Туысқан ел бір салада әлемді артқа тастады

2062

Орталық Азияда құны 3 және 5 миллиард доллар болатын, әлемде теңдесі жоқ құрылыстар басталуда. 

Туысқан ел бір салада әлемді артқа тастады Фото: ЖИ

Осыдан біраз ғана бұрын Өзбекстан десе, сарапшылар жарыққа жарымаған, Ресей газына қатты тәуелді, қуат тапшылығы туралы таусылмайтын жыры бар ел туралы сөз ететін. Оңтүстік көрші енді бұл жағдайды күрт өзгертті, деп жазды inbusiness.kz.

Бүгінде республиканың солтүстік-батысында ауқымды құрылыс қарқын алуда: мұнда нағыз "жел қабырғасы" – қуаты мыңдаған мегаватт болатын, заманауи аккумуляторлар мен жүздеген шақырым жаңа желілерге ие болашақтың алып энергетикалық кешені бой көтеріп жатыр.

Ең ірі жел электр станциясының құрылысы басталды

Егер экраннан тұтас алқапты немесе теңіз бетін жайлаған жел турбиналарының алып қалақшаларын көрсетсе, жаһан жұртшылығы мұны Қытай, АҚШ, Нидерланд, Дания, Канада немесе Үндістан деп ойлайтын. Ал Өзбекстан осы әлемдік нарықтың тәжірибелі ойыншыларын тегіс артта қалдырып, жасыл энергетикада революция жасап жатыр.

Өзбекстанның солтүстік-батысында – Қарақалпақстанда әлемдегі ең ірі жел электр станциясының құрылысы басталды. Қуаты 1,5 гигаватт болатын бұл мегажоба Сауд Арабиясының ACWA Power компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылуда, деп хабарлады ӨР Энергетика министрлігі.

Айта кету керек, Қарақалпақстан Республикасы – Өзбекстанның аумағы бойынша ең үлкен өңірі: ел аумағының шамамен 40%-ын алып жатыр. Ол Әмударияның төменгі ағысында, Арал теңізінің оңтүстік және батыс жағалауында орналасқан, сондай-ақ Үстірт платосы, Қызылқұм шөлінің батыс бөлігі осы өңірдің аумағында. Ірі жел парктерінің, соның ішінде сөз болып отырған "Қоңырат жел паркінің" осы өңірде салынуы да географиялық тұрғыдан дәл осы аймақтың табиғи ерекшеліктеріне байланысты.

ACWA Power компаниясының дерегінше, Қарақалпақстандағы Қоңырат жел паркі жобасының құны қазірдің өзінде 3,07 миллиард долларға бағаланып отыр. Ал оны іске қосу келесі 2027 жылға жоспарланған. Оның өндірген электр энергиясы Өзбекстанның ұлттық электр желілеріне 25 жылдық келісімшарт негізінде сатылатын болады.

Энергияның алып ағыны босқа құрымауы үшін құрылысшылар 1,5 мың шақырым жоғары вольтты электр желісін тартады. Сондай-ақ елдің біріктірілген энергожүйесіне қуатты жеткізу және бөлу жұмыстарын атқаратын 3 жаңа қосалқы станция салады. Министрлік бұл жобаның тек өңірдегі ғана емес, бүкіл әлемдегі ең ірі ЖЭС болатынын жариялады.

Алайда жаңғырулар тек алыс болашаққа ғана қатысты емес. Дәл осы өңірде қазірдің өзінде жалпы қуаты 300 мегаватт болатын, инновациялық энергия жинақтау жүйесімен жабдықталған 2 жел электр станциясы пайдалануға берілді.

Бір қызығы, Қоңырат жобасы "әлемдегі ең ірі ЖЭС" атағын ұзақ сақтап қала алмауы мүмкін. Өйткені араб инвесторлары бұдан әлдеқайда ауқымды идеяны жүзеге асыруға кірісіп жатыр. Әңгіме ACWA Power компаниясының Өзбекстан аумағындағы қуаты 5 гигаватт болатын алып "Aral Wind" ("Арал желі") атты мегажобасы жайында.

Бай инвестордың жоспары өкпек желі тоқтаусыз ұйытқыған бұл өлкеде әрқайсысы 1 гигаватт болатын бес станцияны тұрғызуды қарастырады. Оның алғашқысын 2031 жылдан бастап іске қосу жоспарланған. Осылайша, Өзбекстан өңірдің "минусын" "плюске" айналдырып, Қарақалпақстанды жел энергетикасының жаһандық алып өндірістік алаңына айналдырып жатыр.

Өзбек ағайындардың бұл істі тақырдан тұрғызғаны тамсандырып, тәнті етеді. Халықаралық энергетикалық агенттіктің мәліметінше, тіпті бертінде, 2019 жылы Өзбекстандағы күн және жел генерациясының үлесі бар болғаны 0,02% құраған еді. Содан бері төрт жыл өткенде, 2023 жылы елдегі электр энергиясының шамамен 90%-ы әлі де қазбалы отыннан, ең алдымен табиғи газдан өндіріліп келген. Күн мен жел генерациясы бірігіп, 1%-дан аз еншіге әзер қол жеткізетін.

Содан бергі бір-екі жыл ішінде туысқан елде тұтас дәуір ауысты! 2024 жылы күн және жел станциялары шамамен 4,86 миллиард кВт/сағ энергия өндірді. 2025 жылғы көрсеткіш одан да ғаламат: 10,5 миллиард.

2025 жылдың қорытындысында су энергетикасын қоса есептегенде, барлық "жасыл" генерация шамамен 16,8 миллиард кВт/сағ жетті. Яғни, қазіргі кезде елде өндірілетін электр энергиясының жалпы көлемінің бестен бірі – жасыл қуат.

2026 жылдың ақпан айында ӨР Энергетика министрлігі тағы бір мәліметпен таңғалтты. Бір ғана күн станцияларында 2026 жылы бір миллиард киловатт-сағат қуат өндіру белесі 13 ақпанда-ақ бағындырылды. 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өндіріс 40%-ға өскен.

Шаң басқан күн панелдері, жоғалған қаржы: экожобалардың көлеңкесі

Шенеуніктердің көркем есептері мен энергетикаға құйылған миллиардтаған инвестициялардың астарында көңілсіз жайттар да жасырулы жатыр. Халықаралық және жергілікті ақпарат құралдары өзбекстандық ұлттық энергожелінің алапат дағдарыста тұрғанына назар аудартуда. Бірақ бұл дағдарысқа тек қаржы тапшылығы немесе электр энергиясының жетіспеушілігі ықпал етіп отырған жоқ.

Себебі, соңғы 10 жылда республика электр энергетикасына 23 миллиард доллар шетелдік инвестиция тарта алды. Соның арқасында 9,5 гигаватт жаңа қуат көздерін іске қосты. Бұдан бөлек, желілерді жаңартуға бюджеттен тағы 30 триллион сум (шамамен 2,5 млрд доллар) бағыттады.

Алайда тек 2026 жылдың маусым және шілде айларында электр желілерінде 4 мыңға жуық апат орын алған. Салдарынан жекелеген аудандар мен қышлақтардың тұрғындары да, кәсіпорындар да 8-10 сағаттан 4 тәулікке дейін жарықсыз отырған.

Жақында өткен жиында Президент Шавкат Мирзиёев "мәселе ақшаның жоқтығында емес, жүйені дұрыс басқара алмауда" деп мәлімдеді. Кеңес қорытындысында қатаң кадрлық шешімдер қабылданды: елдің энергетика министрі Жорабек Мирзамахмудов пен "Өңірлік электр желілерінің" басшысы қызметтерінен айырылды. Тағы төрт салалық ірі кәсіпорынның басшыларына жыл соңына дейін сынақ мерзім белгіленді.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, елдегі қуат көздері жеткілікті: 2026 жылы билік электр өндірісін 90 миллиард киловатт-сағатқа жеткізуді көздеп отыр.

Бірақ бұл ресурс тұтынушыларға жеткенше, жолай біраз рәсуа болады екен. Электр желілеріндегі шығындар 17,2%-ға жетті. Тек биылғы бірінші жартыжылдықтың өзінде 4,8 миллиард киловатт-сағат жолшыбай жоғалды: бұл тұтас ірі электр станциясының жылдық өндірісіне барабар көлем.

Тағы бір проблема – есепке алуда. Жүздеген мың электр және газ есептегіштері бірыңғай жүйеге деректерді бермейді. Соның кесірінен энергетикалық компаниялар ресурстарының шынымен қай жерде қаншасы тұтынылғанын, қай жерде техникалық шығынға кеткенін немесе қай жерде ұрланғанын нақты анықтай алмайды.

Дағдарыстың объективті алғышарттары да бар. Энергетика сарапшысы, РФ Примаков атындағы ҰӘЖЭИ Орталық Азия секторының меңгерушісі Станислав Притчин түсіндіргендей, тәуелсіздік алғалы бері Өзбекстан халқы 19 миллионнан 38 миллион адамға дейін өсті.

"Оның үстіне ел экономикасы өте қарқынды дамуда. Жаңа тұрғын үй кешендері, алып кәсіпорындар бой көтеруде. Осының бәрі желілерге түсетін салмақты арттырды. Өзбекстанның энергожүйесі кеңес кезінде арзан әрі қолжетімді газға негізделіп салынған еді. Бірақ көгілдір отынның өндірісі азайып барады: ескі кен орындары сарқылып, жаңалары күрделі технологияларды талап еткендіктен, 2026 жылдың қаңтар–наурыз айларында өндіріс 11,3 миллиардтан 9,6 миллиард текше метрге дейін (шамамен 15%-ға) төмендеді", – деді сарапшы.

Бұдан өзге, кейінгі жылдары Өзбекстанға да келген аномалді аптап ыстық та желілерге түсетін ауыртпалықты ұлғайтты. 2026 жылдың жазында тәуліктік сұраныс рекордтық 301,9 миллион киловатт-сағатқа жетті: бұл өткен жаздағы ең жоғары көрсеткіштен шамамен 11%-ға артық.

Ауа температурасы 44-46 градусқа жеткенде, кондиционерлер жаппай қосылады. Салдарынан қуат тұтынудың шырқау шегі бұрын тек қыс мезгілінде тіркелсе, енді жазда да қайталанатын болған.

Сонымен қатар, алып экожобаларды жергілікті табиғи жағдайлар да жатсынады екен. Қарақалпақстандағы орасан шаңды дауылдар мен ұйытқыған аңызақ желдер күн станцияларының фотопанелдерін тонналаған ұсақ құммен лезде көміп тастап тұрады. Соның кесірінен, олардың қуат өндіру әлеуетін, пайдалы әсер ету коэффициентін бірден нөлге түсіреді.

Долы дауылдар металл конструкцияларды жұлып әкетеді. Мысалы, таяуда Шерабад күн станциясында табиғат стихиясы жүзге жуық панелдің парша-паршасын шығарып, металл сынығына айналдырған.

Қалай болғанда, Өзбекстан жасыл энергетиканы климат төңірегіндегі әлемдік сәнді трендке еру үшін емес, өмірлік қатаң қажеттілікке байланысты қолға алып отыр. Елде электр энергиясын тұтыну еселеп өсіп келеді. 2025 жылы электр энергиясының өндірісі 86,7 млрд кВт/сағатқа жетті. Билік сұраныстың ары қарай өсетінін күтуде: 2035 жылға қарай қажеттілік 121 млрд кВт/сағаттан атасы деп бағаланды.

Ендеше бұл "үлкен ойында" тігілген стратегиялық бәс өте жоғары, тиісінше ресми Ташкенттің шегінуге ешқандай мүмкіндігі жоқ. Себебі, көмірсутектердің дәстүрлі қоры мен ескі газ кен орындары қарқынды түрде сарқылып жатыр. Ал, ішкі энергия тұтынуды демографиялық дүмпу мен үдемелі индустрияландыру қарқынды түрде арттыруда.

Өзбекстан үшін жасыл энергетика – тәуелсіз мемлекет ретінде аман қалудың, өнеркәсіптік егемендікті сақтаудың және экономиканың базалық қажеттіліктерін қамтамасыз етудің жалғыз мүмкіндігі.

Бір жақсысы, бұл "ұлы жорықта" өзбек ағайындар мықты одақтастарының қолдауына сүйенеді. Ауқаты аспандаған араб инвесторлары сыртында, Еуропа да Өзбекстанға көмекке келді. Еуропа қайта құру және даму банкі бұл республикада 1 336 МВт/сағ қуатты жинақтайтын аккумуляторлары бар 1 ГВт алып күн генерациясы жобасын қаржыландыруда.

Gezhouba Group, China Energy Engineering Corporation және SANY сияқты жетекші компанияларының күшімен Қытай да Өзбекстанда жаңғыратын энергия көздері (ЖЭК) саласындағы ауқымды жобаларын белсенді түрде жүзеге асырып жатыр.

ҚХР компанияларының қатысуымен Өзбекстандағы ЖЭК саласындағы жүзеге асырылып жатқан және жоспарланған қытайлық жобалар портфелінің жалпы құны 9 млрд доллардан асты. Бұл жобалар жалпы қуаты 10 гигаватт электр өндіре алады. Осылайша, оңтүстік көршіміз жасыл энергетиканың жаңа астанасы атану алдында тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу