УЕФА Ұлттар лигасы мен ЕУРО іріктеуінің жаңа форматын бекітті

447

Жаңартылған жүйе ЕУРО-2028 турнирінен кейін күшіне енеді.  

УЕФА Ұлттар лигасы мен ЕУРО іріктеуінің жаңа форматын бекітті Фото: УЕФА

UEFA Атқарушы комитеті Ыстанбұлда өткен отырыста ерлер арасындағы ұлттық құрамалар турнирлерінің жаңа тұжырымдамасын мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ұлттар лигасы мен ЕУРО іріктеу кезеңінің жаңартылған форматтары ЕУРО-2028 турнирінен кейін енгізіледі.

2028/29 жылғы маусымнан бастап УЕФА Ұлттар лигасы төрт лиганы қамтитын жаңа жүйеге көшеді. Әр лигада 18 командадан болады және олар алты құрамадан тұратын үш топқа бөлінеді. Топтық кезеңде құрамалар бес түрлі қарсыласқа қарсы алты матч өткізеді.

Турнирге 55 ұлттық құрама қатысатындықтан, С лигасында жеті командадан тұратын бір топ қарастырылған. Бұл топтың матчтары халықаралық үзіліс мерзімінен бір кезең бұрын басталады. Сонымен қатар ширек финалдар, төрт команда қатысатын финалдық турнир және жоғарылау мен төмендеу үшін өтетін плей-офф кезеңдері сақталады.

Өзгерістер ЕУРО іріктеу кезеңіне де әсер етеді. Жаңа формат көпдеңгейлі жүйе бойынша ұйымдастырылады. Бірінші лигаға Ұлттар лигасының А және В лигаларындағы 36 құрама енсе, екінші лигада қалған 18 немесе 19 команда бақ сынайды.

Бірінші лигада үш себеттен құралған 12 командадан үш топ жасақталады. Әр құрама әртүрлі себеттен екі қарсыласпен кездесіп, алты матч өткізеді. Бұл формат УЕФА клубтық турнирлеріндегі жүйеге ұқсас болады.

Финалдық кезеңге тікелей жолдама алған алаң иелері де іріктеу турниріне қатысады. Бұл олардың келесі Ұлттар лигасындағы орнын анықтау үшін қажет. Әр топтың үздік командалары финалдық кезеңге тікелей шығады, ал қалған жолдамалар плей-офф арқылы сарапқа салынады.

Александер Чеферин жаңа форматтардың негізгі мақсаты бәсекелестікті күшейту, турнирлік маңызы төмен матчтарды азайту және жанкүйерлер қызығушылығын арттыру екенін айтты. Оның сөзінше, өзгерістер халықаралық күнтізбеге қосымша үзілістер енгізуді талап етпейді.

Сонымен қатар УЕФА Атқарушы комитеті стадиондардағы тұрып көретін орындарға қатысты бақылау бағдарламасын 2026/27 жылғы маусымға дейін ұзартуды мақұлдады. Бағдарламаға қатысатын қауымдастықтар мұндай орындарды УЕФА турнирлерінде, соның ішінде клубтық жарыстардың іріктеу кезеңдерінде пайдалана алады.

Бұдан бөлек, отырыста 2026–2028 жылдарға арналған Еуропа чемпионаты, UEFA Super Cup, футзалдан Чемпиондар лигасы, клубтарды лицензиялау және қаржылық тұрақтылыққа қатысты бірқатар регламенттер бекітілді.

Жаңа форматтардың толық тұжырымдамасы алдағы айларда нақтыланып, 2026 жылғы 15 қыркүйекте Грекияның Салоники қаласында өтетін УЕФА Атқарушы комитетінің келесі отырысында түпкілікті бекітіледі деп жоспарланып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу