Алматыда "МТК Қазақстан" ұйымдастырған кәсіпқой бокс кешінде бірнеше кездесу өтті. Бірінші орта салмақта WBC International титулы үшін күресте қазақстандық Тұрсынбай Құлахмет (3-0, 2 КО) пен "Рокки" лақап атымен танымал ресейлік Алексей Евченко (19-14-2, 8 КО) кездесті. Жекпе-жек он раундқа есептелген болатын.
Кездесу бастала салысымен Құлахмет қарсыласын нокдаунға жіберді. Бірақ Евченко орнынан тұрып үлгерді. Дегенмен, жекпе-жек соңғы раундқа дейін жетті. Алдымен қазақстандық қарсыласын сұлатып түсірді. Содан кейін төреші жекпе-жекті тоқтатуға мәжбүр болды. Нәтижесінде Құлахмет техникалық нокаутпен жеңіске жетті. Осылайша белбеуін қорғап, кәсіпқой рингтегі төртінші жеңісін тіркеді. Евченко мансабында 15-ші жеңіліске ұшырады. Айта кетейік, Құлахмет Азия чемпионы және 2019-жылғы Әлем чемпионатының қола жүлдегері.
Дегенмен, ресейлік боксшы Алексей Евченко (19-15, 8 КО) жекпе-жекте техникалық жеңіліс тапты деген төрешінің шығарған шешімімен келіспейтіндігін мәлімдеді.
"Ешқандай нокаут болған жоқ. Мен шаршаңқы болдым. Бірақ, өзімді жақсы сезіндім. Егер есеңгіреп қалсам, онда өзім айтар едім. Мен одан ұялмаймын. Құлахмет – мықты жігіт. Ол маған көп соққы бағыттады. Бірақ нокаут болмады. Сырт көзге мүмкін бірден көрінетін шығар. Әрине, мен жеңілдім. Жаттығуларым шектеулі болды, спарринг бойынша әдеттегі серіктестерім болған жоқ. Қарсыласым сауатты және тәжірибелі боксшы. Мұндай боксшылармен кездесу тамаша өтеді. Қазір бабымдамын. Маған солақай боксшымен дайындық жеткіліксіз болды. Жеңіске жетуге мүмкіндігім бар еді. Бірақ бүгін Құлахмет жеңді. Ол абыроймен жеңіске жетті. Барлық раундтарда мықты болды", - деді Евченко.
Сонымен қатар осы бокс кешінде екінші жеңіл салмақта WBO European белбеуі үшін күресте WBC жастар арасындағы Әлем чемпионы қазақстандық Сұлтан Заурбек (10-0, 7 КО, Қазақстан) және бұрынғы Еуропа чемпионы шотландиялық Ронни Кларк (21-4-2, 10 КО) ) кездесті.
Жекпе-жек он раундқа есептелген болатын және жоспар бойынша өтті. Он раундтың қорытындысы бойынша төрешілер жеңісті бірауыздан Заурбекке берді. Қазір Сұлтанның еншісінде 11 кездесудегі 11 жеңіс бар. Ал Кларк мансабында бесінші рет жеңіліс тапты.
Бұдан бөлек, жастар Олимпиадасының финалисті және жастар арасындағы Азия чемпионы Талғат Шайкен (4-0) де кәсіби рингтегі бесінші жеңісіне қол жеткізді. Алматыдағы бокс кеші аясында 20 жастағы Шайкен 29 жастағы ресейлік Александр Шароновпен кездесті (12-5-2). Жартылай орта салмақтағы жекпе-жек сегіз раундқа есептелген, алайда соңына дейін жеткен жоқ. Жетінші раундта Шаронов соққы жіберіп алып, өз бұрышына кетті. Содан кейін ол кездесуді жалғастырудан бас тартты. Ресейлік дәрігер бірден оның жақ сүйегін тексерді. Осылайша, Шайкен бесінші жеңісіне қол жеткізсе, Шаронов мансабындағы алтыншы жеңіліске ұшырады.
Сондай-ақ қазақстандық ауыр салмақтағы Иван Дычко бірінші раундта ресейлік Денис Бахтовты (39-19, 26 КО) нокаутқа жіберіп, оныншы жеңісіне қол жеткізді.
Ермұхамед Мәулен