Түркияда оппозиция билікке келсе, түркі мемлекеттері арасындағы байланыс әлсіреуі мүмкін

4012

Екі аптадан кейін Түркияда президент сайлауы өтеді.

Түркияда оппозиция билікке келсе, түркі мемлекеттері арасындағы байланыс әлсіреуі мүмкін Фото: inbusiness.kz

14 мамырда Түркия халқы 13-ші президентін сайлайды. Бүгінде 4 кандидат үгіт-насихат жұмыстарымен қалаларды аралап, халықпен кездесіп, уәделерін үйіп-төгуде. Қазіргі президент Режеп Тайып Ердоғанның қарсыластары кімдер және олардың ұстанымы қандай? Сондай-ақ сайлаудан кейін Түркияны не күтіп тұр? Inbusiness.kz сайтының Анкарадағы тілшісі осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.

Ердоғанның қарсыластары кімдер?

13-ші президенттікке үміткерлердің аты-жөнін Түркияның жоғары сайлау комитеті әліпби ретімен ұсынды. Олар: Кемал Кылычдароғлу, Мухаррем Инже, Режеп Тайып Ердоған және Синан Оған.  

Кемал Кылычдароғлу - Ердоғанның басты қарсыласы. Сайлауалды жүргізілген сауалнамаларда қазіргі президенттен аз пайызбен болса да алда келеді. 6 опозициялық партиядан құралған "Ұлт" альянсы атынан сайлауға түсіп отыр. Әрі ол 1923 жылы 9 қыркүйекте Ататүрік негізін қалаған республикалық халық партиясының төрағасы.

Кемализм идеологиясын ұстанатын кандидаттың жасы 74-те. Ол әр жылдары Түркияның қаржы министрлігінде, кірістер басқармасында, еңбек және әлеуметтік қауіпсіздік министрлігінде қызметтер атқарған. Сонымен қатар университетте сабақ берген. 1999 жылы зейнетке шыққан. Одан кейін саяси аренаға шыға бастады. 2002 жылдары Ыстанбұл депутаты ретінде парламентке барды. 2010 жылы 22 мамырда республикалық халық партиясының төрағасы болып сайланды.

Кылычдароғлу президент сайлауында жеңіске жетсе парламенттік басқару жүйесін қайтаратынын мәлімдеді. Сонымен қатар конституцияны өзгертуге, президенттің өкілеттіктерін шектеуге, билікті орталықсыздандыруға, құқықтар мен бостандықтар үшін күресуге, сыртқы саясатты Батысқа бағыттауға уәде берді.

"Мен Кемал, Түркияның барлық мәселесін шешу үшін билікке келемін"

Осылай деп ұрандатқан Кылычдароғлу босқындарды елдеріне қайтаруға асық. Халыққа президент тағына отырған күннен-ақ осы мәлені қолға аламын деп уәде беріп отыр. Себебі босқындар Түркиялықтарың жанды жері десе де болады. "Дағдарыстан шығудың жолы" деп аталатын сайлауалды бағдарламада "Заңсыз көші-қонды тоқтатып, елдің буферлік аймаққа айналуына, жылжымайтын мүлік сатып алу арқылы азаматтық алуға жол  бермейміз, уақытша қорғалған сириялықтардың өз елдеріне мүмкіндігінше тезірек оралуларын қамтамасыз етеміз" делінген.

Бұдан бөлек жастарға үй мен көлікті уәде етті.

Кемал Кылычдароғлу 18 сәуірде сөйлеген сөзінде: "Мен Лондондағы Түркияға инвестиция салатын орталармен сөйлесіп, олардан 300 миллиард доллар инвестиция уәдесін алдым", - деді. Бұдан кейін Түркиялық БАҚ бұл тақырыпты жарыса жазды. Стратегиялық зерттеулер институтында жарияланған мақалада былай делінген:

- Республикалық халық партиясы мен Кемал Кылычдароғлуның ең үлкен проблемасы билікке келген кезде экономикаға қажет ақшаның қайдан келетінін түсіндіру болды. Осы мақсатта олар 2022 жылдың қарашасында Лондонға сапар ұйымдастырып, қаржылық топтармен кездесіп, сайлаушыларды үлкен көлемде инвестиция тапқанына сендіруге тырысты, - деп жазылған.

Түркияның қазіргі басшы Режеп Тайып Ердоған 69 жаста. 2003 жылдан бері осы елді басқарып отыр. 2014 жылға дейін премьер-министр болса, одан кейінгі жылдары президент лауазымында. 2014 және 2018 жылдардағы президенттік сайлауға қатысып, 51,79% және  52,59% дауыс жинаған.

Ердоған жетекшілік ететін "Әділет және даму" партиясы 2001 жылы құрылған. Алғашқы сайлауда-ақ жоғары дауыс алып, билікке келген. Ердоған 13-ші президенттікке осы партия атынан түсіп отыр. Биыл билік басында отырғанына 20 жыл. Десе де Ердоған мырза тағы да бағын сынап көруден тайынбайды. Түркияның 12-ші президенті осы сайлауда да жеңіске жететініне кәміл сенімді. Жергілікті БАҚ-қа берген сұхбаттарында "14 мамыр дастанын Республика альянсы ретінде бірге жазамыз" деп айтудан жалыққан емес.

Алайда көпшілік Ердоғанның жеңіске жетуіне күмәнмен қарайды. Халық неге Ердоғанға өкпелі? Оның бірнеше себебі бар. Біріншісі, әлсіреген экономика, бағаның қымбаттауы халықтың наразылығын тудыруда.

Түркиядағы инфляцияның өсуі мен лираның құнсыздануы миллиондаған адамдарды қаржылық күйреу шегіне жеткізді. Зауыттар, ауыл шаруашылығы және бөлшек сауда секторы да экономикалық мәселелерден қатты зардап шегуде.

Түрік лирасы 2013 жылдан бері үздіксіз құнсызданды. 2021 жылдың қыркүйегінде 1 АҚШ доллары 8 лира болса, қазір 19 лираның айналасында. Сайып келгенде ақшаның құнсыздануы инфляцияға жол ашады. Шетелден әкелінетін өнімдер қымбаттайды.

Тағы бір фактор - пайыздық мөлшерлемелер. Экономика жылдам өскен кезде пайыздық мөлшерлемелерді орталық банктер экономиканы салқындату үшін жиі қолданылады. Алайда Түркияда керісінше болды. Орталық банк пайыздық мөлшерлемелерді өте төмен деңгейде ұстады және бұл экономиканың бақылаудан шығуына себеп болды дейді сарапшылар.

Бұдан бөлек босқындар мәселесі де бар. Жергілікті халық Түркияға келген Сириялықтар еліне қайтуы керек деген пікірде. Сондықтан халықтың бір бөлігі биліктің ауысқанын қалайды. Сонда ғана елде оң өзгерістер орын алады деген ойда.

Қазіргі сәтте Ердоғанның алға қойған міндеті жер сілкінісінен зардап шеккен аймақтарды қалпына келтіру. Бір жыл ішінде 650 мың үй салуды жоспарлап отыр. Осылайша зілзала болған қалалардың тұрғындарын қалыпты өмірге оралтуды көздейді. Бұл үшін жергілікті халықтан да 1 жыл уақыт сұраған.

"Мен Түркияны 300 ақылды адаммен басқарамын!"

Ал президент сайлауына үшінші үміткер 58 жастағы Мухаррем Инже. Бір кездері Кемал Кылычдароғлуның сенімді серігі болған. Ол республикалық халық партиясы атынан 2018 жылы президенттікке түскен. Сол жылғы жеңілісінен кейін ол аталмыш партиядан кетіп, "Memleket" партиясын құрды. Осылайша, уақыт өте екі саясаткердің жолы екіге айырылды. Сайлауда осы партия атынан қатысып отыр.  

Мухаррем Инже мемлекетті сауатты адамдармен басқарамын дейді.

"Оның киген киімі, ұлты маңызды емес. Тек сауатты ма, жоқ па, соған қараймын", - деп отыр.

Түркияны ақыл, әділет, адамгершілік, татулық, бейбітшілік, заң және әділдік ұғымдарымен басқаруға дайын. Болу қаласының тұрғындарымен кездесуінде былай деп уәде берді.

"Мен дереу Асадпен үстел басына отырамын. Дамаскіге елші тағайындаймын. Сириялықтарды халықаралық кепілдік беру арқылы қайтарамын. Қаулымен Түркияда шығарылған көліктердің арнайы тұтыну салығы мөлшері көлік бағасының 50 пайызынан аспайды. Түркияның ұлттық табысының 2 пайызын ауыл шаруашылығын қолдауға бөлемін. 14 мамырдан бастап мектептер ашылғанға дейін 100 мың жаңа мұғалім тағайындаймын", - деді халықпен кездесуінде.

"Ататүрк бұл елді кәрілерге емес, жастарға аманаттаған"

55 жастағы төртінші үміткердің аты-жөні - Синан Оған. Әрине, басқа кандидаттардан әлдеқайда жас. Интернеттегі мәліметке сәйкес, Әзірбайжан отбасында дүниеге келген. Ыстанбұл және Мәскеу қалаларында білім алған. Түрік тілінен басқа орыс және ағылшын тілдерін біледі. Оған 2011-2015 жылдар аралығында Түркия Ұлы Ұлттық жиналысының мүшесі болған.

Отандастарын кедейліктен шығарып, ең төменгі жалақыны 700 мың теңгеге (30 мың лира) дейін жеткізуге уәде берді жергілікті телеарналардың бірінде. Сонымен қатар шетелге үдере кетіп жатқан жастарға тосқауыл болудың жолдарын қарастырған. Айтуынша, егер Түркияны озық технологиялар орталығына айналдырсақ, чип өндіру орталығын салсақ, мұндағы жастарға жол ашып әрі шетелге кеткен жастардың кері қайтуына жағдай жасайды. "Біз университеттердегі жалықтырған түсінікті бұзамыз. Кәсіби менеджмент тұжырымдамасы аясында жаңа ректораттық жүйені енгіземіз. Жастар ертеңгі күнге үмітпен қарап, өздерін жайлы сезінетін болады. Ататүрік республиканы сеніп тапсырған жастарды жігерлі және еркін адамдар ретінде тәрбиелейтін боламыз".

Сайлаудан соң Түркияны не күтіп тұр?

Кемал Кылычдароғлуның сайлауда жеңіске жетуін Америка мен Еуропа елдері аттай қалап отыр дейді журналист әрі сарапшы Алпер Тан. Оның айтуынша егер "Ұлт" альянсы жеңіске жететін болса, онда Түркия Батысқа бет бұрып, түркі әлемінен алыстай бермек.

Кылычдароғлу билікке келсе, түркі мемлекеттері арасындағы байланыс әлсірейді

Алпер мырза, бұл сайлауда кімнің жеңіске жету мүмкіндігі жоғары? Қазіргі билік пе, әлде оппозиция ма?

Түркияда 6-шы ақпанда болған жер сілкінісіне дейін оппозициялық үміткерлердің аз да болса жеңіске жету мүмкіндігі бар еді. Зілзала болған күні-ақ оппозицияда алдағы сайлауда қазіргі билік жеңіске жетпейді деген сенім пайда болды. Алайда үкіметтің зілзала болған аймаққа барын салып жүгіруі, халықтың қайғысын бірге бөлісуі, министрлердің тұрғындардың жанынан табылуы, президенттің аймаққа жиі-жиі баруы, халықпен етене араласуын көрдік. Ал оппозиция өкілдері болса қайғыны бөлісудің орнына зілзаланы пайдалана отырып, үкіметті қаралауы, президентке күйе жағуы халықтың көзінің ашылуына себеп болды деп ойлаймын. Соңғы бір айға қарағанда "Ұлт" альянсының жеңіске жету мүмкіндігі азайып барады. Ал "Республика" альянсы керісінше алға шығуда. Осыған сәйкес президент Ердоған саяси тарихтағы ең жоғары дауыспен қайта сайлануы мүмкін. Оппозиция жеңіске жете алмайды, мен мұны сенімді түрде айта аламын.

Қазір екі басты қарсылас бар. Ердоған немесе Кылычдароғлу жеңіске жетсе Түркияның тарихы қалай өзгермек?

Бұл Кылычдароғлу мен Ердоған арасындағы сайлау емес. Еуропа мен Америка және Түркия арасындағы сайлау. Кылычдароғлуның жеңіске жетуі Еуропа мен Американың жеңіске жетуі, Түркияның қайтадан Батысқа бет бұруы, Ислам елдері мен түркі әлемінен алыстай бермек.

Ал "Республика" альянсы жеңіске жетсе Түркияның да әрі халықаралық саясатта Түркиямен байланыс орнатқан елдердің де тұрақтылығы артып жалғасатынын білдіреді. Мәселен, түркі мемлекеттері ұйымындағы бірлік күшейіп жалғасын табады. Ал оппозицияның жеңіске жетуі түркі елдері арасында бүгінге дейін атқарылған жұмыстардың әлсіреуіне, ислам елдеріне қызығушылық танытпауына, "Кылычдароғлу үкіметінің" қайтадан Батысқа бет бұруына әкеліп соғады. Біз Батысқа қанша жақындауға тырысқанымызбен Батыстың бізді қабылдауы мүмкін емес. Әрине, Батыспен де, Америкамен де арадағы байланыс жалғасады. Ал біздің негізгі жақын қарым-қатынасымыз Түркі мемлекеттері ұйымымен, ислам елдерімен болуы керек, оны сақтап қалуымыз қажет.

Сондай-ақ Түркия коммунистік партиясының бас хатшысы Кемал Окуйанның haber.sol порталына берген сұхбатында сайлауда кім жеңіске жетсе де Түркияны қиын кезең күтіп тұрғанын айтты.

Сайлаудан кейін қандай нәтиже ортаға шықса да Түркияны қиын күрес кезеңі күтіп тұр. Экономика құрдымға кетіп барады. Кім келсе де терең экономикалық дағдарыс болады. Түркияда экономикалық дағдарыстың құнын халық өтеп жатыр. Саясаттанып кеткен халық бар. Бірақ 15 мамырда бұл қызығушылық азаюы мүмкін.

"Ердоған кетеді, бәрі орнына келеді" деген үмітпен халықты алдауға да болмайды. Себебі қайталап айтамын, сайлаудан кейін кім жеңіске жетсе де Түркияны қиын күндер күтіп тұр" деді.

Британдық The Economist журналы жариялаған сараптамалық мақалада Ердоғанның алдағы сайлауда "идеологиясы әртүрлі оппозиция коалициясымен" бәсекеге түсіп жатқаны айтылып, халықтардың демократиялық партиясы "Ұлт" альянсын қолдауы да орын алды. Бұған қарамастан, Ердоған өз билігін сақтайды деп жазылған мақалада.

Сондай-ақ сараптамада Түркияның сыртқы саясаттағы ұстанымына да тоқталған. Түркияның Ресеймен қарым-қатынасының тереңдегенін білдірген The Economist журналы Ердоғанның Ресей-Украина соғысында ортақ мәмілеге келу үшін барынша тырысқанын еске салды. Бұдан бөлек Қарабақ соғысында да Әзірбайжанның жанынан табылған Ердоғанның ерлігін ұмытуға болмайды.

Сараптаманың жалғасында Ердоған сайлауда жеңіске жетсе, Швецияның НАТО жағдайы, Грекиямен қарым-қатынасы және Түркияның Сирияға қатысты саясаты өзгеріссіз қалады деп жазылған. Ал бұл жағдайда батыс елдері Ердоғанның орнына оппозицияны таңдайтыны белгілі делінген мақалада.

2013 жылы Вашингтонда конференцияда сөз алған Кылычдароғлу "Сыртқы саясаттағы орнымыз - Батыс" деген болатын. Осыдан-ақ Батыстың бүйрегі неліктен Кылычдароғлуна бұрылып тұрғанын аңғаруға болады.  

Не болса да түрік халқы 14-ші мамырда өз таңдауын жасайды. Көптен күткен сайлауда бауырлас ел өз келешегі үшін дұрыс таңдау жасайды деген ойдамыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу