Түркиялықтарды біріктірген зілзала

4196

Шәһид болған жігіттің киілмеген киімі тұтас Түркияның жүрегін жылытты.

Түркиялықтарды біріктірген зілзала

Ұлттық ұйымшылдығы қатерлі күндерде сыналатынын Түркиядағы жер сілкінісі тағы бір көрсетті. Inbusiness.kz сайтының Анкарадағы тілшісі қайғыдан қан жұтып жатқан бауырлас елдің айтып келмеген апат салдарын қалайша еңсеріп жатқанына жергілікті БАҚ-тағы материалдар арқылы шолу жасап шықты.

6 ақпан күні Түркия уақытымен таңғы сағат 4-тен 17 минут кеткенде Қахраманмараш қаласының Пазаржык ауданында 7,7, ал күндіз сағат 1-ден кете Елбистан ауданында 7,6 балдық жер сілкінісі болды. Бұл апат Қахраманмараштан бастап Хатай, Адыяман, Диярбакыр, Адана, Османие, Газиантеп, Шанлыурфа, Малатия және Килис секілді 10 қаланың қирауына әкеліп соқты. Ғалымдар мұны соңғы жүз жылдағы ең үлкен екінші жер сілкінісі деп бағалады.

Тұтас Түркияны сарсаңға салған қайғылы жағдайға бүгін бесінші күн. Қайтыс болғандар мен жаралылар саны минут сайын көбейіп жатыр. Елдегі апат және төтенше жағдайлар басқармасының мәліметінше 18 991 адам қаза тапқан, ал жаралылар саны 75 523 жеткен. Қазір іздестіру-құтқару жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Зілзаладан кейін 104 сағат өткен соң үйінді астынан аман есен шығарылып жатқан тұрғындар да бар. Түркияның 81 қаласы жұдырықтай жұмылып зардап шегуші аймаққа қол ұшын созып жатқанын тұтас әлем көріп отыр. Апат салдарына жоюға еңкейген қарттан еңбектеген балаға дейін араласып, қажетті заттарды жинап, жүк көлігіне тиесіп жүр. Апат аумағындағы елге киім кешек пен қажетті заттар тиелген жүк көліктері күн-түн демей ағылып жатыр. Үлкеннің де, кішінің де қабырғасын қайыстырған зілзала кезінде түрік жұрты "бір жүрек болатын уақыт" ұранымен жұдырықтай жұмылды. Тұрғындар қолында бар затын зардап шегуші аймаққа жіберуде. Олардың арасында Карс провинциясының тұрғыны 70 жастағы Сарыгүл Качан да бар. Ол зілзаладан зардап шеккен халыққа көмегім болын деп, қорада тұрған жалғыз бұзауды сатқан. Одан түскен 13 мың лираны зардап шегуші отбасыларға жолдаға. Егде жастағы қарияның бұл іс әрекетіне әлем жұртшылығы сүйсінді.

"Еліміз бұл сынақтан да өтер. Тек сабыр тілеймін. Енді бізді халқымызбен сынамасын", - деген тілегін жеткізді қария.

Ялова қаласының тұрғындары да алғашқы күннен көмек қолын созуда. Осы орайда бір дорбадағы "Шәһидімнің кие алмаған шұлықтары" деген жазба көзге түсті. Саре Налбант есімді азамат "Сыртта өте суық. Ол жақтағы бауырларыма бас киімдер мен көрпелер жіберіп жатырмыз. Алла сіздерге жар болсын", - деп лебіз жолдаған.

Зардап шеккен аймақтардағы балаларға өз ойыншығын жіберген кішкентай Линаның жазбасы да көпшіліктің көңілін босатты. Ол ойыншық салынған қораптың ішіне: "Линадан сүйіспеншілікпен. Біз әрқашан жаныңдамыз. Менің ойыншықтарым сіздерге аз болса да көтеріңкі көңіл күй сыйлайды деп үміттенемін", - деп жазба қалдырған. 

Қазір зілзаладан жапа шеккен 10 аймақтың тұрғындарын басқа қалаларға орналастыру жүріп жатыр. Осы орайда университет студенттері жатақханаларын босатып беруде. Мәселен, Анталья қаласындағы университет студенттері:

"Бұл – баршамызға ортақ қайғы. Оны бірге жеңеміз. Әрқашан сіздермен біргеміз", - деп, тоңазытқыштың ішіне азық түлік пен сөрелерге таза киім кешек қалдырып кеткен.  

Ал Едирне қаласындағы Мимар Синан спорт кешеніне отбасымен келген кішкентай оқушы қыз ата анасының күнделікті ұстауға берген ақшасын конверттің ішіне салып: "Барлық отбасы аман қалып, бір-бірімен қауышса екен" деп жазба қалдырған.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу