Тьяго Кабеса: Ақтаудағы фанаттар бразилиялықтардан асып түседі

2057

Ақтаулық "Каспий" сапында керемет ойынымен көзге түсіп жүрген Тьяго Кабесамен сұқбаттасу бұрыннан ойымызда жүрген еді. "Каспий" - "Қайрат" матчынан кейін бразилиялық футзалшы сауалдарымызға ашық жауап берді.

Тьяго Кабеса: Ақтаудағы фанаттар бразилиялықтардан асып түседі

- Тьяго, мен Бразилияның көптеген қалаларында болған адаммын. Онда көшеде барлығы футбол ойнап жүреді. Ал футзалшылар қайдан шығатыны маған беймәлім. Футболда бағы жанбаған адамдар футзалға барып өз талантын сонда ашатын секілді көрінеді. Әлде мен қателесемін бе?

- Иә, барлығы солай ойлайды. Алайда, жағдай сәл басқаша. Футбол ойнайтындар бір бөлек, футзал ойнайтындар бір бөлек жаттығады. Футболда бағы жанбай, футзалға келгендер де баршылық. Бірақ, мен өз басым кішкентайымнан футзал ойнаған адаммын. Бразилиядағы атақты футбол клубтарының футзал командалары да бар. Ол жерде 13 жастан бастап жас балалар жаттығады. Сіз олардың ойындарын көрмеген шығарсыз. Себебі, Бразил жерінде футбол басты рөлге шығып кеткен.

- Риода жүрген кезімде такси жүргізушісі маған Бразилияда нөмірі бірінші спорт – волейбол деп айтты. Ал футбол дін секілді жоғары деңгейге көтеріліп кеткен деді. Сонда осы спорттардан кейін футзал қаншасыншы орында тұрады?

- Волейбол Олимпиадалық спорт түрі болған соң мемлекет ішінде жақсы бағаға ие. Алайда, футбол мен футзал адамдарға көп ықпал ететін спорт түрлері. Сондықтан да, бөліп-жарып айтуға болмайтын шығар. Десе де, өзіңіз түсінгендей футбол бәрібір бірінші орында. Соңғы кездері футзалдың да ел ішіндегі абыройы өсіп келе жатыр.

- Қазақстанда футзал жақсы дамығанын біліп келген шығарсыз. Игита мен Дуглас секілді жігіттерді Бразилияда жақсы тани ма? Олар Қазақстан атын әлемге танытып жүр ғой.

- Иә, Бразилия жерінде Игитаны да, Дугласты да жақсы таниды. Себебі, олар Еуропа мен Әлем чемпионаттары кезінде өздерін жақсы қырынан көрсетеді. Тіпті, біздің елде Игита мен Дугласқа ұқсағысы келетін балалар көп. Олардың фанаттары да біршама дер едім.

- Тьяго, Сізге Қазақстан ұлттық құрамасына ойнауға ұсыныс түссе қалай қарайсыз?

- Әлбетет, егер сондай ұсыныс түссе тек қана қуана келісер едім. Себебі, әр спортшыға ұлттық құрамада өнер көрсету зор абырой. Өйткені күллі елдің атынан жарысқа шығасың. Сондықтан да Қазақстан құрамасына ойнауға әрқашан дайынмын.

- Қазақстандағы бразилиялықтар бір-бірімен жақсы араласады. Мысалы, "Қайраттың" футзалшылары үлкен футболда жүрген ойыншыларды қолдап, қолпаштап жүреді. Ал Сіз Қазақстанда кімдермен араласасыз?

- Мен Қазақстанда жүргеніме көп уақыт болмады. Десе де, "Каспий" футболшысы Руан Телешпен жақсы араласамын. Себебі, ол да осы қалада тұрады. Ал негізгінен футзалдағы достарым Бразилияда жүр.

- Игита атақты футболшы Марселомен дос. Еуропада ойнап жүрген футболшы таныстарыңыз бар ма?

- Менің футболшылармен достығым сондай бай емес. Десе де, "Палмейраста" ойнаған Энрике Дорадо деген досым бар. Ол қазір Қытай чемпионатында доп теуіп жүр.

- Естуімізше Сіз Сан-Паулу қаласының тумасысыз. Бұл қаланың фанаттары екіге жарылады. Жартысы "Палмейрасқа", жартысы "Коринтиансқа" жанкүйер. Сіз солардың қайсысына жатасыз?

- Менің таңдауым – "Коринтиансқа" түскен. Сол команданың фанатымын.  

- Бразилиядағы адамдармен Ақтаудағы адамдардың менталитетінде айырмашылық бар деп ойлайсыз ба? Маңғыстаулық жанкүйерлер туралы қандай пікірдесіз?

- Бізде Бразилияда футбол фанаттары өте қызуқанды. Сол жағынан ақтаулықтарға өте ұқсас. Алайда, біздің елдегі көптеген матчтарда мынандай жанкүйерлерді көре бермейсіз. Ақтауда біздің әрбір матчымыз стадионға лық толған көрермендердің қатысуымен өтеді. Олар ғаламат атмосфера жасайды. Сосын, Қазақстанда футзал ойынының ұйымдастырылу деңгейі жоғары. Адамдар матчтың айналасындағы шаруаларды тиянақты істейді. Футзал ойнап, алаңға шығудан басқа ештеңе қалмайды. Қалған мәселенің барлығын шешіп тастаған. Барлығы сағат секілді өз кезегімен жүріп тұрады. "Каспий" футзал клубының қызметкерлері де сондай адамдар. Өз ісінің мамандары деп айтуға болады.

- Бразилия адамдары ән-би, той-томалақ дегенге құмар. Осы тұрғыда Қазақстандағы халықтың бет-бейнесін қалай елестетесіз? Мындағы адамдар сәл қатулы көрінбей ме?

- Мен мұнда қалаға көп шыға бермеймін. Жергілікті халықтың қандай екенін нақты айта алмаймын. Өзім танитын айналамда жүрген қазақтарға тоқталар болсам, олар үнемі күліп жүреді. Барлығы көңілді көрінеді. Сол жағынан олар бразилиялықтарға қатты ұқсас.

- Бразил асханасының дәмін татқан адам ретінде маған "пиканья" деген тамақ қатты ұнады. Сізге қазақ асханасынан қандай тағамдар ұнады?

- Шынымды айтсам мұндағы асхана Бразилиядағы біз жейтін тамақтарға қатты ұқсас. Ол жақта да осы күріш қой. Тек мында фасоль жоқ. Ал басқа тамақтар майлы болғаннан кейін мен оларды көп жемеуге тырысамын. Спортшы болған соң амал жоқ шектелуге тура келеді. 

- Тьяго Сіз қазір футзалдан Қазақстан чемпионатында үздік сұрмергендер тізімінде 33 гол салып, екінші орында тұрсыз. Альберт Ақбалықовты қуып жетсем деген ойыңыз бар ма?

- Жоқ, ондайды ойламаймын. Егер үздік сұрмерген боламын деп мақсат қойсам ол менің жеке ойыныма зиянын тигізеді. Алаңда өзімді ғана ойлап кетуім мүмкін. Маған одан гөрі команданың жеңгені қажет. Егер команда жеңбесе, менің салған голдарым кімге керек?! Сондықтан да бірінші кезекте команданың нәтижесі үшін жанымды саламын. Көп гол салып, менің арқамда команда жеңістерге жетіп жатса, міне сонда шын қуаныға болар еді.

- Сұқбатыңызға рахмет.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу