир ($1 310, +267,87%)
  • Ускюдар ($1 300, +244,93%) жатқызылды.

Imtilak Real Estate мамандарының түсіндіруінше, былтыр тұру ықтиярхатына шектеу енгізілген 10 ауданның бәрі элиталық саналмайды, керісінше, оларда кедейлер көп тұрады. Баспана арзандау болғандықтан, шетелдіктер соларға үйір.

Енді ол аудандарда жылжымайтын мүлік алған шет мемлекеттердің азаматтары Түркияда тұруға ықтиярхат ала алмайды.

"Ыстамбұлдағы тұрғын аудандары бір-бірінен қатты ерекшеленеді. Оның бірі табиғи сұлулығымен, жасыл желекке көмкерілуімен қызықтырса, басқасы қалалық инфрақұрылымының тығыз орналасуымен тартымды. Экономикалық жаңғыру жүріп, жаңа жобалар табысты жүзеге асырылып жатқан аудандар да жұмыс іздеген шетелдіктердің назарын аудартады. Салдарынан Ыстамбұлдың біраз ауданында шетелдіктердің үлесі 20 пайыздан асып кетті. Бұл жатжұрттықтардың бір жерде шоғырлана, жинақы тұруы өлшемшарттарына сәйкес келеді. Таза орыстілділердің, қытайлардың, ирандықтардың немесе басқаларының аудандары пайда болғаны, әрине, қауіпсіздікке нұқсан келтіреді. Сондықтан мемлекеттің мұндай қадамдарын құптаймыз. Біз бұл аудандардағы жылжымайтын мүлікті өз клиенттерімізге ұсынбайтын боламыз", – деді жергілікті риелтор Мирач.

Негізі, Түркия жалғыз Ыстамбұлда ғана емес, бүкіл ел бойынша шетелдіктер арасында шектен тыс танымал аудандар мен қалаларды тұру ықтиярхаты үшін жауып тастап жатыр.

Сарапшылардың түсіндіруінше, заңнамаға енгізілген түзетулерге сай, 2022 жылғы 1 шілдеден бастап, республиканың әрбір ауданында тұратын шетелдік резиденттердің үлесі 20%-дан асып кетпеуі шарт. Бұрын бұл квота сол аудан тұрғындарының 25%-ын құрайтын.

Бұл шектеу бірінші кезекте Ресей, Украина, Иран, Ауғанстан, Сирия, Ирак сияқты ТМД, Таяу Шығыс елдерінен тасқындаған мигранттар легіне тосқауыл қоюға бағытталған екен.

Қабылданған шаралар аясында былтырдан бері Түркияның бірқатар провинциялары мен қалалары жылжымайтын мүлікті сатып алуы немесе жалға алуы негізінде шетелдіктерге тұру ықтиярхатын беруге шектеу енгізе бастады.

Мұны былтыр Түркияның ішкі істер министрі Сулейман Сойлу растады. Тыйым тек тұру ықтиярхатын бастапқы, бірінші рет алушыларға таралады. Ал аренда бойынша икаметті (Түркияда тұратын шетелдіктің жеке куәлігі) және TAPU-ды (Түркияда меншігіңізде жылжымайтын мүлкіңіз барын растайтын құжат) ұзартуға мүмкіндік бар.

Жалпы алғанда, Түркияда тұру ықтиярхаты үшін 1169 аудан жабылды. Оларда тұрып жатқан шетелдіктердің үлесі 20% нормадан асып кеткен.

Inbusiness.kz анықтамасы: Түркияда тұру ықтиярхаты үшін жабылған аудандар:

  • Ыстамбұлда: Эсеньюрт, Шиле, Фатих, Бахчелиэвлер, Авджылар, Кючюкчекмедже, Эсенлер, Башакшехир, Багджылар, Сұлтанғази, Зейтинбұрну, Бешикташ, Сарыер, Умрание, Бейоғлу, Шишли.
  • Анталияда: Дөшемеалты, Коньяалты, Муратпаша.
  • Анкарада: Бейпазары, Ешилоз, Мамак, Полатлы және Алтындагтың барлық аудандары.
  • Мерсинде: Акдениз, Эрдемли, Гүлнар, Мезитли, Силифке, Тарсус, Телец, Енишехир/Мерсин.
  • Аланияда: Каргыджак, Махмұтлар, Кестел, Авсаллар.

2022 жылғы дерек бойынша Түркияда кем дегенде 5,4 миллион шетелдік тұрақты тұрып жатыр. Уақытша тұратындары немесе тұру ықтиярхатын алуға баспана алмағандары бұдан бірнеше есе көп. 

Бір ғана Ыстамбұлда кем дегенде 1,2 миллион шетелдік тұру ықтиярхатын алған. Бұл осы мегаполис тұрғындарының 8%-ы.

Жалпы, Қазақстан да Түркияның осы тәжірибесін үйренгені абзал. Әйтпесе, республикада этностар шоғырлана, жинақы тұрып жатқан аудандар жетерлік. Олар ұлттық анклавтарға айналып кетпегені абзал.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу