Биылғы Уимблдон жарысының чемпионы анықталды

200

Польшалық теннисші Лондондағы турнирде алғаш рет топ жарып, есімін әлемдік спорт тарихына алтын әріптермен жазды.

Биылғы Уимблдон жарысының чемпионы анықталды Фото: rsport.ria.ru

Уимблдон турнирінің финалында әлемнің 4-ші ракеткасы Ига Швёнтек америкалық Аманда Анисимованы (WTA №12) 6:0, 6:0 есебімен тас-талқан етіп жеңді.

Матч бар болғаны 57 минутқа созылды және Уимблдон тарихындағы ең қысқа финалдардың бірі болды.

Айта кетейік, Анисимова турнирді сенімді бастаған еді. Алғашқы айналымда қазақстандық Юлия Путинцеваны дәл осындай 6:0, 6:0 есебімен ұтқан болатын.

Алайда шешуші матчта америкалық теннисші поляк қарсыласының қарқынына төтеп бере алмады.
Лондондағы триумфы үшін Швёнтек 3 миллион фунт стерлинг көлемінде сыйақы иеленді. Ал дүйсенбі күні жаңартылған WTA рейтингінде бір саты жоғарылап, әлемнің үшінші ракеткасы атанады. Қазіргі таңда оның алдында Арина Соболенко мен Кори Гауфф қана тұр.

Ига Швёнтек – Уимблдонда жеке дара жеңіске жеткен алғашқы поляк теннисшісі. Бұған дейін аталмыш ел атынан финалға тек Агнешка Радваньская ғана (2012 жылы) шыққан болатын.

Келесі Үлкен дулыға турнирі US Open Нью-Йоркте 24 тамыз бен 7 қыркүйек аралығында өтеді. Швёнтек бұл турнирде де басты фавориттердің бірі саналады және әлемнің бірінші ракеткасы атағы үшін күресті жалғастырады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу