ТЖМ 48 млрд теңгеге өрт сөндіру техникасын сатып алмақ

1677

2021 жылғы 7 айда орман өртінен 447 млн теңге көлемінде шығын келген. 

ТЖМ 48 млрд теңгеге өрт сөндіру техникасын сатып алмақ Фото: Мария Матвиенко

Алдағы үш жылда Төтенше жағдайлар министрлігі (ТЖМ) 48 млрд теңгеге өрт сөндіру техникасын сатып алуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды іnbusiness.kz тілшісі.

Ведомство өкілдері биыл тиісті құралдарды алу үшін арнайы жол картасын бекіткен.

"2021 жылы министрліктің бөлімшелерін жарақтандыру мақсатында Үкіметтің қолдауымен Қаржы министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп "Төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық бөлімшелері мен ведомстволық бағынысты мекемелерін 2021-2023 жылдарға материалдық-техникалық жарақтандыру туралы" жол картасы (өрт техникасын сатып алу) бекітілді. Ол республикалық және жергілікті бюджет есебінен іске асырылады",– деп жазылған іnbusiness.kz тілшісінің сауалхатына берген жауапта.

Сондай-ақ министрлік арнайы бағдарламасы аясында 6 тікұшақ сатып алған.

"Бүгінде Қаржы министрлігі және Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, "Қазавиақұтқару" АҚ-ның 2020-2029 жылдарға арналған "Даму бағдарламасы" бекітілді. Бағдарлама аясында түрлі мақсаттағы 58 әуе кемесін (32 тікұшақ, 26 ұшақ) сатып алу жоспарланған. Оның ішінде 2020-2021 жылдары ТЖМ 6 тікұшақ сатып алынды. Жыл сайын "Қазавиақұтқару" АҚ ұшқыштары теориялық және практикалық қайта даярлаудан өтеді", – деп жазылған хатта.

Бүгінде "Қазавиақұтқару" АҚ-да ресейлік 5 тікұшақ (Ми-8) пен ЕС-145 2 тікұшағы бар. 

ТЖМ 2030 жылға дейін 52 әуе кемесін сатып алмақ. Бірақ оған нақты қанша қаржы бөлінетіні хатта жазылмаған. Тек 3 жылға арналған жоспарда шамамамен 48 млрд теңгеге өрт сөндіру техникасын сатып алынатыны көрсетілген.

"2030 жылға дейін 52 әуе кемесін жабдықтау жоспарланып отыр. Жыл сайын республикалық бюджеттен осы техниканы сатып алуға қаражат көзделеді. Өрт техникасы паркін жаңарту бюджет қаржысының бөлінуіне қарай кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Алдағы 3 жылда жалпы сомасы 47,9 млрд теңгеге материалдық-техникалық ресурстарды сатып алу жоспарланған: 31,3 мрлрд теңге республикалық бюджет, 16,6 млрд теңге жергілікті бюджет есебінен", – деп жазылған хатта.

Министрлік мәліметінше, 2021 жылғы бірінші жартыжылдықта Қазақстанда 500-ге жуық орман өрті болған.

"Биыл 7 айда 488 орман өрті тіркелді (2020 жылы 466 орман өрті болған, бір жылда плюс 4,7%): ШҚО – 153, Павлодар облысы – 84, Ақмола облысы – 77, Қостанай облысы – 55, СҚО – 32, Алматы облысы – 29, Қарағанды облысы – 20, Ақтөбе облысы – 15, Қызылорда облысы – 11, БҚО – 4, Атырау облысы – 4, Түркістан облысы – 3, Жамбыл облысы – 1.

Салдарынан 38 мың 27 гектар жер өртенген (2020 жылы – 22 мың 626 гектар, бір жылда плюс 68%). Шығын мөлшері – 447 млн теңге (2020 жылғы шығын мөлшері – 1 млрд 886 млн теңге). Өртті сөндіруге 8 мың маман мен 2 мың техника жұмылдырылған", - деп жазылған хатта.

Айта кетейік, Төтенше жағдайлар министрлігі өткен жылы құрылған.

Бүгінде ведомствода 16 мың 845 маман жұмыс істейді, әртүрлі мақсаттағы 3 399 техника бар. Оның 21% (734 техника) жаңарту керек.

Дәурен Ерболат


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу