Турловтың азаматтық алуы Қазақстан экономикасына әсер ете ме?

3849

Миллиардер Тимур Турлов Ресей паспортын қазақстандық төлқұжатқа ауыстырды.

Турловтың азаматтық алуы Қазақстан экономикасына әсер ете ме?

Кеше миллиардер, Freedom Holding қожайыны Тимур Турлов Қазақстан азаматы атанғанын сүйіншілеп хабарлады. Әрине, азаматтық алғанда тұрған ештеңе жоқ. Былай қарасақ, екінің бірі алып жатыр. Бірақ Турлов екінің бірі емес.

Қаржы сарапшысы Айбар Олжаевтың пікірінше, оның бұл қадамы Қазақстан үшін пайдалы болмақ.

"Бұл өте жақсы жаңалық және ұзақ мерзімді перспективада елімізге жағымды экономикалық әсер береді. Турловқа кез-келген оффшордан паспорт сатып ала салуға болар еді. Бірақ Қазақстанды таңдауы әлемдік деңгейдегі инвестордың біздің елге сеніп отырғанын білдіреді. "Сенім" дедім. Дәл осы сөз өте маңызды. Турловтың Қазақстанда Freedom Finance Bank Kazakhstan атты банкі, сақтандыру компаниясы, андеррайтері мен брокерлік компаниясы жұмыс істейді. 2-3 жылдан кейін Freedom экожүйесі елімізде жүйеқұраушы ("Каспи", "Халық" сияқты) болып танылуы мүмкін. Қазір оның банкі Қазақстан азаматтарының (жеке тұлғалардың) 60 миллиард теңге салымын ұстап отыр. Осындай ақша салынған банк қожайыны Қазақстан азаматы болса, клиенттерінің де көңілі тыныш болады", – деп жазды Айбар Олжаев өзінің Facebook-тегі парақшасына.  

Сарапшының айтуынша, азаматтық алғаннан Турловтың өзі үшін қатты бірдеңе өзгере қоймады. Өзі көптен бері Алматыда тұрады. Қазақша да үйрене бастады.

"Турлов, Ломтадзе, Теңізбаев сынды банкир/қаржыгерлер біздің нарықтың дамуы мен әлемдік деңгейге шығуына ат салыса алатын білікті профессионалдар. Оларға тек кедергі келтірмеу керек. Қалғанын өздері-ақ істеп береді", – дейді ол.

Экономист Талғат Демесінов миллиардердің бұл қадамын әлемдегі геосаяси жағдаймен байланыстырды. Дәлірек айтсақ, оның Қазақстан азаматтығын алуына Ресей мен Украина арасындағы шиеленіс себеп болды деп санайды.

"Ресейдің санкциялар құрсауында қалғаны белгілі. Бұл жағдай елдің экономикалық ахуалына ғана емес, әлемнің әр түкпірінде жүрген орыс ұлтының өкілдеріне де қысым боп тиюде. Әлем халқының көбі орын алып отырған шиеленіске Ресей кінәлі деп санайды. Сондықтан жер-жерде орыс ұлтының өкілдеріне қызмет көрсетпеу, оларды нұқып көрсету секілді әрекеттердің орын алып жатқанын естіп, біліп жатырмыз. Турловтың Ресей азаматтығынан бас тартуына да осы факторлар әсер етті деп ойлаймын. Әрине, ол оның жеке шаруасы. Десе де, Қазақстанға мұндай ірі инвесторлардың келгені жақсы-ақ", – дейді Талғат Демесінов.

Тимур Турловтың айтуынша, ол Қазақстанға алғаш рет осыдан 11 жыл бұрын келген. Соңғы он жылда отбасымен бірге біздің елде тұрып жатыр.

"Қазақстан мені шабыттандырды, маған көп дос сыйлады. Осы жерде балаларым дүниеге келіп, білім алып жатыр. Қазақстан – тәуелсіз, көп ұлтты мемлекет. Мұнда түрлі ұлттар мен діндердің өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Қазір Қазақстанда оң өзгерістер орын алуда. Бұл маған ұнайды. Цифрлық трансформация жедел жүріп жатыр. Бұл бізге финтех әлемінде ең озық өнімдерді жасауға мүмкіндік береді. NASDAQ листингімен айналысатын біздің холдингтің штаб-пәтері алғашқы күннен бастап дәл осы жерде орналасқан. Қазақстан азаматы болғаныма мақтанамын. Бұл жерде бәрі еркін. Қазақстан ұстанған бейбіт те, қонақжай бағыт жаңа, бай, әділетті мемлекет құруға жол ашарына сенемін. Кәсіпкер ретінде мен де бұған өз үлесімді қосамын. Бұл мен үшін үлкен абырой әрі зор жауапкершілік", – деді Тимур Турлов.

Сондай-ақ ол қазақша үйреніп жатқанын, жуырда қазақша сөйлеуге уәде берді.

Еске сала кетейік, Тимур Турлов Freedom Holding Corp компаниясының ірі акционері болып саналады. Ол бұл компанияның 72,56 пайыз акциясына иелік етіп отыр. Компанияның ағымдағы капитализациясы 4 млрд долларға бағаланып отыр. 2022 жылы Тимур Турлов Forbes нұсқасы бойынша Қазақстандағы ең бай 50 адамның қатарына кірді. Ол рейтингте 7-орында тұр.

Ғалия Әділ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу