Президент пәрменінен соң отандық футбол клубтарын сатып алуға ниетті кәсіпкерлердің есімі ашық айтыла бастады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мәжіліс депутаттарының сауалына жауап қатқан Премьер-министр Олжас Бектенов жақсы жаңалықтың шет-жағасын байқатты.
– Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Туризм және спорт министрлігі Қазақстан футбол федерациясымен бірге облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерін тарта отырып, футбол клубтарын коммерцияландыру бойынша өңірлердегі және республикадағы әлеуетті инвесторлармен жұмыс жүргізуде. Осы жұмыстар аясында "Орталық Азия отын-энергетикалық компаниясы" АҚ (Сергей Кан) "Қызыл-Жар" ФК сатып алу мүмкіндігін қарастыруда, – деді Үкімет басшысы.
Олжас Бектеновтың сөзінше, Freedom Finance (Тимур Турлов) "Шахтер" ФК үшін стадион мен футбол академиясын салуға қызығушылық танытса, Kaspi Group (Михаил Ломтадзе) "Жеңіс" ФК сатып алуды және Астанада футбол инфрақұрылымын салуды көздеген.
Мұнан бөлек, қызылордалық әлеуетті инвестор "TAU GROUP LTD" (Ислам Қозбаков) "Қайсар" ФК сатып алуды жоспарлап отырған көрінеді.
Сондай-ақ, Премьер-министр "Тараз" ФК, "Елім-ай" ФК және "Ертіс" футбол клубтарына қызығушылық танытқан инвесторлармен кездесулер жүргізілгенін жеткізді.