"Уфа" жанкүйерлері "ЕрСи – біздің Месси" деп жырлап жүр

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3670

Ресейдегі "Уфа" футбол клубында сынақтан өтіп жүрген Еркебұлан Сейдахметті Башқұртстан жанкүйерлері әнге қосып жырлай бастады.   

"Уфа" жанкүйерлері "ЕрСи – біздің Месси" деп жырлап жүр Фото: fcufa.pro

Ән болғанда, "Алматы түні" әнінің әуеніне жазылған – кавер (cover). Дмитрий Слезин деген фанаттың "Қазақстанға сәлем!" деп, YouTube-арнасында жариялаған әнін тыңдаушылар аз емес. Аяқ жағында қазақ тілінде де шырқайды. Башқұрт тілінде де сөйлейді. "Еркебұлан – керемет жігіт", "ЕрСи – біздің Месси" деп, билеп те тұр.

Жалпы, "Уфа" футбол клубы қазақтың жас талантын әспеттеп-ақ жатыр. Қалай орналасты, қандай бөлмеде тұрады, жанында кім бар, қандай әндерді жақсы көреді, қандай әуенді сүйіп тыңдайды – бәрін-бәрін бейнероликке түсіріп, клубтың әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жариялап отыр. Бәрі де (ойыншылары да, бапкерлері де, клуб қызметкерлері де) оны "Лео" деп атап кеткен.

"Уфа" клубының бапкерлері мен басшылары да Еркебұланға қолдау көрсетіп отыр. 10-шы нөмірлі жейдені берген. Біле білсек, бұл – үлкен құрмет! Сенім артатындарын да жасырмайды. Әрі асыра сілтеу де жоқ. "Әлеуеті зор бала, 4 ақпан күні 18-ге толады, тек сол кезде келісімшартқа отыруға құқылы, әзірше асықпайық, өзінің бізде ойнағысы келеді", – деп отыр бас директоры Шамиль Газизов.

Енді бір көңіл бөлерлігі, Еркебұлан Ресей командасына барғалы "Уфа" клубының жанкүйерлерінің саны едәуір артты. Қазақ жанкүйерлерінің көбісі оның осы клубтағы әрбір қадамын, басқан ізін аңдып, Башқұртстан клубының әлеуметтік желідегі реми парақшасынан "шықпайтын болды". Еркебұлан Сейдахмет туралы әрбір ақпарат пен бейнеролик астында пікірталас қызды.

"Уфа" 14-26 қаңтар күндері Кипрде бірінші оқу-жаттығу жиынын жүргізді. Осы жиын барысында екі жолдастық кездесу өткізді. Еркебұлан екеуінде де негізгі құрамда алаңға шығып, 45 минуттан (1 тайм) ойнады. Ларнаканың (Кипр) "Алки" клубымен өткен бірінші матчта Башқұртстан клубы 7:0 есебімен жеңіске жетіп, бір голды "Қазақтың Мессиі" соқты. Польшаның "Висла" клубымен өткен, уфалықтар 1:0 есебімен жеңіске жеткен екінші матчта ЕрСиге гол соғудың сәті түспеді.

"Уфа" футболшылары Кипрде төрт күн демалып, 30 қаңтардан бастап, екінші оқу-жаттығу жиынын бастап кетті. 10 ақпанға дейін созылатын жиын барысында төрт жолдастық кездесу өткізеді екен. Еркебұлан тағы да гол соғып, жанкүйерлерін қуантып, бапкерлерінің сенімін ақтайды деп сенеміз және тілектеспіз. Осы жиын барысында оның Башқұртстан клубымен келісімшартқа отыруы да мүмкін.

 

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу