ҰБТ-2020: пандемия кезіндегі сынақ

5073

Медициналық-санитарлық нормалар қатаң сақталады.  

ҰБТ-2020: пандемия кезіндегі сынақ

Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов ҰБТ тапсыруға 131 755 өтініш келіп түскенін айтты. Оның 82%-ы биылғы түлектер. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 15%-ға көбірек. Емтихан тапсырушылардың 74,5%-ы қазақ тілін, 25,3%-ы орыс тілін таңдаса, 0,2% жас түлек ағылшын тілінде тест тапсыруға ниетті.

Он жетінші рет өткізілгелі отырған білім сынағының биыл өз ерекшелігі бар. COVID-19 пандемиясына байланысты, ҰБТ тапсырушылардың қауіпсіздігіне баса назар аударылады.

"Әр тестіленуші 5 бақылау кезеңінен өтеді. Алдымен сырт киімді залалсыздандыратын арнайы туннель арқылы өтеді де, артынша аяқ киімін арнайы кілемшеде дезинфекциялайды. Одан кейін қолын санитарлық тазартқышпен тазартады. Келесі кезеңде дене қызуы тексеріледі. Одан кейін демперде немесе бір рет қолданылатын бетперде ұсынылады. Бетпердені тестілеу кезінде бір рет ауыстыруға рұқсат етіледі. Тест өтетін әр қабатта санитайзерлер орнатылады, заттарға қол тигізуді барынша болдырмау үшін, дәліздер мен аудиториялардың есіктері ашық тұрады. Аудиторияда тест тапсырушылардың ара-қашықтығы кемінде 2 метр болады. Аудиториялар ара-тұра желдетіледі", – деген Ұлттық тестілеу орталығы басшысы ата-аналардан сынақ пунктілеріне келмеуін өтінді.

Дидар Смағұловтың айтуынша, бұл шаралар медициналық-санитарлық нормаларды сақтау үшін талап етіледі. Есесіне ата-аналар балаларының сынағын онлайн режимде бақылай алады. Сілтемелер Ұлттық тестілеу орталығының ресми сайтында және әлеуметтік желілерде жарияланады.

Сондай-ақ, биыл академиялық адалдыққа ерекше мән беріледі. Бақылау тек тест тапсырушыларға ғана емес, бақылаушылардың өздеріне де жүргізілмек.

"Смартфон, жазба қағаздар т.б. рұқсат етілмейтін заттар алып кірмек болған талапкерлер емтиханға жіберілмейді. Онлайн көрсетілімге сілтеме ҰБТ жақындаған кезде жарияланады. Тікелей көрсетілімді кез келген адам бақылай алады. Барлық бейнежазбаға 25 тамызға дейін талдау жасалады. ҰБТ қағидаларын бұзу анықталған жағдайда тестілеу нәтижелері жойылады. Білім беру грантын тағайындау да жойылуы мүмкін. Арнайы алгоритм тестіленушінің күдікті отырысын немесе қолына ұстаған затын анықтауға көмектеседі. Бақылау тек тестіленушілерге ғана емес, бақылаушыларға да жүргізіледі. ҰБТ ережелері бұзылған жағдайды кез келген адам тестілеу орталығына хабарлай алады", – деп ерекше айтты орталық директоры.

Талапкерлерге биыл емтихан кезінде екі түрлі жеңілдік беріледі әрі емтиханда пандемияға байланысты қашықтан өткен төртінші тоқсанның оқу бағдарламасынан сұрақтар болмайды.

"Есептеуіш құралдарды пайдалануға рұқсат ету мәселесін қарастырдық. Алайда тест тапсырушыларға өзімен бірге есептеуіш құралдарды әкелуге болмайды. Біздің калькуляторлар әр тест тапсырушының үстелінде дайын тұрады. Тағы бір жеңілдік ретінде тестілеу уақытының 10 минутқа ұзартылғанын айтуға болады. Ұлттық бірыңғай тестілеу уақыты 4 сағат болады. ҰБТ-да төртінші тоқсан сұрақтары келмейді. Оқу жылының соңғы тоқсанында балалар жаңа тақырыпты өтпейді. Негізінен өткен тақырыптарын қайталап, бұрын алған білімін бекітеді. Сондықтан ҰБТ-да төртінші тоқсан сұрақтары кездеспейді деп айтуға болады", – деп түсіндірді Дидар Смағұлов.

Сонымен қатар, биылғы жаңашылдықтың бірі – халықаралық стандартталған тест ұпайларын ҰБТ-ға ауыстыру шкаласының енгізілуі. Осындай сертификаттары бар тұлғалар бірден грант беру конкурсына қатыса алады.

"SAT, АСТ, IB халықаралық стандартталған тестілер балдарын ҰБТ балдарына ауыстыру шкаласын енгіздік. Көрсетілген сертификаттары бар тұлғалар ҰБТ-дан босатылып, грант беру конкурсына қатыса алады. Егер SAT болса, SAT reasoning және SAT subject болуы керек. Осы екі сертификатты ҰБТ тапсыру пунктіне тапсырсаңыз, біз сол сертификаттарды ҰБТ баллы ретінде көрсетеміз", – деп айтып өтті ол.

Айта кетсек, елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеу биыл 20 маусым мен 5 шілде аралығында өтеді.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу