ҰБТ-ның бір сұрағы қанша тұрады?

3901

"Әр дұрыс сұраққа 1000 доллар пара ұсынғандар да болды". 

ҰБТ-ның бір сұрағы қанша тұрады?

Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов отандық YouTube-арналардың біріне ҰБТ айналасындағы жемқорлықпен күрес қалай жүріп жатқаны туралы сұхбат берді, деп хабарлайды іnbusiness.kz тілшісі.

Соңғы 30 жылда жемқорлықтың білім саласын жайлағаны сонша, кез келген жаңа бастама белгілі бір топтың қаржылық мүддесіне сәйкестендіріліп құрылатын болған. Сондай майшелпектің бірі – ҰБТ сұрақтарын дайындау ісі болатын. Сұхбат барысында Дидар Смағұлов ҰБТ сұрақтарын дайындау ісіндегі тамыр-таныстықты қалай тоқтатқандарын айтты.

"Былтыр ҰБТ-да 27 даулы сұрақ болды. Оның алдында 58 сұрақ, ал одан бұрын 101 cұрақ даулы болған. ҰБТ-дағы даулы сұрақ туралы соңғы шу 2018 жылы тіркелген екен. Қазір ҰБТ-да даулы сұрақ болмайды деуге болады",– дейді орталық директоры.

Сұрақ дайындау ісіне кездейсоқ сарапшылардың кіруін шектеу үшін Ұлттық тестілеу орталығы бірнеше әкімшілік шара қабылдаған.

"Әуелі сенімсіз дайындаушылардың тізімін жасадық. Тест сұрағын дайындаушыларды іріктеудің тәртібін өзгерттік. Біздің орталықтағы әрбір  қызметкердің жауапкершілігі қайта қаралды. Айтпақшы, орталық қызметкерлерінің туысқандарына тест сұрағын дайындауға тыйым салынған. Өкінішке қарай, ондай жайтпен де бетпе-бет келгенбіз. Жыл сайын тест сұрағын дайындауға қатысатын адамдар болған. Мәселені зерттей келе ол адамға туысқандық байланыстары осындай мүмкіндік бергенін анықтадық. Адамдар неге бұл іске ұмтылады десеңіз, жұмыстың ақысы аз емес",– дейді Дидар Смағұлов.

Қазір тест сұрағын дайындаушылар әрбір мақұлдаудан өткен сұрақ үшін 1500 теңге алады екен. Орталық министрліктің алдына қызмет ақысын көтере түсу мәселесін қойып отыр.

"ҰБТ-ның әр сұрағы үшін әзірлеушіге 1,5 мың теңге төленеді. Жұмыс құнын көтеру арқылы сұрақтарды әлі де сапалы ете  түспекшіміз. Сол үшін прейскуранттарды қайта есептеп жатырмыз. Бұл таза сұраққа ғана төленетін ақша. Бұдан бөлек сұрақ дайындаушының жатар орны мен ішетін тамағын да мемлекет төлейді. Нұр-Сұлтанға келу керек болса, іссапар шығыны ретінде қонақүйге 7 АЕК төленеді. Олардың 70 күннен астам осында болатынын ескерсек, бұл аз ақша емес. Оған тәуліктік шығын ретінде төленетін 2 АЕК қосылады. Жол ақысын да біз төлейміз. Әр сұраққа 1500 теңге төлейміз дедік қой. Бір сарапшы дайындайтын сұрақ санына де шектеу қойып отырмыз. Егер бір адам 200 сұрақты жалғыз өзі дайындаса, сапа болмайтыны түсінікті. Біз енгізген жүйе бойынша әрбір тест дайындаушы 10 күннің ішінде 300-350 мың теңге таба алады. Бұл қазірдің өзінде ақысы жақсы жұмыс саналады. Келешекте бұдан да көбейеді",– дейді маман.

Дидар Смағұлов былтыр пандемияны пайдаланып, ҰБТ-ның ашық өтуіне тосқауыл қойғандармен қалай бетпе-бет келгенін де еске алды.

"Дөкейлердің балалары шоғырланған білім ошақтары бар екені рас. Бұрын ондайлардың балалары белгілі бір артықшылықтарға ие болғаны да рас. Қазір олай емес, компьютерге кімнің әкесі әкім, кімнің ағасы прокурор екені бәрібір. Басты рахат осында. Өйткені тест тапсырушыны компьютер әкесінің қалтасындағы ақшамен немесе мансабымен іріктемейді. Ол үшін тест тапсырушы бет әлпеті мен нөмірлердің жиынтығы ғана",– деген Ұлттық орталық директоры Жетісайдағы бассыздыққа қалай куә болғанын айтып берді.

"2020 жылы маған бір ана қоңырау шалып, бір мектептте тест тапсыратын күні тікелей көрсетілім болмайтынын айтып шағымданды. Біз өзіміздегі серверлерге барлық тестілеу орындарынан көрсетілім қамтамасыз ететіндей қуатты  шоғырландырған болатынбыз. Ал интернет жылдамдығына жекеменшік компаниялар тартылды. Оларға біз ақша төлегендіктен интернеттің үздіксіз берілуіне солар жауапты болды. Мен әлгі кісіге осының бәрін түсіндіріп, заңсыздық болмайтынын айттым. Жаңылмасам, 23 маусым мен 24 маусымның бірі болатын. Айтылған күні расымен де түсініксіз жайт байқалды. Әуелі интернет тежеліп, кейін мүлде онлайн көрсетілім үзіліп қалды. Ал ҰБТ жүріп жатты. Түркістан облысының Жетісай, Шәуілдір аудандарында, Шығыс Қазақстанның Аягөз ауданында осылай болды. Әлгі үш бекеттің бірінде тіпті жарықты өшіріп тастады. Бірден тестілеуді тоқтатып, нәтижесін жойдық",– деп еске алады орталық басшысы.

Ақаудың қайдан шыққанын білу үшін Дидар Смағұлов әуелі интернет беруші провайдерге жүгінеді. Олар интернетті қажетті мөлшерден асырып тұрып бергенін дәлелдеп шығады. Яғни оларда кінә жоқ еді.

"Жергілікті пысықайлардың интернетті қалай бұғаттағанын әлі күнге дейін түсінген жоқпын. Бір білетініміз, интернет пен видеосерверге қосымша құрылғыны киліктіру арқылы тоқтатқан екен. Менің ойымша, оны істеген адамдардың арнайы құзыреті болған шығар. Осылайша жүздеген баланың тестілеу нәтижесі жоққа шығарылды. Ата-аналар оған қарсы болды. Әлгі үш пункт ҰБТ-ны кейін бөлек тапсырды. Жетісайға мен арнайы өзім бардым",– деді тестілеу орталығының директоры сұхбат барысында.

Бүкіл республика бойынша ҰБТ өткізуге жауапты адамның Жетісайға ат арытып келетінін жетісайлықтар ойламаған да сыңайлы. ҰБТ кезінде пара беру бұл жақта қалыпты дәстүрге айналғаны сонша, астанадан арнайы келген Дидар Смағұловқа оқушы қыз өз бетімен пара ұсыныпты.

"Баратынымды ешкім білген жоқ. Жолда такси жүргізушісінен ҰБТ-ға қатысты, ондағы бағаларға қатысты біраз ақпаратқа қаныққаным есімде. Ертеңінде тестілеу бекетіне барып өзімді таныстырдым. Оқушыларға өткенде заңсыздық болғандықтан, өзім арнайы келгенімді, ешқандай қулық-сұмдыққа ұмтылудың пайда әкелмейтінін ескерттім. Соның өзінде бір қыз бала өзімен 200 мың теңге алып кіріп, ұсталып қалғанда маған пара ретінде ұсынды. Менімен бірге сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері де барды. Ол жерде жалғыз болу әрі қиын, әрі қауіпті еді. Сыбайлас жемқорықпен күрес қызметінің көмегімен заңсыздықтарды дер кезінде тоқтатып отырдық ҰБТ соңғы жылдары біреу үшін емтихан ғана болса, біреу үшін отбасының беделін анықтайтын сынақ ретінде қабылданатын болған. Жаңағы Жетісайда бір адам келіп баласы тестен жоғары балл жинау үшін 1,7 млн теңге бергенін айтып, қайтарып беруімізді талап етті. Біз оған параны кімнің алғанын айтуды ұсындық. Ол болса, "кейін оның бетіне қарай алмай қаламын ғой" деген уәж айтты. "Сол параға кеткен ақшамен балаңызды неге ақылы оқыта салмайсыз" десем, "Баламды грантқа жайғастыра алмасам, ауылдастарымның бетіне қалай қараймын" дейді. Сонда менталитетімізге көлеңкелі жолмен грантқа түсіруді абырой деп қабылдайтын түсінік кіріп кеткен деген сөз ғой",– деп қынжылады Дидар Смағұлов.

Ұлттық тестілеу орталығының директоры ең көп қысымды 2019 жылы көргенін айтады.

"2019 жылы қысым көп болғаны сонша– хабарласқан адамдардың атын жариялайтынымды ескертіп пост жазуыма тура келді. Мен осы жұмысқа келгенімде министр Асхат Қанатұлына бір шарт қойдым. Сіз маған заңсыз тапсырма жүктемесеңіз болды. Қалғанына өзім жауап беремін деген болатынмын. Ол кісі сөзінде тұрды. Есесіне қазір балалар ҰБТ деген адал емтихан екеніне сенетін болған. Бұрынғыдай заңсыз айлаларды пысықтап емес, кітап оқып дайындалады",– дейді орталық басшысы.

Ол, cондай-ақ, өзіне ұсынылған ең ірі параның көлемін де атады.

"Біздің орталық ҰБТ-дан бөлек құқық қорғау қызметінің академияларына түсушілерден де емтиханды алады. Болашақ судьялар да біз арқылы емтихан тапсырады. Судьялыққа үміткер адам менің тәжірибемде ең үлкен пара ұсынған болатын. Әр дұрыс сұраққа 1000 доллар төлеуге дайын екенін айтты. Ал оған 50 балл жинау керек болатын. Кейінгі бір жылдың ішінде соның бәрі тыйылды. Есесіне туыстарым мен достарымның 30 пайызы менімен араласпайтын болды. Былтыр ҰБТ тапсырып, грантқа түсе алмаған туысқан қарындасым қазір ақылы оқып жүр. Бар қолымнан келген көмегім кітап сатып бердім. Кей туыстар түсінсе, кейбірі араласпай кетті. Соған бола көп дүние жоғалттым деп ойламаймын. Есесіне қалған 18 млн қазақстандықтың алдында арым таза",– деді Дидар Смағұлов.

Есжан Ботақара


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу