Тұрмыстық зорлық-зомбылық: бір жыл ішінде не өзгерді?

798

Былтыр Президент тапсырмасымен тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік қатаңдатылды.  

Тұрмыстық зорлық-зомбылық: бір жыл ішінде не өзгерді? Фото: Shutterstock

Нәтижесінде өткен жылы 79 мыңнан астам заң бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 1 мыңнан астам азаматқа қатысты қылмыстық іс жүргізілді, деп жазады inbusiness.kz. 

Жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 300-ге жуық әйел зардап шегеді, кемінде 80 әйел қайтыс болады. Күн сайын Ішкі істер органдарына отбасылық қарым-қатынастар саласындағы құқықбұзушылықтар туралы 300-ге дейін хабарлама келіп түседі. Полиция қызметкерлерінің пайымдауынша, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың негізгі себептері — ішімдікке салыну, отбасылық қиын жағдайлар. 

Былтыр Президент тапсырмасымен тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік қатаңдатылды. Қылмыстық, әкімшілік кодекске түзетулер енгізілді. Енді әкімшілік іс қозғалу үшін арыз беру міндетті емес, заңға қарсы жағдайды полиция өздігімен анықтауға құқылы. Соңғы шешім мен бағалауды сот шығарады. 

"Біз мәжіліс депутаттары ретінде заңнамаға әртүрлі түзетулер енгіздік. Түзетулерге тоқталсақ, бірінші кезекте татуласу мәселесі қозғалды, енді сот арқылы тек бір рет қана келісімге келуге болады, екінші мәрте іс қаралған жағдайда татуласу мүмкін емес. Екіншіден, полиция қызметкерлері өтініш, арызсыз-ақ, зорлық жағдайларын анықтап, іс жүргізе алады немесе куәгерлердің хабарламасын ғана негізге ала алады. Үшіншіден, қамауға алу мерзімін 15 күннен 25 күнге дейін создық. Төртіншіден, қылмыстық жауапкершілік енгізілді", — деп түсіндірді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Наталья Григорьевна. 

Жаңа заң шеңбері аясында өткен жылдың екінші жартысында тұрмыстық жанжал туралы 5000-нан астам өтініш келіп түсті. Оның 64%-ына қатысты әкімшілік іс қозғалды, яғни әкімшілік жауапкершілікке тартылғандар саны екі есе өсті. 27 мыңнан астам отбасы сотта татуласты. 

"Сонымен қатар Министрлік тұрмыстық зорлық-зомбылық бой алған отбасылармен жанжалдың алдын алу бойынша жұмыс жүргізуді қолға алды. Жалпы былтыр полицияға тұрмыстық жанжал жайлы 100 мыңнан астам өтініш, арыз келіп түсті, оның ішінде 15 мың фактіні полиция қызметкерлері өздігімен анықтаған. Барлық жағдайларға қатысты кінәлілер жауапқа тартылды. Әрбір ұрып-соғушы қол көтергені үшін заң алдында жауап беретінін білуі керек: 5 күнге қамаққа алынудан бастап өмір бақиға бас бостандығынан айыру көзделген. Өткен жылы 79 мыңнан астам заң бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 1 мыңнан астам азаматқа қатысты қылмыстық іс жүргізілді", — деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының м.а. Ренат Зулхаиров. 

Әкімшілік полиция хабарлауынша, зорлық-зомбылықтың себебін анықтап, алдын алу үшін арнайы шаралар қолға алынды: полиция қызметкерлерінің көзіне түсіп, күдік тудырғандармен 100 мыңнан астам кездесу жүргізілді. Әрбір отбасыға қатысты тәуекелді бағалау қағазы толтырылады (тамыз айынан бастап 18 мың — ред.), ондағы көрсеткіш жоғары болса, жеке алдын алу жұмыстары жүргізіледі. 

"Жәбірленушіні қорғау мақсатында жергілікті учаскелік полиция қызметкерлерімен 87 мыңнан астам қорғаныс туралы бұйрықтар шығарылды, ал полицияның өтініші бойынша соттар құқық бұзушылардың мінез-құлқына, оның ішінде алкогольдік ішімдіктерді пайдалануға тыйым салумен 15 мыңнан астам ерекше талаптарды белгіледі. Мұндай азаматтар тәртіп сақшыларының жіті назарында, мысалы, Павлодар облысында мониторинг барысында ішіп алған ұлы анасымен қайта жанжалдасқаны анықталды, ол сот шешімімен 20 тәулікке қамалды. Жалпы қорғаныс туралы бұйрықты бұзған 2700 агрессор, арнайы тәртіпті елемеген 6000 азамат сот арқылы тұтқынға алынды. Мониторинг пен күнделікті үй-үйді аралау арқасында ата-ана міндетін орындамайтын 8 мыңнан астам ата-ана есепке алынды, оның ішінде 1 мың адамның құқығы шектелді", — деп түсіндірді полиция қызметкері. 

Алдағы уақытта денсаулыққа әдейі жеңіл зиян келтіруді және ұрып-соғуды қылмыстық жауапкершілікке тарту жоспарлануда. Ішкі істер министрлігінде тұрмыстық зорлық-зомбылықпен ғана айналысатын арнайы бөлімше ашу тапсырылды. 

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жанна Асанованың айтуынша, зорлық-зомбылықпен күресуде заңға өзгерістер мен түзетулер енгізу жеткіліксіз, ең бастысы халық санасымен жұмыс істеу керек. 

"Тұрмыстық зорлық-зомбылық — жалпы қоғам індеті. Оған бір ғана заң қарсы тұра алмайды. Жалпы халықтың санасымен, түрлі институттармен жұмыс істеу керек. Интернет пен әлеужелі пайда болғалы тәуекелдер саны артты, ақпараттық алаңда зорлық жағдайлары кеңінен айтылып жүргені — жақсы, бірақ қоғамның пікірі, талқысы мен айыптауы — жаман. Мысалы жақында Алматы облысы, Қарасай ауданында бір қызды жылдар бойы зорлап келгені жайлы ақпарат тарады, пост астында адамдар оның есірткі қабылдайтыны, өзі кінәлі екені жайлы жарыса пікір қалдырғандардың көптігін көруге болады. Бұл да бір қоғам санасының көрінісі. Адам өзін-өзі бақылай алмайтын күйде болса (есірткі қабылдаған, ішіп алған, психикалық жағдайы нашар — ред.), оны зорлауға не ұрып-соғуға болады деген сөз емес қой, менің ойымша, мұндай жағдайда керісінше жауапкершілікті арттыру керек", — деді депутат. 

Егер сіз тұрмыстық зорлық-зомбылық жәбірленушісі болсаңыз тәулік бойы жұмыс істейтін 111, 115 нөмірі бойынша сенім телефондарына хабарласып, кеңес пен қолдау ала аласыз. Ал тұрмыстық жанжал куәгері болған жағдайда қалыс қалмай, полиция бөлімшесіне хабарласқаныңыз абзал, деп кеңес береді полиция қызметкерлері.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу