Туроператорлар неге тулады?

Сырттан қонақ күтіп алушылар да сыртқы туризммен айналысатындармен бірдей "Туристік Қамқор" қорына жарна төлеуге міндеттелгелі тұр.

Туроператорлар неге тулады?

Әңгіменнің "әлқиссасын" мына мәліметтермен бастасақ. 2012 жылы "OnTravel" туроператоры арқылы ұшқан 450 турист Грекиядан, 2013 жылы "Qualitumtur" туроператоры арқылы ұшқан 620 турист Түркиядан, 2014 жылы "ГульнарТур" арқылы ұшқан 4250 турист Түркиядан, 2015 жылы "TravelSystem"арқылы ұшқан 7400 турист тағы да сол Түркиядан елге қайта алмай қалған. Барлық жағдайларда отандастарымыз мемлекеттің тікелей кірісуімен, мемлекет қаражатының күшімен елге қайтарылған.

Осындай жағдайларды мейілінше жылдам шешу мақсатында 2016 жылы 21 қазанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің №608 Қаулысымен "Туристік Қамқор" Корпоративтік қоры құрылған болатын. Қордың басты мақсаты шетелдерге сапарлап барған отандастарымыз келеңсіздікке тап болып, елге қайта алмай қалатындай жағдайлар туындағанда мәселесін шешу, елге аман-есен қайтару. Қор қаржысы осындай мақсаттарға жұмсалуға тиіс.

"Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы" ҚР заңы бойынша сыртқы туризммен айналысатын туроператорлардың барлығы осы қорға жарна аударуға міндетті. Ал, бұл миллиондаған қаржы. Заң болғанымен оның орындалуына кедергі келтіріп тұрған мәселелер бар. Мәселен, сыртқы туризммен айналыссаңыз да, сырттан қонақ күтіп алумен айналыссаңыз да алатын лицензияңыз біреу. Туроператорлардың тулайтын да жөні бар. Егер, сіз сыртқы туризммен айналыспасаңыз неліктен пәлен миллиондаған қаржыңызды "Туристік Қамқор" қорына аударуыңыз керек?!

Мінекей, осындай түсініспеушіліктерді шешу мақсатында бұл заң қайта қаралмақ. Сыртқы туризм мен сырттан қонақ күтіп алушылардың лицензиялары жеке болу-болмауы екіталай дүние. Бізге белгілісі мынау: егер, Парламент қабырғасында қаралып жатқан заң осы күйінде қабылданып кетсе, аталмыш қорға жарна төлемеген, қор құрамына кірмеген туроператорлар айыппұл төлейтін болады.

Айсұлтан Мұхамедияұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу