Түркияда Президент сайлауы кейінге қалдырыла ма?

3953

Зілзаладан бір апта өткен соң жергілікті БАҚ-та сайлау тақырыбы қызу талқылана бастады. Inbusiness.kz сайтының Анкарадағы тілшісі осы пікірталасқа шолу жасап шықты. 

Түркияда Президент сайлауы кейінге қалдырыла ма?

Түркияда биыл Президент сайлауы заңнамаға сәйкес 18 маусымда өтуі тиіс. Қазіргі Президент Режеп Тайып Ердоған біраз уақыт бұрын берген сұхбатында сайлау 14 мамырда өткізілуі мүмкін екенін, алайда нақты шешім 10 наурызда жарияланатынын айтқан болатын. 

Бірақ 6 ақпан күн Түркияны сарсаңға салған жер сілкінісі сайлау тақырыбын ойлауға мүмкіндік бермеді. Тек бір аптадан кейін жергілікті БАҚ "Сайлау кейінге қалдырылуы мүмкін бе?" деген пікірталасты ортаға қойды. 

Партиялар не дейді?

Жер сілкінісінен кейін 9 ақпанда Газиантеп қаласына барған "İYİ" (Жақсы) партиясының төрайымы Мерал Акшенер журналистерге берген сұхбатында былай деді:  

- "Мына жағдайдан кейін сайлауға дайындық жұмыстары 14 мамырға дейін үлгереді деп айта алмаймын. Сондықтан 18 маусымға шегеріледі деген ойдамын".

Ал Республикалық халық партиясының төрағасы Кемал Қылышдароғлұ болса, сайлауды кейінге қалдыруға болмайтынын қадап айтты. Оның сөзінше, егер сайлауды кейінге шегерсе, демек билік сайлаудан қашқысы келеді деген сөз. Кей адамдар тарапынан әлеуметтік желілерде жарияланып жатқан 18 маусымдағы сайлауды кейінге қалдыру талабына қарсы екенін білдіре келе, Қылышдароғлұ конституция бойынша сайлаудың тек соғыс жағдайында кейінге шегерілуі мүмкін екеніне тоқталып: "Соғыс болмағандықтан сайлауды кейінге қалдыруға болмайды", - деді.

"DEVA" партиясының баспасөз хатшысы Ыдырыс Шахин жоғарғы сайлау кеңесі де,  Президент те сайлауды кейінге қалдыра алмайды деген пікірде. Ол 13 ақпан күні партияның бас кеңсесінде былай деп мәлімдеме жасады: 

- "Жоғарғы сайлау кеңесі де, президент те сайлауды кейінге қалдыра алмайды. Себебі бұл елдің конституциясы тұрған кезде жоғарғы сайлау кеңесінің немесе басқа да бір органның ешқандай үкімі жоқ".

Ердоған: "Сіздерден бір жыл сұраймын"

Ал 11 ақпан күні Президен әрі "AҚ" партияның төрағасы Режеп Тайып Ердоған жер сілкінісінен зардап шеккен Шанлыурфа тұрғындарымен кездесті. Сол кезде мемлекет басшысының халыққа: "Сіздерден бір жыл уақыт сұраймын" деген сөзі көпшіліктің назарын аударды.  

- "Бұл қираған құрылыстарды бір жылдың ішінде тұрғызып, қала өмірін қайтадан жандандырамыз. Сол үшін сіздерден бір жыл уақыт сұраймын", - деді Президент. 

Журналист Фатих Алтайлы m.haberturk.com-да жариялаған мақаласында алда үкіметтің сайлауды кейінге қалдыруды талап етуі мүмкін деген болжам айтады:

-        "Алдымен сайлау туралы шешім қабылданады. Содан кейін жоғарғы сайлау кеңесі 4 қалада және ішінара 6 провинцияда сайлау процесін жүргізу іс жүзінде мүмкін емес екенін хабарлап, сайлауды кейінге қалдыруды сұрайды. Осылайша сайлау кем дегенде 6 айға, мүмкін болса 1 жылға кейінге шегеріледі". 

Ал “AҚ” партияның сайлау жұмыстарына жауапты маманы Әли Ихсан Явуз "Хүрриет" (Hürriyet) газетінің журналисі Ханде Фыратқа берген сұхбатында: "Дәл қазір бұл тақырыпты қозғауға ұяламыз”, - деді. 

- "Біз қазір адамдардың өмірін құтқару үстіндеміз. Әзірге сайлау туралы ойлауға мүмкіндік болмай жатыр. Дәл қазір бұл туралы айтуға ұяламыз. Барлығымыз жер сілкінісі аймағындамыз. Бұл апатты жағдайдың ортасында бұл туралы айту – бос әурешілік".

Әзірге жоғарғы сайлау кеңесі бұл тақырыпқа қатысты ешқандай мәлімдеме жасамады. Билік тарапы да үнсіз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу