Түсініксіз тур болды

973

4-тур ойындарының екінші жарыс күні күтпеген нәтижелерге толы болды.

Түсініксіз тур болды

Турдың басты матчы "Астана Аренада" ойналды. "Астана" командасы "Ордабасыны" қабылдады. Соңғы уақытта ойын жағынан қатты күшейіп алған "Ордабасы" неге екені түсініксіз, негізгі ойыншыларын қосалқы құрамда қалдырды. Петрович, Матич, Абдухоликов, Тағыберген, Исламхан секілді ойыншылар түгел алаңға шықпады. Осының салдарынан ойын тізгінін өз қолына алған "Астан" екінші таймның бел ортасында гол салды. Абат Айымбетов берген пасты Марин Томасов голға айналдырды. Ал одан кейін Мамаду Мбодж өз қақпасына гол салып алды. "Астана" 2:0 есебімен жеңіске жетті.

"Тобыл" сырт алаңда ұпай жоғалтты. Біріншіліктің турнирлік кестесінің бас жағында тұрған қостанайлық команда осы кездесудің анық фавориті еді. Бірақ, өзі соққан голға алаң иелері жауап қатты. Теверов бұрыштама кезінде сәтті қимылдады. Талдықорғандық команда үшін бұл матчта бір ұпай еншілеу жалпы жаман көрсеткіш емес.

"Атырау" өз алаңында тас-талқан жеңілді. Бұл командаға сөз тиді ме, көз тиді ме, белгісіз. Жап-жақсы ойнап жатқан "Атырау" бірнеше мәрте гол сала жаздады. Алайда, Евгений Козлов деген ойыншысы қақпашымен бетпе-бет шығып гол сала алмады. Тіпті екінші таймда пенальти кезінде де аспанға тепті. Ал қарымта шабуылдарды жақсы ұйымдастыратын "Оқжетпес" қатарынан 4 гол салып, алаң иелерін абдыратып тастады.

"Ақтөбе" өз алаңында "Қызылжарға" жеңіледі десе ешкім сенбес еді. Матч барысында қонақтар сенімді қимылдап гол салды. Пенальти белгіленіп оны да голға айналдырды. Әлібек Қасым "Ақтөбе" сапынан бір гол салып еді, "Қызылжар" да жауап берді. Әли Әлиевтің командасы 3 ұпай еншіледі.

Енді келесі тур, 8 сәуір күні ойналады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу