Тұрмыстық техниканың бағасы қымбаттауы мүмкін

Бұған электроника импорты мен өндірісі үшін төленетін авторлық алым себеп.

Тұрмыстық техниканың бағасы қымбаттауы мүмкін

Елімізде шетелден әкелінетін тұрмыстық техниканың бағасы қымбаттайды. Алматыдағы  "Атамекен" Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасында жиналған бір топ бизнес өкілдері мен сарапшылар осылай мәлімдеді, деп хабарлайды Іnbusiness.kz тілшісі. 

Сала өкілдерінің айтуынша бұған 1996 жылы қабылданған Авторлық құқық туралы заңның 26-бабы ықпал етеді. Құжатқа сәйкес дыбыстық және бейне материалдарды көрсететін техника импорттаушылары оның авторларына ақы төлеуге тиіс. "Катэкс" Қазақстан электр тұрмыстық, компьютерлік техника сауда компаниялары мен тауар өндірушілер қауымдастығы" ЗТБ-ның төрағасы Сергей Архипкин бұл заңның 24 жыл бойы қолданылмағанын тілге тиек етті. Ал құжаттың күшіне енуіне 2019 жылы Әділет министрлігінің бастамасымен Үкіметтің импорттық тауарларға ең төменгі мөлшерлеме қосу туралы қаулы қабылдауы ықпал еткен. 

"Бұл қаулыда Кәсіпкерлік кодекс ескерілмеген. Кәсіпкерлерге ықпал ететін кез келген құқықтық құжат арнайы сараптамадан өтуге тиіс. Сонымен қатар олар Бюджеттік кодекстің де мазмұнын қарастырмаған. Ешқандай есеп-қисап жүргізілмеген. Нәтижесінде импорттаушылар ұялы телефон, теледидар, планшеттердің кедендік құнынан 0,7% алым төлеуге тиіс", – дейді қауымдастық басшысы. 

Сондықтан тауар импорттаушылар Alvin Market тәуелсіз аудиторларының көмегіне жүгініпті. Аталған компания авторлық құқық, құрылғылар арқылы деректерді көшіруге байланысты нарықта талдау жүргізген. 

"Тәуелсіз аудиторлардың зерттеуіне сүйенсек, респонденттердің 84%-ы авторлық мазмұнды мүлдем көшірмегендерін айтты. 59%-ы YouTube немесе Vimeo арқылы бейне материал көргенде тегін контентке басымдық береді екен. Сонымен қатар респонденттердің 66%-ы авторлық алым енгізуді әділетсіз шешім деп санайды. 88%-ы әр құрылғыдан алым алынады дегенді қате деп есептейді. Сондай-ақ, электроника қолданушыларының 83%-ы олар мүлдем тыңдамайтын, оқымайтын және қарамайтын авторларға ақы төлеуге мәжбүр болатындықтарын әділетсіз екенін айтады", – дейді Сергей Архипкин. 

Қорыта келе, Alvin Market компаниясы көптеген адам құрылғылар арқылы деректерді көшірмейді, керісінше интернеттегі немесе телеарналардағы мазмұндарды қарау үшін ғана пайдаланылатынын анықтаған. Ал авторлық алым енгізілсе, Ұлттық бюджетке тұрмыстық техника өндіру мен импорттаудан түсетін қаржы 2%-ға қысқарып, Қазақстанда электроника импорты 2%-ға төмендеуі мүмкін. Бұған қоса елімізде техника бағасы 4%-ға қымбаттайды. Мәжіліс жанындағы жұмыс тобының мүшесі, заң ғылымдарының кандидаты Темірлан Төлегенов бұл қаржы жеке адамдардың қалтасына түсетінін айтады. 

"2020 жылы республика бойынша тұрмыстық техниканың айналымы 500 млрд теңгені құраған. Ал мұндағы авторлық алым шамамен 5-6 млрд теңге. Бұл қаржы бюджетке емес, жеке тұлғалар мен белгісіз компаниялардың шотына түседі. Мәселен, "Қазақстан" телеарнасының дыбыстық контентіне зерттеу жүргізілген. Арнадағы дыбыстық сүйемелдеудің 70%-ы шетелдік авторларға тиесілі екені анықталды. Демек бұл қаржының барлығы сыртқа кетеді. Сондықтан Финляндия, Ұлыбритания сынды дамыған мемлекеттер мұндай тәжірибеден бас тартқан. Осылайша олар кәсіпкерлердің мүддесін қорғап отыр", – дейді авторлық құқық жөніндегі сарапшы. 

Сондықтан сала өкілдері 1996 жылы қабылданған заңды қайта қарап, заман талабына лайықтау керек деп есептейді. Сонымен қатар жуырда сарапшылар Президент пен Бас прокурорға хат жазып, авторлық құқық бойынша заңды жетілдіру туралы ұсыныстарын жеткізбекші.  

Құралай Құдайберген
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу