Әзірге студенттерден бөлек басқа азаматтардың бар-жоқтығына қатысты ақпарат әзірге жоқ. Өйткені Қытайға сапарлай баратын отандастарымыз консулдық есепке тұрмайтын көрінеді. ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров 24 қаңтарда Нұр-Сұлтан қаласындағы өткен брифингте осындай мәлімдеме жасады.
"Қазіргі уақытта Қытайдың денсаулық сақтау органдары вирустың провинциядан тыс жерлерде кең таралуын болдырмау жөнінде тиісті шаралар қабылдауда. Осыған байланысты ҚР Сыртқы істер министрлігі Қытайға баруды жоспарлап отырған Қазақстан азаматтарына тиісті сақтық шараларын қабылдауды және Хубей провинциясына барудан уақытша бас тартуды ұсынады", – деді Смадияров.
Ол қазір студенттердің барлығымен де байланыс орнатылып, оларға қажетті қолдау көрсетіліп жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ Смадияров коронавирус жұқтырғандардың арасында қазақстандықтардың жоқ екенін жеткізді.
Айта кетейік, коронавирусқа байланысты Қытайдың 11 қаласында көлік қозғалысы мүлдем тоқтап, карантин жарияланды. Полиция қалаға келетін көліктердің барлығын тексеруді бастап кетті. Ухань қаласының маңында орналасқан Хуанган және Эчжоу шаһарларында да осындай шаралар қабылданған. Қытай билігі карантиннің қашанға дейін жалғасатынын әзірге жарияламады.
23 қаңтарда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Қытайдан тарап жатқан вирусқа қатысты жағдайды жаһандық төтенше жағдай деп атаудан бас тартты. Тек Қытайда ғана төтенше жағдай жарияланып отыр. Ұйым өкілдерінің айтуынша, жергілікті билік вирустың жаппай таралуын тежеу үшін қолдан келгенді жасауда.
24 қаңтарда Ухань қаласында коронавирусты жұқтырғандарды емдеуге арналған жаңа аурухана құрылысы басталды. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, ғимарат қабырғасы 2 ақпанға дейін көтерілмек. Аурухана ауданы шамамен 25 мың шаршы метрге дейін жетеді. Онда мыңға жуық кісінің ем қабылдауына барлық жағдай жасалмақ.
Қытайдың CGTN ақпараттық басылымының соңғы дерегі бойынша, вирусты жұқтырғандар саны Қытайда 881-ге, Тайвань, Оңтүстік Корея, Тайланд, Вьетнам, Жапония, АҚШ елдерінде 11-ге жеткен.
Ал қаза тапқандар саны 26-ға дейін өсіп отыр. Қытайдың Хебей, Хебеф және Хейлонджианг провинцияларында тіркелген.
Қытайдың ақпарат құралдарының ресми дерегіне сүйенсек, вирус адамнан адамға жұғады және мутацияға ұшырайтын көрінеді.
Табиғат Нұрболат