Тыңайтқышқа берілетін субсидия оның өндірісіне серпін қосты

Маржан Кәрімжанқызы Маржан Кәрімжанқызы
4164

Жамбыл облысында қос бірдей химия алыбы – "Казфосфат" ЖШС мен "Еурохим-Тыңайтқыш" еншілес кәсіпорны жұмыс істейді.

Тыңайтқышқа берілетін субсидия оның өндірісіне серпін қосты

Республикадағы фосфор қорының 72 пайызы Жамбыл облысы аумағында орналасқаны белгілі. Оны игеріп, ел пайдасына жұмылдыру ісі сонау 1946 жылдан бастау алған. Бастапқы жылдарда айтарлықтай мол өнім өндіріп, көп табысқа кенелген кәсіпорындар Кеңес одағының ыдыраған соң құлдырап кеткен болатын. Ал бүгінде бұл сала қайта қарқын алып отыр.

"Казфосфат" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1999 жылы құрылған. Компания сары фосфор, триполифосфат натрий, фосфор қышқылы және гексаметофосфат натриді сынды, бәрін қосқанда химия өнімдерінің 20 түрін өндіреді. Қаратау қаласындағы "Шолақтау" кен байыту комбинаты, Сарысу ауданының Жаңатас қаласындағы "Қаратау" кен байыту комбинаты, Тараздағы "Темір жол" көліктік кешені, Жаңа Жамбыл фосфор зауыты, "Минералдық тыңайтқыш" зауыты, Шымкент қаласындағы "Синтетикалық жуғыш өнімдер" зауыты және Степногорск қаласындағы химиялық зауытын біріктіріп отырған компанияның өнімі негізінен экспортқа бағдарланған. Өнімнің  94 пайызы әлемнің 27 еліне экспортталады.

 Серіктестік соңғы жылдарда Еуроодақ нарығындағы өзінің бәсекелестерін толық ығыстырды деуге болады. Өйткені, бәсекеге барынша қабілетті өнім өндіру – кәсіпорынның  негізгі ұстанымы. Сондай-ақ, өндірістегі ескі жабдықтарды жаңасымен алмастыру, жаңа технологияны енгізу тұрақты жүргізілуде.

2008 жылдан бері кәсіпорында оннан аса инвестициялық жоба жүзеге асырылған. Олардың қатарында күкірт қышқылы өндірісі, пеш газын кәдеге асыру жүйесі, гексаметафосфат өндірісі, түйіршіктелген натрий триполифосфаты, азықтық фосфор қышқылы өндірісі, ФС пеші және құрғату барабанының жабдығын ауыстыру, құрамында фосфоры бар қалдықты кәдеге асыру, сары фосфорды зиянды қосымша органикадан тазарту және Жастар үйін қайта жаңғырту жобалары іске қосылды.

Ал елді Индустриялық-инновациялық дамытудың екінші бесжылдығы, яғни 2015-2019 жылдар аралығында Жамбыл облысында жалпы құны 511,4 миллиард теңгені құрайтын 32 инвестициялық жоба жүзеге асырылу керек болса, соның бірі – "Қазфосфат" ЖШС-ның Минералды тыңайтқыш зауытына қарасты экстракциялық фосфор қышқылын өндіретін цех. "ЭФК-1" экстракциялы фосфор қышқылы өндірісінің технологиялық жүйесін қайта жаңғырту жобасының жалпы құны 9 646 000 000 теңгені құрайды. Аталған соманың 5 миллиард 10 миллион теңгесі мемлекеттік жеңілдетілген несие есебінен беріліп отыр.
Зауытта экстрациялық фосфор қышқылы, фосфорлы және күрделі тыңайтқыш сынды шикізаттар өндіріледі.

Ал оны өндіру үшін Қаратау фосфориттерін дигидраттаудың соны үлгісі қолданылады. Оның іске қосылуы өнім көлемін 220 мың тоннаға дейін арттырып, соның арқасында минералды тығаңайтқыштар көлемін жылына 500 мың тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл – елдегі ауыл шаруашылық өнімін өндірушілердің күрделі минералды тыңайтқыштарға деген сұраныстарын қамтамасыз етуге жол ашпақ.

Зауыт өнімінің 90 пайыздан астамы негізінен Қытай, Ауғанстан, Үндістан және Өзбекстан сынды әлемнің 27 еліне экспортталады.    

"2016 жылды жақсы көрсеткішпен аяқтаған болатынбыз. Алдыңғы жылмен салыстырғанда жемдік фосфат өндірісі 115 пайызға артты. Сондай-ақ, аммофос 147 мың тонна көлемінде өндіріліп, 103 пайызға және күкірт қышқылы 110 мың тонна өндіріліп, 140 пайызға артығымен орындалып, өткерілді. Ал биыл өндірілер аммофосты 225 мың тоннаға және күкірт қышқылы 375 мың тоннаға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Осылайша, 2022 жылға қарай 1 миллион тонна өнім алуды межелеудеміз. Биыл өндірілген өнім әзірге толығымен Қытайға жөнелтіліп жатыр. Сондай-ақ, еліміздің өңірлерінен де сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Оған мемлекет тарапынан минералды тыңайтқыштарға 50 пайыз жеңілдікпен субсидия берілуі себеп болып отыр. Негізінен экспортқа шығарылып жатқан өнімнің көп бөлігі былтырдан бері ел аумағына да кеңінен тарап жатқаны қуантады", – дейді "Қазфосфат" ЖШС Тараз филиалы минералды тыңайтқыштар зауытының директоры Төлепбек Исаев.

Қазір "ЭФК-1" цехында жылына 360 мың тонна экстракциялық фосфор қышқылы өндірілсе, болашақта бұл көрсеткішті 480 мың тоннаға жеткізу көзделуде екен.

"Кейінгі жылдары біздің компания қаржылық-экономикалық көрсеткіштерді жақсартумен қатар, кәсіпорындарға экология, өндіріс қауіпсіздігі бағдарламаларын енгізуде де елеулі шаруаларды қолға алуда. Сондай-ақ, қалдықсыз технологиямен жұмыс істеу де өз нәтижесін беруде. Бұл кәсіпорын аумағында ұзақ уақыттан бері жиналып қалған қалдықтарды өңдеп, кәдеге жаратуға септігін тигізуде, - деп атап өтті "Қазфосфат" ЖШС бас директоры Мұқаш Ескендіров.

Айта кетейік, бүгінде серіктестікте 6 мыңнан астам адам еңбек етеді. 

Маржан Кәрімжанқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу