Түрмедегі "бизнесмендердің" неге қарызға батып жатқаны анықталды

2965

Абақтының ар жағындағылармен бостандықтағылар тұтас консорциум құруы мүмкін.

Түрмедегі "бизнесмендердің" неге қарызға батып жатқаны анықталды Фото: canva.com

Темір торда отырғандарды жұмыспен қамту, тамақтандыру, киім-кешекпен, басқа заттармен қамтамасыз ету Ішкі істер министрлігінің "Еңбек" республикалық мемлекеттік кәсіпорнына тікелей жүктелген.  

Депутаттардың айтуынша, "Еңбектің" өз міндеттемелерін бұзуының көптеген дерегі кәсіпкерлердің шағымның қаптауына түрткі болды.  

"Жеткізілген тауарлар, көрсетілген қызметтер, жасалған жұмыс үшін төлемақы уақытылы төленбейді дейді. Сондай-ақ, мемлекеттік тапсырысты орындау кезінде жеткізушілерді қорғаудың құқықтық тетіктері жоқ. Содан тапсырыс беруші қасақана оларға орындалуы мүмкін емес мүліктік және қаржылай талаптар қояды. Астана қаласының Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының қаулысы бойынша 2020 жылғы тамызда "Еңбек" РМК-сына қатысты 5 жылдық сауықтыру рәсімі де қолданылды", – дейді Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов.

Реабилитациялау процедураларын қолдануға аталған кәсіпорынның 588 бизнес нысаны алдында 3,5 миллиард теңге қарыз болып, оны төлей алмауы себеп болыпты.

Айта кету керек, "Еңбекке" қатысты 2010 жылы да сауықтыру рәсімдері қолданылған. Тұрғановтың мәліметінше, тексеру қорытындысында РМК-ның қаржылық ахуалының нашарлауына түрмедегілердің нашар жұмысы емес (олар керісінше, барынша белсенді еңбек еткен), кәсіпорын басшы-менеджментінің қызметінің тиімсіздігі, лауазымды тұлғаларының қаржы мен мүлікті ұрлауы, талан-тараж етуі ықпал етіпті.

Түрлі жылдары бұл кәсіпорынның түрлі деңгейдегі басшылары ұрлығы, жемқорлығы және басқа қылмыстары үшін ұсталып, жазаланды. 2025 жылғы 8 қаңтарда, Астанада Антикор "Еңбек" басшыларының бірнеше рет пара алғанын әшкерелеп, күдіктілерді тұтқындады.

Бас директордың орынбасары және құрылыс басқармасының бастығы тендер бойынша келісімшарт бекіту, орындалған жұмыстардың актісіне қол қою және оларға қаржы аудару үшін кәсіпкерлерден жүйелі түрде пара алып келді деген күдікке ілікті.

Мәжілісменнің айтуынша, 2025 жылғы ақпанда сот орындаушыларының қолында "Еңбек" РМК-сінен бизнес субъектілерінің пайдасына 961,4 миллион теңге өндіріп алу туралы соттардың 71 шешімі болыпты.

"Алайда бұл құжаттар орындалмайды. "Еңбек" кәсіпорнының басшылығы компанияның қаржылық дәрменсіз жағдайға жеткенін, сондай-ақ реабилитациялау рәсімдерін жүргізу кезеңінде кез келген азаматтық-құқықтық жауапкершіліктен босатылғанын біле тұра, жекелеген бизнесмендермен келісім бекіткен. Жеткізушілерге ақысын төлеусіз тауарлар, қызметтер алған. Салдарынан, жеке кәсіпкерлік нысандарына шығын келтірген", – деді депутат.  

Оның байламынша, мемлекеттік кәсіпорынның келісімшарттық тәртіпті бұзуы биліктің беделіне дақ түсіреді. Мемлекет пен бизнестің серіктестік қатынастарын дамытуды шектейді. Отандық өндірушіні шығынға батырады, олардың өндірістік және бизнес-процестерін бұзады.

Мәжіліске жауабында Премьер-министр Олжас Бектенов қазіргі кезде қылмыстық-атқару жүйесінде екі республикалық мемлекеттік кәсіпорын ғана өндірістік қызметпен айналысатынын нақтылады. Бұлар – "Еңбек" және "Еңбек-Өскемен".

"Еңбек" РМК-сына қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің, түрмелердің тіршілігін қамтамасыз ету және сотталғандарды жұмысқа орналастыру жүктелген.

Кәсіпорын бас бостандығынан айыру орындарының ағымдағы қажеттіліктерін өтейді: ғимараттарын жылу энергиясымен, сотталғандарды және түрме қызметкерлерін азық-түлікпен, киіммен, төсекорын қажеттіліктерімен қамтиды.

