Тұрсынбай Құлахмет алғашқы раундта қарсыласын нокаутқа жіберді

1803

Қазақстандық боксшы Тұрсынбай Құлахмет бірінші орта салмақта WBC International атағын сәтті қорғады. Ол Дубайда (БАӘ) өткен бокс кешінде өнер көрсетті.

Тұрсынбай Құлахмет алғашқы раундта қарсыласын нокаутқа жіберді

Тұрсынбай осыған дейін 20 рет жеңіске жетіп, оның 13 кездесуін нокаутпен аяқтаған тәжірибелі венесуэлалық Хебер Рондонға қарсы шаршы алаңға шықты. Ал спорттық мансабында кәсіпқой бокстағы үшінші кездесуін өткізген қазақстандық боксшы он раундқа есептелген жекпе-жектің алғашқы раундында-ақ қарсыласын нокаутқа жіберді.

Осылайша Тұрсынбай Құлахмет WBC International атағын қорғап қалды. Бұдан бөлек ол 2019-жылы өткен Азия чемпионатының жеңімпазы және 2019-жылы өткен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері болып табылады. Қазақстандық боксшыны қазіргі таңда Ұлыбританиядағы беделді мамандардың бірі Джейми Мур жаттықтырады. Ол Карл Фрэмптон, Джек Каттералл, Рокки Филдинг, Стивен Уорд сияқты боқсшылармен жұмыс жасаған. Сонымен қатар Мур Геннадий Головкиннің бұрынғы қарсыласы Мартин Мюррейді де жаттықтырған.

Естеріңізге сала кетсек, Дубайда өткен бокс кешінде тағы бір қазақстандық боксшы Жанқош Тұраров (24-0, 17 КО) рингке шығуы тиіс болатын. Ол бокс кеші аясында Тайрон Маккенна (21-2-1, 6 КО) қарсы жекпе-жекте WBO Inter-Continental атағын қорғауы керек еді. Алайда Жанқоштың короновирусқа тапсырған сынамасы оң нәтиже көрсетіп, кездесу кейінге шегерілді.

"Өкінішке орай, Жанқош Тұраров ұлыбританиялық Тайрон Маккеннаға қарсы өтетін жекпе-жектен бас тартуға мәжбүр болды. Жекпе-жек кейінге қалдырылды және таяуда қайта ұйымдастырылатын болады", - деп D4G Promotions атынан ұйымдастырушылар хабарлады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу