Футбол тарихында сирек кездесетін сәт. Еуропа лигасының биылғы маусымындағы финалда жеңіске жеткен лондондық "Тоттенхэм" клубының қуанышын көлеңкелеген күтпеген жағдай орын алған еді. Марапаттау сәтінде Чемпиондық трофейді биікке көтерген капитан Сон Хын Мин медальсіз қалды. Мұндай көрініс тек жанкүйерлерге ғана емес, бүкіл футбол әлеміне тосын болды.
Салтанатты сәттің мәні кетіп, көпшілік көкейінде қалайша чемпион командасының капитаны марапатсыз қалуы мүмкін деген сұрақ туындады.
Бұл жағдайға байланысты УЕФА ресми түрде кешірім сұрады.
"Марапаттау рәсімінде ойыншылардың нақты санына қатысты күтпеген сәйкессіздік туындап, сахнада медаль жеткіліксіз болды. Жіберілген медальдар кейінірек команданың киім ауыстыру бөлмесінде толық табысталды. Бұл үшін біз шын жүректен кешірім сұраймыз", – деп хабарлады УЕФА баспасөз қызметінің өкілі.
Жеңіс, әрине, тарихта қалды. Финалда "Тоттенхэм" "Манчестер Юнайтедті" тізе бүктіріп, жанкүйерлерін қуанышқа бөлеген еді. Бірақ дәл осындай тарихи сәтте ұйымдастырушылар тарапынан кеткен ағаттық футбол мейрамының сәнін бұзбай қоймады.