Тұздыбастаудағы алапат өрт жиһаз цехынан шыққан болуы мүмкін

3698

Куәгерлердің айтуынша, алты үйді өрт шалған.

Тұздыбастаудағы алапат өрт жиһаз цехынан шыққан болуы мүмкін Фото: total.kz

Алматы облысы, Талғар ауданына қарасты Тұздыбастау ауылында тұрғын үйлердің өртке оранғаны туралы суыт хабар тарады.

Осыған байланысты Талғар тасжолының екі бағыты да жабылды. Бұл ақпаратты растаған ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұловтың мәліметінше, 27 шілдеде сағат 22:10 шамасында Тұздыбастау ауылы Жібек жолы көшесінде орналасқан жиһаз цехынан шыққан өрт ауладағы уақытша тұрақ пен барақ тәрізді салынған үйлерді де шарпыған.

Өртті сөндіруге Алматы облысының Өрт сөндіру қызметінің 14 өрт сөндірушісі мен 3 техника жұмылдырылды және Алматы қаласы Өрт сөндіру қызметінің сегіз өрт сөндірушісі мен екі техникасы көмекке келді. Өрт аумағы шамамен 380 шаршы метр.  Өрт сөндірушілер өртті шамамен сағат 00:24-те ауыздықтаған. 

ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің хабарлауынша, 2017 жылы 27 шілдеде 22 сағат 10 минутта Талғар ауданының Тұздыбастау ауылындағы үйдің өртенуі туралы хабар келіп түскен. 22 сағат 11 минутта Талғар қаласының екінші арнайы мамандандырылған өрт бөлімінің екі бөлімшесі жолға шықты және кейінірек күш-құралдар тағы да көбейтілді. ТЖ комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов Талғар трассасындағы көліктердің көптігі өрт бөлімшелерінің оқиға орнына жылдам баруына кедергі келтіргенін атап өтті.

"Талғар трассасындағы көліктердің көптігінен және жақын өрт бөлімінің 20 шақырым жерде орналасуынан өрт сөндірушілер оқиға орнына 22 сағат 45 минутта жетті. Өрт орнына келгенде жиһаз цехының, екі тұрғын үйдің және екі жазғы тұрақтың өртеніп жатқаны анықталды. Тілсіз жаудың жақын тұрған тағы үш үйге ауысуына жол берілмеді. Өрттің тұтану себебін анықтау үшін Алматы облысы ТЖ департаментінің өрт зертханасының мамандары жіберілді. Өрттің таралуына өрт бөлімшелерінің айтарлықтай ұзақ қашықтықта орналасуы және баспаналардың тез жанатын материалдардан (ағаш, қамыс) тұрғызылуы себеп болған", – деді ол. Өртті сөндіруге Алматы қаласының арнайы бөлімдері де жұмылдырылған. Бірлесіп күш салу нәтижесінде, 470 шаршы метр аумаққа тараған өрт 00 сағат 24 минутта ауыздықталды және 01 сағат 16 минутта толық сөндірілді. "Сын айтатындар міндетті түрде табылады. Оларға айтарым – өрт сөндірушілер ешқашан сусыз келмейді, судың таусылып қалатын сәттері де болады. Кешегі өртте әрбір өрт автоцистернасындағы су 7-10 минутта таусылып қалды. Сондықтан үздіксіз сумен қамтамасыз ету мақсатында коммуналдық қызметің су тасушы көліктері шақырылды", – деп толықтырды Руслан Иманқұлов.

Өрттің салдарынан қамыстан салынған екі тұрғын үй және саманнан салынған жазғы тұрақ өртке оранған, екінші жазғы тұрақтың 35 шаршы метр болатын шатыры жанып кеткен. Аумағы 200 шаршы метр болатын жиһаз цехының мүліктері мен шатыры және УАЗ автокөлігі өртенген. Өрттен ешкім зардап шеккен жоқ.  

 "Жиһаз цехынан басталған өртті жел біздің жаққа бұрды. Анамның үйі ағаш үй болатын. Құжаттардың бәрі үйде қалып, жанып кетті. Анам сатұр-сұтыр еткен дыбыс естіп, жарық көргендігін айтады. Ол далаға жүгіріп шыққанында жиһаз цехының ауласы тұтас отқа оранғандығын көрген. Тұрғындар өрт сөндірушілерді шақырған. 3 үй тұтас өртеніп кетті, біреуін аздап өрт шалды. Әкемді ауыр жағдайда ауруханаға алып кетті. Қан қысымы көтерілген анам жедел жәрдем көлігінде отыр, ауруханаға барғысы келмейді", – дейді үйі өртенген Наталья Патронинаның ұлы. Куәгерлердің айтуынша, көршілері Тоқтақыновтардың үйлері тұтастай өртеніп кеткен. Олардың әке-шешесі ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген.

"Әрине өрттің себебін тиісті тұлғалар анықтай жатар, алайда менің ойымша өрт ұқыпсыздықтан болды. Бұл цех 2015 жылы ашылды. Оның заңсыз жұмыс істейтіндігін барлық көршілер біледі", – деді өртке қатысты өз пікірін білдірген Наталья Патронинаның ұлы.

Айта кетейік, өрт сөндіру кезінде өрт сөндіру қызметкерлеріне жергілікті тұрғындар көмек көрсетті. Өрт салдарынан Алматы мен Алматы облысының шығыс аудандарын байланыстыратын Талғар тасжолы жабылды.

Бұлбұл Болат 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу