Түркістан облысындағы Әдеп жөніндегі кеңес әкім мен оның қызметкерлерінің тәртіптік жауапкершілігін назардан тыс қалдырмады. Белгілі болғаны, Шардара ауданының әкімі төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі өңірлік комиссияның төрағасы бола тұра, өзіне бағынысты мемлекеттік қызметшілермен бірге төтенше жағдай режимі кезінде моншада болып, өзінің іс-әрекетімен қоғам тарапынан айтылатын сынға себепкер болғаны анықталған. Онымен бірге тағы екі шенеунік болған. Сонымен қатар, қызметтік автокөлікті жұмыстан тыс уақытта пайдалануға жол берілген.
Өңірлік Әдеп жөніндегі кеңестің мәліметінше, онлайн форматта өткен отырыста мемлекеттік қызметкерлердің тәртібі Әдеп кодексінің 5-тармағы 7 мен 10-тармақшаларына сәйкес қаралды. Кеңес шешімен Шардара ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайға "сөгіс", ал аудан әкімдігінің аппарат басшысы мен аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы "қатаң сөгіс" түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылды.
Естеріңізге салсақ, ағымдағы жылдың 15 сәуірінде Шардара ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай екі қызметкерімен бірге аудандағы моншалардың біріне барған. Лауазымды шенеуніктердің бұл әрекеті 102 қызметіне келіп түскен шақыру бойынша полиция қызметкерлері арнайы барған сәтте белгілі болды. Видеоны қоғам белсендісі, ҚР Президент жанындағы ұлттық сенім кеңесінің мүшесі Айгүл Орынбаек өзінің желі парақшасында жариялаған болатын. Сәл кейінірек орын алған жағдайды аудан әкімі Қайрат Жолдыбайдың өзі растады. Моншаға жұмыс уақытынан тыс кезде барғанын, алайда ол қоғамдық шомылу орны емес, жергілікті тұрғынның жеке басына арналып салынған монша екенін жеткізді.
Сонымен қатар аудан әкімі әлеуметтік желідегі жазбаға моншада үш адамнан артық адам жиналмағанын, алкогольдік ішімдік болмағанын айтып пікір қалдырды. Тіпті өз сөзінде шенеунік видео абыройына нұқсан келтіретін болғандықтан қоғам белсендісінен жазбаны өшіруді талап етті, егер талабы орындалмаған жағдайда сотқа жүгінетінін мәлімдеді. Осылайша лауазымды мемлекеттік қызметкерлердің бұл әрекеті қоғам наразылығын тудырған болатын.
Айта кетерлігі, мемлекеттік қызметкерлер тарапынан төтенше жағдай режимін бұзу жағдайы Шардара ауданында алғаш рет орын алған жоқ. Бұған дейін дәл осы аудандағы Жаушықұм ауылдық округінің әкімі табиғат аясында достарымен бас қосамын деп "қатаң сөгіс" жазасын арқалаған болатын. Бұл әкімнің де ауданда төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі өңірлік комиссияның мүшесі екені белгілі болды.
Жансая Тәуекелқызы