ҚАЖ мекемелерінің бір заты, жабдығы сынып қалса, істен шықса, соны шұғыл жөндеумен шұғылданады. Осы және басқа жұмыстарды "Еңбек" аясында сотталғандардың өздері де орындайды.

"Бостандықтан айыру орындарындағы еңбек – сотталғандарды түзеудің және ресоциализациялаудың негізгі құралы болып қалуда. Еңбекті ермек еткен сотталғандар ұстап тұру режимін сирек бұзады. Бұл бостандықтан айыру орындарында тұрақты ахуалды сақтауға септеседі. Сондай-ақ, сотталғандар жұмыс істеп, табыс табу арқылы талапарыздарды, алименттерді және басқа міндеттемелерін төлейді. Қазіргі кезде ҚАЖ мекемелерінде тұрақты тұратын 22 мың еңбекке қабілетті сотталғанның шамамен 12 мыңы еңбекпен қамтылған", – деді Олжас Бектенов.

Оның айтуынша, түрмедегі негізгі жұмыс беруші болып есептелетін "Еңбек" жеңіл өнеркәсіп, құрылыс-монтаждау жұмыстары, күзеттің инженерлік-техникалық жабдықтарын, бейнебақылау жүйелерін монтаждау және бабына келтіру, коммуналдық қызмет көрсету, тамақ дайындау сияқты қызмет түрлерін жүзеге асырады. Тіпті мал ұстап, бақша салып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру де қарастырылған.

Бұрынғы жемқор басшылары жылдар бойы аяусыз талаған "Еңбек" мемлекеттік кәсіпорнына қатысты 2020 жылдың тамызынан бері сауықтыру рәсімдері қолданылып келгенін Үкімет басшысы растады.

Дегенмен, кредиторлық берешегін мерзімінен бұрын өтегені үшін Астана қаласы бойынша мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен, 2025 жылғы 3 наурызда "Еңбек" РМК-сын реабилитациялау процедурасы тоқтатылды.

"Еңбек-Өскемен" РМК-сына қатысты 2017 жылы басталған сауықтыру рәсімдері бір жыл бұрын, 2024 жылғы сәуірде аяқталды. Бірақ кәсіпорын 386,3 млн теңге қарызын өтемеді.

Премьер-министр сот орындаушыларының қолында ондаған атқару ісі бары туралы депутаттың ақпаратын жоққа шығарды. Оның мәліметінше, бүгінде "Еңбек" РМК-сына қатысты барлық атқару өндірістері өтелді.

Сонымен қатар, "Еңбек-Өскемен" РМК-сына қатысты жалпы сомасы 859,8 млн теңге болатын 50 атқару өндірісі қалған екен. Оларды "Еңбек" РМК-сінің тапқан табысы есебінен "сөндіру" шаралары қарастырылған. Өйткені "алдағы уақытта қос кәсіпорын біріктірілетін болады".

Үкімет басшысының сендірінше, кәсіпорындарды бұлай оңтайландыру әкімшілік-басқарушылық аппаратты ұстап тұруға кететін шығындарды қысқартуға, тиімді өндірістік қызметті ұйымдастыруға да мүмкіндік береді.

Қалауын тапса, "Еңбек" кәсіпорны ірі корпорацияға айнала алар еді. Оның озық үлгілері дамыған елдерде, АҚШ-та бар.

"Өндіріс көлемін арттыру және еңбекпен қамту ауқымын ұлғайту мақсатында, сондай-ақ кредиторлық қарызын өтеу үшін "Еңбек" РМК-сінің жеңіл және басқа өнеркәсіптер салаларындағы қауымдастықтармен бірлескен консорциумын құру бағытында жұмыс жүргізілуде. Бұған қоса, "Атамекен" палатасының, Бас прокуратураның, Антикордың, Қаржы, Ұлттық экономика, Әділет, Цифрлық даму министрліктерінің, өзге меморгандармен, мегаполистер мен облыстар әкімдіктерінің өкілдері кірген арнайы жұмыс тобы құрылып жатыр", – деді Олжас Бектенов.

Жұмыс тобы сондай-ақ "Еңбектің" жұмысының тиімділігін арттыру, кәсіпорын қызметін "мөлдір" ету мәселелерін пысықтайды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бұл бағытта төл рекомендацияларын да ұсынып қойды. Оған сәйкес, ҚАЖ кәсіпорындары қызметіндегі коррупцияға дем беретін алғышарттарды, себептерді барынша азайту шаралары қабылдана бастапты. Олар:

  • қосалқы мердігер компанияларды тарту рәсімдерін реттеуге,
  • тамақ дайындауға сотталғандарды пайдалану тәжірибесінен бас тартпай, кейбір дайын азық-түлікті сатып алуды бәсекелі ортаға көшіруге,
  • мемсатып алу заңнамасын бұзу үшін жазаны күшейтуге,
  • кәсіпорынның материалдық-техникалық жабдықталуын жақсартуға және басқасына бағытталған.

Өз кезегінде, Ішкі істер министрлігі де Бас прокуратурамен бірлесіп, 2024 жылы ҚАЖ кәсіпорындарының тиімділігіне аудит жүргізді. Оның қорытындысында ІІМ "Еңбектің" қызметін жетілдіру бойынша іс-шаралар кешенін қолға алды.

Атап айтқанда, "Еңбектің" жаңа ұйымдастырушылық құрылымы бекітілді. Филиалдарының қаржылық дербестігі шектелді. Мемлекеттік сатып алулар порталында тапсырыс берушімен келісім бекіту ісі орталықтандырылды. Бірыңғай қаржылық бақылау орнатылды.

"Еңбектің" 13 филиалын Орталық, Шығыс, Солтүстік, Оңтүстік, Батыс атты 5 өңірлік филиалға трансформациялау басталды. Соның нәтижесінде кәсіпорындардың штаты 200 орынға қысқартылған.

Жабдықтарды кезең-кезеңмен жаңғырту жүзеге асырылуда: тігін техникасы, ағаш өңдейтін, токарлық станоктар сатып алынған.

Биылғы үшінші тоқсанда ІІМ-нің Ішкі аудит департаменті "Еңбек" РМК-сының қаржылық, шаруашылық қызметіне аудит жүргізеді. Олқылықтар болса, соның барысында қосымша анықталуға тиіс.

Мәжілістің экс-депутаты, "Qazaqstan Ardagerleri" Қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл кезінде "Еңбек" кәсіпорнына қатысты мәселе көтеріп, реформаға қозғау салған. Ол Президент жариялаған "Заң мен Тәртіп" қағидатын орнықтыру үшін түрмеде отырғандарды да, одан шыққандарды да жұмыспен қамтуға баса назар аудару керектігін айтты.

"Темір торда отырғандардың қоғамға және мемлекетке өшігетіні болады. Айыбын түсінген, көзқарасын түзеген, өкпе-ренішін ұмытқан, болашаққа күдікпен емес, үмітпен қадам басқан адамдар бостандыққа шыққанда, оған екінші шанс, жаңа мүмкіндік беріледі. Егер жаңа мамандық игерсе, жұмыспен тез қамтылса, сол арқылы қоғамға қайта кіріксе, бұл өзіндік трамплин болып, жаңа өміріне серпін берер еді. Тағдыры сор, қалған өмірі қор болмайды", – деді Бақытбек Смағұл.

Оның айтуынша, еңбектен тыс қалушылық пен еріккендік – еркіндікке шыққандардың қайта қылмысқа баруына түрткі болуы мүмкін. Сондықтан Үкімет темір торда отырған және одан босап шыққан сотталғандарды еңбекпен қамтудың жеке бағдарламасын іске асыруы керек.

Сонымен қатар, сотталғандарды әлеуметтік және қайырымдылық жобаларға жұмылдыру, спорттық, мәдени және рухани іс-шараларға тарту, өзінен теріс айналған отбасын тауып, волонтерлер көмегімен қарым-қатынасын қалпына келтіруіне көмектесу, қоғамдық ұйымдардың қатысуымен қайта әлеуметтендіру жобаларын іске асыру маңызды.

Бақытбек Смағұл Ішкі істер министрлігі биылғы жылды "Профилактика жылы: Заң мен Тәртіпті қорғаудағы полиция" деп жариялағанын айтты. Тәртіп сақшылары бостандыққа шыққан сотталғандардың тұрғылықты жеріне барып, тұрмыстық жағдайларын тексереді. Туған-туыстары және көршілері арасында "құқыққа қарсы іс-әрекеттер жасаған-жасамағаны" туралы сауалнама жүргізіп, сұрау салуда.

Мерзімінен бұрын шартты түрде босап шыққандар тәртіп пен шектеулерді бұзса, түзеу мекемелеріне қайтарылады. Мұны барынша азайту үшін сотталғандарды әлеуметтік бейімдеу, ресоциализациялау құқықтық, ұйымдастырушылық, практикалық шаралардан тұруы қажет. Ең бастысы, мемлекет бостандыққа шыққан адамдардың тұрмысын жолға қоюына, баспана табуына, жұмысқа орналасуына көмектесуі шарт.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу