Уақытты кері қайтару: Сот петицияны қарау жөніндегі шешімді заңды деп тапты

1533

Шешім заңды күшіне енген жоқ.  

Уақытты кері қайтару: Сот петицияны қарау жөніндегі шешімді заңды деп тапты Фото: Стихи.ру

Астана қалалық соты тұрғынның уақытты қайтару туралы өтінішін қарау нәтижесін заңды деп таныды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты astana.sud.kz қалалық сотқа сілтеме жасап.

Ақпаратқа сәйкес, талап қоюшы "Уақытты кері қайтару" петициясын қарау нәтижесін заңсыз деп тану туралы талаппен сотқа жүгініп, онда петицияны қарау мен шешім қабылдауда рәсім бұзылғаны көрсетілген. Сот іс құжаттарын зерттеген.

"Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің талаптарына сәйкес "Уақытты кері қайтару" петициясы тіркелді. Өтініш 50 мың қолдау дауысын жинап, тіркелген. Өтінішті қарау Сауда және интеграция министрлігіне тапсырылған. Жұмыс тобын қалыптастыру үшін министрлік өтініш берушіге, Қазақстан Республикасының Парламентіне, мүдделі мемлекеттік органдарға, қоғамдық бірлестікке жұмыс тобының құрамына енгізу үшін кандидатуралар жіберуді сұрап хаттар жолдаған. Мәжілістің 2024 жылғы 14 маусымдағы хатымен жұмыс тобына қатысу үшін кандидаттар Е.А.Әбіл мен М.А.Әбеновті ұсынылды. Министрдің 2024 жылғы 21 маусымдағы бұйрығымен петицияны қарау жөніндегі жұмыс тобының құрамы бекітіліп, депутат Е.А.Әбіл жұмыс тобы басшысының орынбасары болып тағайындалған", - делінген хабарламада.

Жұмыс тобының жұмысы аясында 2024 жылғы 21 маусымда, 16 шілдеде және 2 тамызда 3 отырыс өткен. 2 тамызда өтінішті қарау нәтижелері бойынша өтінішті қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылданған.

"Өтініштерді тіркеу, есепке алу мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады. ӘРПК-нің 90-6-бабына сәйкес өтінішті қарау нәтижелері бойынша орталық мемлекеттік немесе жергілікті атқарушы органның бірінші басшысы, жергілікті өкілді органның төрағасы келесі шешімдердің бірін қабылдайды. Біріншісі – өтінішті толық немесе ішінара қанағаттандыру, екіншісі – өтінішті қанағаттандырудан бас тарту. Петицияны қарау және ол бойынша шешім қабылдау рәсімі ӘРПК нормаларымен регламенттелген. Петицияны қарау нәтижелері бойынша шешімге дау айту туралы талаптарды қарау кезінде сот оны қарау тәртібі мен мерзімдерінің сақталуына ғана баға береді", - деп хабарлады сот.

Петицияны қарау кезінде рәсімнің бұзылмауына байланысты, сот талап қоюды қанағаттандырудан бас тартты.

"Талап қоюшының белгіленген тәртіпті бұза отырып, отырыстың төрағасы Мәжіліс депутаты Е.А.Әбілдің болғандығы туралы дәлелдері сотпен қабылданбады. Себебі Е.А.Әбіл жұмыс тобы басшысының орынбасары болғаны анықталды. Комиссия құрамын қалыптастыру кезінде қандай да бір бұзушылықтарға жол берілмеген. Сот шағымдалған шешім мен петицияны қарау жөніндегі әрекеттер заңды, мемлекеттік органның құзыреті шегінде жасалған және рәсімдік бұзушылықтар анықталмаған деген қорытындыға келді", - делінген Астана қалалық соты таратқан хабарламада.

Шешім заңды күшіне енген жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу