Қаржы Португалияда өткен ЕУРО-2004 жарысынан кейін құрылған "HatTrick" бағдарламасының аясында бөлінді және Еуропа чемпионатының кірістерінің едәуір бөлігін үш түрлі жолмен қайта инвестициялау идеясына негізделген. Яғни, инвестицияны білімге және тәжірибе алмасуға жұмсау. "HatTrick" бағдарламасы арқылы бөлінген қаражат соммасы 2024-жылға қарай 2,6 миллиард еуроға дейін жетеді деп жоспарлануда. Әдетте осы бағдарлама шеңберінде бөлінген ақша ұлттық қауымдастықтарға транзакциялық шығындарды жабуға және футболдың белгілі бір саласын дамытуға бөлінетін. Бұл жолы коронавирус эпидемиясы футболға да кері әсерін тигізгендіктен, қауымдастықтарға УЕФА қаражатты қандай мәселелерге жұмсау керектігін өздері анықтасын деп шешім қабылдады.
Осы мәселеге байланысты УЕФА президенті Александер Чеферин өз пікірін білдірді. "Біздің спортта COVID-19 туындатқан сынақ бұрын-соңды болмаған дағдарысқа әкеп тіреді. УЕФА өз қауымдастығындағы қиындыққа тап болған мемлекеттерге көмектескісі келеді. Сондықтан біз ағымдағы жылда қалған қаражаттар мен келесі маусым үшін, сондай-ақ инвестициялық қаржыландыру аясында әр қауымдастыққа 4,3 миллион еуроға дейін қаражат бөлу туралы шешім қабылдадық. Бұл ақшаны қауымдастықтар футболды қайта қалпына келтіру үшін қалай жұмсайтынын өздері шешеді", - деді УЕФА президенті.
"Қазіргі таңда орын алған дағдарысқа қарамастан футболдағы ауызбіршілікті ерекше атап өткім келеді. Жақын арада футбол бұрынғы қалыпты жағдайға қайта оралатыны сөзсіз. Сол сәт туғанда осы спорт түрі қайта жандануға дайын болу керек", - деп қоса кетті Александер Чеферин.
Сонымен қатар жақын күндері Қазақстан Футбол Федерациясына Халықаралық футбол қауымдастығы елдегі осы спорт түрін дамытуға шамамен 500 мың доллар қаражат бөлу туралы шешім қабылдаған болатын.
Ермұхамед Мәулен