Уәде – уәде, жол қане? ШҚО-да қазақ-қытай серіктестігі құрдымға кетті

4921

Шығыс Қазақстанда биыл толық салынып бітуі тиіс Қалбатау-Майқапшағай жолын аяқтауға Үкімет тағы екі жыл уақыт сұрап отыр. 400 шақырымнан астам жолға телмірген 4 ауданның халқы жол азабынан әлі құтылмайтын секілді.

Уәде – уәде, жол қане? ШҚО-да қазақ-қытай серіктестігі құрдымға кетті

Бұл күнде жол құрылысының үштен бірі ғана аяқталған. Ал Үкімет мүшелері не істерін білмей әлек. Ең қиыны, осы жобаның соңы халықаралық дауға ұласуы мүмкін белгілер де бар.

Жолдың үштен бірі ғана біткен

Қалбатау-Майқапшағай жолы Шығыс Қазақстандағы Жарма, Көкпекті, Тарбағатай және Зайсан аудандарын біріктіреді. Халықаралық, транзиттік маңызы бар. Бұлай дейтініміз, былтырдан бері "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы арқылы Қытайға кіруді көздеген жүздеген жүк көлігі шекарада кептелісте тұрып қалғанда оларға балама жол ретінде биыл Майқапшағай кеден бекеті ашылған. Бекет ашылғанымен, қазір осы жолмен жүретін жүк көліктері иелерінің шекесі қызып тұрған жоқ. Қалбатау-Майқапшағай арасын жалғайтын 415 шақырымның 120 шақырымында оқтай түзу жолмен бағындыратыны болмаса, қазір сол ауыр "Ховалар" қалған жолда қырық шұңқырды айналып өтуге мәжбүр. Облыс орталығына барғысы келетін 4 ауданның халқы үшін балама жол да дұрыс төселмеген.

2016 жылы "ҚазАвтожол" ұлттық компаниясы осы жолды жөндеуге тапсырыс беріп, "China Xingxing Corporation (Group) ЖШС және "КазГерСтрой" компаниясымен үшжақты келісімшартқа отырады. Үшжақты келісім бойынша 415 шақырым жол жөнделуі тиіс болған. Компаниялар аталмыш жолды 2022 жылдың 27 шілдесіне дейін жөндеуге уәде берген. Жоба құны – 155,7 млрд теңге. Бас мердігерге әу баста осы соманың 86 млрд теңгесі беріліп те қойған. Қаржыландыру көзі қытайлық ЭксИмБанк. Қытай банкі осы жолды жөндеуге қаржының 85 пайызын беретін болған да, қалған 15 пайызын республикалық бюджеттен алу көзделген. "ҚазАвтожол" мемлекеттік кепілдік те берген.

Уәделі уақыт таяғанда тексерістер басталады. Сол кезде жолдың бар-жоғы 29 пайызының құрылысы аяқталғаны анықталады.

Уәде – уәде, жол қане?

Жолды міндетіне алған "China Xingxing Corporation (Group) ЖШС және "КазГерСтрой" компаниясының бұған дейін қайда қарап отырғаны белгісіз. Әлбетте, олар пандемия мен қымбатшылықты сылтау еткісі келгенімен, бұл фактордың бәрі негізгі міндеттен оларды босатпайды. Ең қызығы, жол бойында салынуы тиіс алфальт-бетонды зауыттар да, тас уататын құрылғылардың да жоқтығы мәселені тіпті ушықтырып тұр. Техниканың да, жұмысшылардың да саны аз. Осыған байланысты мердігер ұйымдар енді тағы қол жайып, жобалық-сметалық құжаттардың құнын қайта бағалауды сұрап отырған көрінеді.

Кез келген жұмыс жобасына сәйкес, Қалбатау-Майқапшағай жолы салынып жатқан кезде де негізгі жолмен қатар айналма жол салынуы керек болған. Жөндеу жұмыстарының техникалық ережелеріне сәйкес сол жол арқылы көлік қозғалысы қамтамасыз етілуі керек. Алайда қазіргі балама жолды жол деп айту қиын. Мердігер ұйымдар автокөлік жолдарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын мүлде сақтамаған. Мұның салдары айналып келіп, адам өміріне қауіп төндіріп жатыр.

Сенатор Ольга Булавкина Шығыс Қазақстанға барғанда осы проблеманың бәрін депутаттың алдында жергілікті тұрғындар жайып салған. Әбден зәрезап болған халық мұның соңында кім тұрғанын да білгісі келгені бар. Аталған аудандардағы халықтың мәселесін депутат Сенат қабырғасында көтерді. Өзекті мәселені шешу жолдарын қарастыруды Үкімет басшысының орынбасары Роман Склярдан өтінді.

Антикор есік қағып тұр

Роман Скляр сенаторға жауап жолдамас бұрын одан бұл мәселенің мән-жайын тілшілер Үкіметтің кулуарында сұрап үлгерген. Вице-премьер Қалбатау-Майқапшағай деген сөз шыққалы-ақ оның жайын білетінін айтты.

"Тағы 2 жыл керек! Күрделі мәселелер бар. Бұл жолдың құрылысына қатысқан компанияларға құқық қорғау органдары тарапынан қойылатын көп сұрақтар бар. Сапасы мен мобилизациясы, қаражаттың шығындауы жағынан... Меніңше, олар (құқық қорғау органдары) осы жол туралы сіздерге қосымша айтады", – деп жауап берді Роман Скляр.

Яғни үш жылдан бері салынып жатқан жолға тағы екі жыл уақыт керек. Скляр тарапынан жолы жол емес, сорға айналған шығысқазақстандықтар білуі тиіс мына ақпарат тағы жарияланды.

"Концорциум өз міндетін орындамағаннан кейін қазіргі уақытта тапсырыс берген Қазавтожол халықаралық арбитражда қаралу тәуекелдерін есепке ала келе, Келісімді мүлде бұзу немесе жобаны тек "China Xinxing Corporation (Group)" күшімен аяқтау мәселелері қаралып жатыр", – деді кейінгі жауабында Роман Скляр.

Бұл жерде Роман Скляр тарапынан концорциумға мүше екінші компания – "КазГерСтройдың" (orda.kz ақпарат көзінің жазуынша, оның құрылтайшысы Гүлмира Сатыбалды мен Қайрат Сатыбалдының ортақ ұлы – Бауыржан Нұрсұлтан") аты неге аталмай қалғаны әзірге түсініксіз. Оған қоса бұған дейін бұғатталып жатқан компанияның сайты аяқ астынан таяуда ашылды. Дегенмен, "КазГерСтрой" жүзеге асырып жатқан жобалардың қатарында Қалбатау-Майқапшағай жолы аталмайды. 

Роман Скляр өз жауабында "бүгінгі таңда жобаны жүзеге асыруға арналған қаражаттың нысаналы түрде жұмсалуын тексеру мақсатында аудиторлық тексеріс жүргізіліп жатқанын" тағы қосып өткен. Тиісті тексеру жұмыстарын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі де жүргізіп жатыр. Бірақ бұл тексеріс жұмыстары концорциумға мүше қай компанияның үстінен жүргізіліп жатқаны түсініксіз. Үкімет басшысының орынбасары сонымен қатар аталмыш бағытта балама жол салу мәселесі қарастырылып жатқанын айтады.

"Уәде – уәде, жол қане?" деген сұрақты бүгін де қытайлық "China Xinxing Corporation (Group)" компаниясына, "КазГерСтройға" да, тіпті тапсырыс берген Қазавтожол мен Үкіметтің өзіне де қоюға болады? Бюджеттен бөлінген қаражат қайда кетті? Тапсырыс беріп қана отырған Қазавтожол жол құрылысы жүрмей жатқанын біліп отырса да не үшін үнсіздік танытты? Үкімет жобаны неге назарына алмады? Бұл сұрақтың бәрін осы ведомстволар мен компаниялардың бәріне қойсақ та, тергеуге сілтеме жасап, жауапты кейінге ысыра беретіні анық. Ал халық несиеге алған көлігін ескі жолда тоздырып жүр. Міне, осылай жолдың жыры елдің мұңына айналды.

Аян Бекенұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу