Тұрсынбаева – әлем чемпионатының күміс жүлдегері

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2165

Қазақ қызы тұңғыш рет мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатының жүлдегері атанды.

Тұрсынбаева – әлем чемпионатының күміс жүлдегері

Мәнерлеп сырғанаудан Жапонияның Сайтама қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында Элизабет Тұрсынбаева тарихи жетістікке қол жеткізіп, күміс медаль жеңіп алды. Қоссайыс қорытындысы бойынша 224,76 ұпай жинап, екінші орынға ие болды.

Элизабет қысқа бағдарламада 75,96 ұпай еншілеп, үшінші орынға ие болған. Бұл оның осы маусымдағы ең үздік нәтижесі еді. Оның алдын тек Ресей қызы Алина Загитова (82,08) және Жапония аруы Каори Сакамото (76,86) орап кеткен болатын.

Ал еркін бағдарламада қазақ қызы бүкіл әлемді таң қалдырды. Нақтырақ айтқанда, Salchow элементін төрт айналып орындап, тарихқа есімін қалдырды. Бұлай дейтін себебіміз, бұған дейін бұл элементті әйелдер арасында ешкім орындаған жоқ болатын.

Әрі еркін бағдарламада 148,80 ұпай еншілеп, екінші орынға ие болды. Қоссайыста да 2-орынға көтеріліп, әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Сонымен қатар, қазақ спорты тарихында мәнерлеп сырғанаудан бүкіләлемдік біріншілікті бірінші рет жүлдеге іліккен қызымыз болып отыр.

Жалпы, мәнерлеп сырғанау спортынан әлем чемпионатында Қазақ елі спортшылары бұған дейін тек екі рет жүлде алған болатын. Марқұм Денис Тен 2013 жылы күміс, ал 2015 жылы қола жүлдегер атанған. Енді әйелдер арасында да осындай ерен жетістікке қол жеткізіп отырмыз.

Әлем чемпионаты. Мәнерлеп сырғанау. Әйелдер. Қорытынды есеп:

1. Алина Загитова (Ресей) – 237,50

2. Элизабет Тұрсынбаева (Қазақстан) – 224,76

3. Евгения Медведева (Ресей) – 223,80

4. Рика Кихира (Жапония) – 223,49

5. Каори Сакомото (Жапония) – 222,83

6. Сатоко Мияхара (Жапония) – 215,95

7. Бради Теннелл (АҚШ) – 213,47

8. Софья Самодурова (Ресей) – 208,58

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу