Түркияның Еуропалық Одаққа мүше болуы қазақстандықтарға тиімсіз

3655

Батыстық сарапшылар түркі әлемі көшбасшысының алдағы жылдарда ұжымдық Еуропаға қосыла алатынына шүбәланады. 

Түркияның Еуропалық Одаққа мүше болуы қазақстандықтарға тиімсіз Фото: politeka.net

Биылғы 10 шілдеде Түркия лидері Реджеп Тайып Ердоған тосын мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, егер Батыс Түркияның Еуроодаққа мүше болуына жол ашса, онда Анкара Швецияның да НАТО-ға мүше болуын қолдайды.

Алайда ертесіне, 11 шілдеде Литва астанасы Вильнюсте Солтүстікатлантикалық Альянстың саммиті басталды. Ердоған мырза Анкараның Швецияның әскери блокқа кіруіне енді тосқауыл қоймайтынын мәлімдеді. Осының дәлелі ретінде Ердоған соның алдында Швецияның НАТО-ға мүше болу өтініміне қол қойды. Алда тиісті халықаралық келісімді Түркия Парламенті ратификациялайды. Бұл ретте Түркияның осы мәселені бұғаттауын жою үшін Батыстың оған нені уәде еткені айтылмады.

Кеше Түркияның ЕО құрамына қабылдануы үшін келіссөздер процесін жеделдетуге Р.Ердоғанның уәде еткені жарияланды. 

"Еуроодақта біздің еуроинтеграциямыздың процесін жандандыруға қатысты оң атмосфера қалыптасты. Біз еуропалық Кеден одағы аясындағы қатынастарымызды жаңғыртуға бағытталған келіссөздерді жеделдетеміз. Бұл түрік экономикасына оң әсер етеді. Еуропалық Одақпен арада визасыз режим орнату мәселесіндегі алшақтық еңсеріледі деген үміттеміз", — деді Реджеп Тайып Ердоған.

Алдағы аптада ЕО сыртқы істер министрлерінің саммиті күтіліп отыр, сонда осы мәселе талқыға салынбақ.

"Соңғы жылдары Түркияны Еуроодақтан кері серпілткен саясатқа қарамастан, Түркия Еуроодаққа кірудің төл стратегиялық мақсаты болып табылатынына табандап отыр", – делінген одақтың дипломатиялық қызметі әзірлеген меморандумда.

Жалпы, егер Түркия Еуроодаққа мүше болса, онда қазақстандық бизнес пен азаматтарға қиын болады. Себебі бүгінде Қазақстан азаматтары Түркия аумағында 90 тәулікке дейін визасыз, емін-еркін жүре алады. Сонымен бірге қазақстандықтарға бұл бауырлас елде уақытша немесе тұрақты тұру ықтиярхатын алу да оңайырақ.

Ал егер Түркия Еуропалық Одаққа кірсе, онда ол болашақта Шенген аумағына қосылуы мүмкін. Қазақстан мен ЕО арасында қатаң визалық режим орнаған. Нақтылағанда, бұл ұйымның азаматтары Қазақстанға визасыз келе алады. Ал қазақстандықтардан міндетті түрде виза талап етіледі.

Оның үстіне кейінгі кезде Еуроодақ Қазақстан азаматтарына Шенген визасын беруден жиі бас тарта бастапты.

Тіпті туристеріміздің өзінен ЕО, мысалы, Грекия еуропалық тараптан, турагенттіктен шақырту алуын, Қазақстан тұрғынының банктік есепшотында отбасыдағы сапарлайтын әрбір адамына шаққанда Еуропада болатын әрбір күн үшін 100–150 еуродан көп депозиті болуын талап етеді. Жұмыс орнынан анықтама, демалысқа немесе іссапарға баратыны туралы анықтама, балалар үшін мектеп не жоғарғы оқу орнынан анықтама және басқа қаптаған құжатты талап етеді.

Сондай-ақ әрбір паспорт үшін шамамен 80 еуро консулдық алым және шамамен 30 еуродан астам сервистік алым жиналады. Түркияның Еуроодаққа кірмейтіні арқасында қазақстандықтар осы бюрократия мен шығындардың бәрінен босатылған. Ал егер мүше болса, Қазақстан тұрғындарына қатысты ұқсас кедергілерді енгізуге міндетті болады.

Түркия еуропалық ұйымның мүшесі болуды ХХ ғасыр ортасынан бері армандап келеді. Түрік Республикасы 1963 жылы ЕО-мен қауымдасқан мемлекет мәртебесін алды. Ал 1987 жылы Еуроодаққа мүше болуға кандидат статусын иеленді. 2005 жылы тараптар Анкараның мүшелігі туралы келіссөздерді ресми бастады. Алайда араларында түрлі кикілжіңдер туындап, бұл процесс бірнеше рет үзілді.

2016 жылы келіссөздер қайта жанданды. Сонда Ердоған Еуропаға миграциялық дағдарыстан құтылуына көмектесті. Атап айтқанда, соның алдында Ресей ДАЕШ лаңкестерінің бекіністерімен шектелмей, Башар Асадтың солақай саясатына қарсы шыққан, оппозицияға ерген сириялық ірі қалалар мен елді мекендерді ауыр авиабомбалармен аяусыз бомбалап, жермен-жексен етті. Одан бас сауғалаған сириялықтар Еуропаға шұбырды. Қолұшын созған Түркия 4 миллионнан астам сириялық босқынды қабылдады. Олар әлі күнге дейін түрік жерінде тұрып жатыр.

Соған қарамастан, жеті жылдан бері Анкараның қолы ЕО мүшелігіне жетпей келеді. Америкалық және еуропалық жетекші басылымдар мен беделді сарапшылар Түркияның осы арманының орындалуы мүмкіндігін салмақтап көрді.

Осы дүйсенбіде Ердоған мырза Еуропалық кеңестің президенті Шарль Мишелмен кездесті. Ресми дерекке жүгінсек, тараптар миграция және босқындар, экономикалық байланыстарды нығайту және түріктер үшін Еуроодаққа визасыз режимді енгізу мәселелерінде ынтымақтасуға уағдаласты.

The New York Times анонимді шенеуніктің сөзіне сілтеме жасап, бұл кездесуде келіссөздер ауаны "позитивтіге" өзгергенін жеткізді. Бірақ басылымның байламынша, ЕО елдерінің көпшілігі Түркияның одаққа қосылу өтінімі құпталмайды деп санайды. Әйтсе де, ресми ұстанымдары сонша үзілді-кесілді емес.

"ЕО елдері Анкараның өтініміне ресми қарсы шығудан тартыншақтайды. Өйткені қатаң ұстаным Ердоған мырзаны оқшаулайды, сондай-ақ энергетика, көші-қон салаларындағы ынтымақтастыққа залалын тигізеді деп қорқады", – деп жазады америкалық басылым.

Еуропалық Politico.eu басылымы да еуропалық лидерлердің, ресми тұлғалардың Ердоғанның үндеуіне салмақты қарап отырғанын және Түркиямен ынтымақтастықты жандандыру тәсілдерін зерттеуге ниетті екенін жазады. Бірақ оның мүшелікке өтінімін дәл қазір мақұлдауға дайын емес.

Түркия – Еуропалық Одаққа мүше болу жолында ең ұзақ келіссөз жүргізіп келе жатқан мемлекет саналады. Тек ресми келіссөздердің басталғанына 18 жылдан асты. Осы уақытта тіпті жаңадан тәуелсіздік алған Шығыс Еуропа елдері де ЕО-ға еніп алды.

Бұл одаққа қосылғысы келетін елдерден алдын ала шарттарды орындау талап етіледі. Ол шарттар "Копенгагендік саяси критерийлер" деген атпен белгілі қағидаттар жиынтығында көрсетілген. Оның арасында пәрменді жұмыс істейтін демократия мен оның институттары, адам құқықтарын құрметтеу және сақтау, заңның барлық саладағы үстемдігі, соттардың тәуелсіздігі және басқасы бар.

2018 жылы Еуропалық Одақ адам құқығы мен заңның үстемдігі салаларында прогрестің жоқтығын алға тартып, Түркиямен арадағы келіссөздерді бұғаттап тастады. Бұл 2016 жылғы жүзеге аспай қалған мемлекеттік төңкерістен соң елде қуғын-сүргінді бастаған Р.Ердоғанның авторитарлық әрекеттеріне Еуропаның жауабы болатын. Сонда мыңдаған мемлекеттік қызметші жұмысынан қуылды, армияда тазалаулар жүргізілді, жүздеген ұйым жабылды.  

"ЕО дипломаттары Түркияның таяу арада Еуроодаққа қосылуы неғайбыл деп санайды. Себебі, дипломаттардың бағалауынша, бұл елде заңның үстемдігі мен адам құқығын сақтаудағы стандарттар соңғы жылдары құлдырады. ЕО-ға енуіне тосқауыл болатын басқа да салмақты кедергілер жойылмады. Мысалы, Түркия Еуроодаққа мүше екі елмен, өз көршілері Грекиямен және Кипрмен жаулық көзқараста. Түркиялық ресми тұлғалар, соның ішінде Ердоғанның өзі бұл елдермен ортақ шекараны мойындай бермейді және Түркия әлдеқайда көбірек территорияны иеленуге лайықты екенін айтып жүр. Осы арқылы Грекияның зығырданын қайнатады. Түркия Кипр аралының солтүстік бөлігін бақылауда ұстап отыр. ЕО мүшесі саналатын, аралдың оңтүстігіндегі аумақта құрылған Кипр Республикасын Анкара мойындамады", – деп дәйектеді The New York Times.

Тағы бір проблема сол, Еуропалық Одақтың Шығысқа қарай кеңеюге зауқы жоқ. Егер Түркияны қатарына қосып алса, ЕО шекарасы Сирия, Иран және Иракпен түйіседі. Миграциялық тасқын сонда басталуы мүмкін. Әрі мұндай елдермен көршіліктен еуропалықтар сескенеді.

Сонымен бірге халықаралық сарапшылар Еуроодаққа мүше болу Түркияның өзіне қажет болмай қалуы мүмкіндігіне назар аудартады. Себебі, бұл одаққа кірген мемлекет өз тәуелсіздігінің бір бөлігін және билігін ұлтүстілік органдарға тапсырады. Үлкен ғимараттың бір кірпішіне айналады. Ұлттық бірегейлігін және азаттығын жоюдан қорыққан Ұлыбритания патшалығы "брекзит" үрдісіне бастамашы болып, ұйымнан қашып шықты.

Бұл Анкараға керек пе? Ердоған мырзаның арқасында әлемде және жаһандық геосаясатта Түркияның рөлі нығайды, мәртебесі асқақтады. БҰҰ-ның өзі одан көмек сұрап, араағайын болуды өтінеді.

Ердоған мырза ұлы Осман империясының жақтаушысы саналады. Ол Ливияға, Сирияға, ішінара Ирак жеріне әскер кіргізді. Гректер басып алған Кипр аралының солтүстігіндегі түркітілдес азшылық ұлыстарды өз әскерімен қорғап тұр. Орталық Азия елдерін, бүкіл түркі әлемін өз айналасында біріктіруде. Украинаны да өз қорғанына алып, жан-жақты көмек көрсетуде.

Сарапшылардың пікірінше, Түркияға керегі – ЕО аясындағы қаржылық көмек пен түрлі қолдау шаралары және кедендік еркін қозғалыс. Яғни, таза экономикалық бағыттар. Бұған Анкара одаққа кірусіз қол жеткізуі мүмкін. Еуропалық басылымдар еурошенеуніктерге сілтеме жасап, "ЕО-Түркия кеден одағын" реформалау мәселесі пысықталатынын нұсқады. Бұл бірлестік 1995 жылы түзілген еді.

Сондай-ақ Еуроодақ пен Түркия арасындағы қарым-қатынастарында жылулықтың пайда болуы да осыдан үміттендіреді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу