“Тыныштық үшін күрес”. Өскемен тұрғындары әкімдікпен неге соттасты?

825

Базар маңында тұратын халық үй аулалары “проходной дворға” айналғанына наразы. 

“Тыныштық үшін күрес”. Өскемен тұрғындары әкімдікпен неге соттасты? Фото: inbusiness.kz

Өскеменнің орталық базарына жақын орналасқан “Қабанбай батыр 99”, “Қабанбай батыр 99/1” және “Қазақстан 72” мекенжайындағы үйлер ағылған көліктердің зардабын тартып келеді. Аулада бала-шағаның еркін ойнауы қиынға айналғандықтан олар шлагбаум орнатып алған. Әрине, ол үшін рұқсат та алған. Алайда арада аз уақыт өткенде сол үшін айыппұл төлеуге және шлагбаумды алып тастауға мәжбүр болып қалды.

- Қаланың бүкіл көлігі біздің ауланы көше қылып алған еді. Бағдаршамнан қашып, осы жермен айналып өтеді. Бір жолы белесебет тепкен баланы көлік қағып кетті. Абырой болғанда ол аман қалды. Осыдан кейін анық шлагбаум қоюды ойға алдық, - дейді наразы үй иелері.

Осы үйлерге жауапты “Центральный” пәтер иелері кооперативінің (ПИК) жетекшісі Наталья Кабардинаның айтуынша, аулада кептеліс қаптасып, халық өздері еркін кіре алмай, тіпті көлік қоятын орын таппай қалатын болған.

- Осындай қиындықтан шаршаған аула тұрғындары (3 үйдегі 384 пәтер отбасы) жалпы жиналыс өткізіп, шлагбаумдар орнату туралы шешім қабылдаған еді. 2021 жылдың желтоқсан айында қалалық полиция басқармасына кеңес алуға да барған. Ол жақтан арнайы техникалар өтуіне кедергі келтірмейтіндей болса болды, өзара шешім қабылдауға болады деген кеңес алған. Содан кейін 2022 жылдың сәуірінде аула тұрғындары арнайы машиналарды өткізуге арналған кіріктірілген бағдарламасы бар шлагбаум орнатты, - дейді ПИК жетекшісі.

Тұрғындар осыдан кейін 8 ай бойы тыныш әрі қауіпсіз өмір сүрді. Бірақ қуаныш ұзаққа созылмады.

2022 жылғы 5 қыркүйекте Өскемен қаласының ТҮКШ бөлімінің басшысы Еркін Тұраров "Центральный" кооперативіне "шлагбаум орнату жерді пайдалану шартын бұзатынын” ескертіп хат жолдаған.

Содан кейін сотта тұрғындар жеңіліп, 214 мың теңге әкімшілік айыппұл алған.

- Біздің ойымызша, шенеуніктер жер және әкімшілік заңнаманы өздері дұрыс түсінбейді. Сонымен қатар, біз ақылды шлагбаум орнатқанымызды ескермейді. Ол жедел жәрдем, өрт сөндіру көлігі секілді арнайы мәшинелердің сигналынан ашылады ғой. Одан бөлек балардың қауіпсіздігіне кім кепіл болады?, - дейді ПИК жетекшісі.

Тұрғындар бірінші инстанцияда жеңілгенімен, әлі күресуге бейіл. Облыстық сотқа апелляциялық шағым берген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу