"Түркияға басып кіріңіз": Зеленскийге ақыл айтқан "Amanat" депутаты мандатын тапсыра ма

4808

Ресейдің Украинағы қарсы соғысын Қазақстан халқының ішінде айыптайтындар да, өкінішке қарай, қолдайтындар да бар. Айыптайтындар зардап шеккен елге гуманитарлық көмек жинайды, әлеуметтік желіде белсенділік танытады. Ал қолдайтындар "Ресейдің ісі дұрыс" деп ашық айта алмаса да, күңкілдеп қоятыны бар.

"Түркияға басып кіріңіз": Зеленскийге ақыл айтқан "Amanat" депутаты мандатын тапсыра ма Фото: ашық дереккөзден

Бұл жолы Ресейді қолдаушылардың бірі ретінде әлеуметтік желіде Алматы қалалық мәслихатының депутаты Анна Башинская Украина президент Владимир Зеленскийге "ақыл айтып", онысы жұрттың ашуын туғызып жатыр. Amanat партиясының депутаты біздегі "дәстүрге" сай кешірім сұрап та үлгерді, деп хабарлайды іnbusiness.kz.

Башинская не деді?

"Аманат" партиясынан Алматы қалалық мәслихатының 8-ші шақырылымының депутаты Анна Башинская Украинаның Қырымды өз бақылауына қайтарғысы келетіні туралы екіұшты пікір білдірген. Deutsche Welle Украина президенті Владимир Зеленскийдің жоспарлы қарсы шабуылды және аннексияланған Қырымды Украина бақылауына қайтаруды жариялаған сөзін жазған.

Башинская жазба астындағы пікірлер қатарында Зеленскийге кеңес береді.

"Одан да Түркияға, Зеленский мырза (шабуыл жасауды жазып отыр). Ол жақта жыл бойы жылы", – дейді Башинская.

Депутаттың шағын пікірі әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Ресей мен Путиннің саясатын қолдайды деп айыптайды оны сынаушылар.

Классика бойынша кешірім сұрау

"Басқа пәле тілден" деген сөздің керін қазір осы депутат бастан өткеріп жатқаны анық. Екі ауыз сөзі үшін қазір депутат мандатынан айырылып қалу алдында тұр. Amanat партиясына бұл да соққы болды. Ал Башинская кешірім сұрап әлек.

"Мен Украина президентінің мәлімдемесіне пікірімді ойламай жаздым. Бауырлас түрік халқынан кешірім сұраймын. Мен Украина мен Ресей халқына тек бейбіт өмір тілеймін. Кешіріңіздер, бұл менің қателігім. Менің бұл жағдайға пікір білдіруге қақым жоқ. Менің өз елім бар. Ең біріншіден, депутат ретінде мен сол халықтың әл-ауқатын ойлауым керек. Мен біздің азаматтар мен партияластардан кешірім сұраймын", – деп жазды кейінгі постын депутат.

Алайда Башинскаяның мұнысына ешкім сенбегенін аңғаруға болады. Оның посты скрин арқылы әжуа мен келекеге толы посттарға айналды.

Қалталы депутат

Ең қызығы, осылай деген Башинская мәслихатқа бір мандатты жүйемен келген. Әлеуметтік желі қолданушылары "оны кім қалай сайлап алды" деген сұрақтарды да жаудырып жатыр.

Ал бұқаралық ақпарат құралдары Анна Башинскаяның қолында 6 млрд теңгеден асатын жүзге жуық мемлекеттік келісімшарттар барын жарыса жазып жатыр.

Кәсіпорынның ірі келісімшарттары Әуезов ауданы әкімінің аппаратымен, Алмалы ауданы әкімінің аппаратымен, экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасымен, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасымен, "Алматы жылу желілері" ЖШС-мен жасалған.

Осындай келісімдерге қарағанда, депутат тең құрылтайшы болып табылатын "LEU" фирмасы Ганди саябағын, Иманов алаңын, Ганди саябағының батысындағы скверді абаттандырумен және Әуезов ауданындағы жасыл желектерді қорғаумен айналысады.

Башинская партия басшылығын "былай тартсаң арба сынып, былай тартсаң өгіз өлетін" жағдайға жеткізіп тұр. Amanat партиясы бұл мәселені жылы жауып қоя ма? Әлде депутатты партия қатарынан шығара ма?..

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу