Енді облыс орталығынан 500 отбасыға арендалық жатақхана тұрғызылады. Бұл үй алуға шамасы келмейтіндерге әжептәуір мүмкіндік болады. Себебі қолма-қол қаражатқа немесе несиеге баспана сатып алуды кез келгеннің қалтасы көтере бермейді. Мәселен, Аружан Мұратханова өзінің жеке пәтерінің болғанын армандайды. Қазір екі бөлмелі пәтердің бір бөлмесін жалға алып отыр.
"Баламыз екеуміз тараздық қарияның үйінің бір бөлмесін жалға алып отырмыз. Бағасы – айына 15 мың теңге. Өзім мейрамханада ыдыс жуамын. 7-20-25 бағдарламасы туралы естідік, өте ыңғайлы екен. Енді сол арқылы құжатымды тапсырып, үй алсам деген ойым бар", – дейді Аружан. Төмен пайызбен үй алуға мүмкіндік беретін бұл бағдарламадан Аружан сынды мыңдаған адам үмітті.
Жамбыл облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бөлім басшысы Марат Жарболовтың айтуынша, қазіргі таңда өңірде 20 кредиттік үйдің құрылысы жүріп жатыр. Оның 9-ы осы тамыз айында пайдалануға беріледі. "Ол үйлер 7-20-25 бағдарламасы аясында тұрғындарға тапсырылады. Оны жас отбасылар мен ұстаздардың сатып алуына мүмкіндіктері мол" , – дейді жергілікті әкімдік өкілі.
Тараз қаласында 2 бөлмелі пәтердің бағасы 7-8 млн теңгеден басталады. Алайда табысы шай-пұлынан артылмайтын, көпбалалы отбасылар үшін бұл қаражатты табу әлбетте қиын. Сондықтан жергілікті билік кезекте тұрған тұрмысы төмен отбасыларға арендалық жатақхана салып бермек.
"Ол үйлерді жалдау құны қымбат болмайды. Тек коммуналдық шығындарын ғана төлейді. Ол шамамен 4-5 мың теңге. Барлық көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың проблемасы толықтай шешіледі деп айта алмаймыз, дегенмен аса мұқтаж отбасылар пәтерден-пәтерге көшіп жүрмейді. Өз пәтерлеріне ие болғанша, осы арендалық үйлерде тұрады", – дейді Жамбыл облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Ағабек Мырзабеков.
Әсел Мұратбекқызы