Уәде бермей, бірден іске көшу керек – Тоқаев

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2686

Президент Үкімет мүшелері мен әкімдер уәде бермей, бірден іске көшуі керек деп есептейді.

Уәде бермей, бірден іске көшу керек – Тоқаев Фото: Серікжан Қобыланбаев

Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде билік халықтың сұранысын өтеуі қажет екенін айтты.

"Билік халықтың сұранысын өтеуге тиіс. Туындаған мәселелерді сол жерде шешіп, халық алдында тұрақты түрде есеп беруге міндетті. Уәде бермей, бірден іске көшуі қажет. Бұл қағиданы Үкіметтің барлық мүшесі мен әкімдер ұстануы керек", – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, халық барлық жерде әділдік орнағанын қалайды.

"Олар әлеуметтік саясаттан бастап мемлекеттік органдардың халыққа әділ қызмет көрсетуін талап етеді. Халықты толғандырып отырған басты мәселе – табыс көлемінің азаюы. Халықаралық қаржы нарықтарындағы тұрақсыздық, теңгенің құнсыздануы халықтың табысына кері әсер етті. Миллионнан астам адам банктен несие алуға мәжбүр болды. Табысы жоғары және төмен азаматтардың арасындағы алшақтық біздің қоғамды мазалайтын тағы бір өзекті мәселеге айналды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент қоғамдағы басқа да өзекті мәселелерге тоқталып өтті.   

"Қоршаған ортаның қазіргі мүшкіл халі – көпшіліктің көкейіндегі мәселе. Сондықтан елімізге бірыңғай экологиялық саясат қажет. Қоршаған ортаны қорғау жүйесіне серпін беретін жаңа Экологиялық кодекс қабылдау керек", – деді ол.

Бұдан бөлек, Президент ауызсу, жол мәселелеріне де тоқталды.

"Маңызды бағыттың бірі – халықтың табысын арттыру. Тұрақты және қарқынды экономикалық өсім арқылы ғана бұл мәселені шешуге болады. Жуық арада Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы нақты міндеттерді айқындаймыз", – деді Мемлекет басшысы.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу