Еленаның бүгін "Үлкен дулыға" турнирлерінде алғаш рет жартылай финалға шығу мүмкіндігі бар. Ал оның қарсыласы аустралиялық Айла Томлянович болмақ. "Уимблдонда" 17-ші нөмірмен тіркелген 23 жастағы Рыбакина ағымдағы турнирде бірде бір сетте жеңілмеген үш ширек финалистің бірі. Турнирдің 16-шы ракеткасы румыниялық Симона Халеп пен жарыстың үшінші ракеткасы, Тунистен келген Онс Джабер де дәл осындай нәтиже көрсетіп отыр. Ал Еленаның қарсыласы 29 жастағы Томлянович турнир барысында екі партияда – чехиялық Барбора Крейчикова мен француз қызы Ализе Корнемен өткен ойында жеңілді.
Рыбакинаның мықты тұсы оның допты ойынға қосудағы шеберлігінде. Бұл ешкімге құпия емес. Қазақстандық теннисші қазірдің өзінде 29 эйс жасады. Сондай-ақ допты ойынға қосу жылдамдығы бойынша да екінші орында. Бір матчта ол сағатына 196 км/сағ жылдамдықпен допты снарядтай ұшырды. Биылғы "Уимблдонда" тек америкалық Кори Гауфф (199 км/сағ) қана оның көрсеткішінен жақсырақ нәтиже көрсетті.
Рыбакинаның қарсыластарының орташа рейтингі – 86-шы орын. Қазір әлемдік рейтингте 44-орында тұрған Томлянович Еленаның осы Уимблдондағы үздік 50 теннисші қатарындағы алғашқы қарсыласы болмақ. Бұл ретте Айланың өзі өзінен мықты қарсыластармен ойнады.
Рыбакина мен Томлянович тек бір рет – өткен жылы Мадридте (Испания) өткен турнирде ойнаған. Ол уақытта 1/32 финал кезеңінде Елена Айланы небәрі 63 минутта 6:4, 6:0 есебімен ұтты.
Томлянович үшін бұл "Үлкен дулыға" турнирлеріндегі бірінші ширек финал, ал Уимблдонда ол бұған дейін екінші айналымнан әрі аса алмаған. Бірақ Рыбакина үшін бұл "Үлкен дулығада" турнирлеріндегі екінші және Уимблдондағы бірінші ширек финал. Осы орайда Елена ширек финалға шыққанына қатысты пікір білдіріп, қуанышын жасыра алмады. Оның айтуынша, биылғы жыл басы қазақстандық теннисші үшін онша сәтті бола қойған жоқ.
"Жыл басында мен өзіме сенімді болмадым. Өйткені маусымға жақсы дайындала алмадым. Жарақат алып, аллергиядан, ковидтен зардап шектім. Әйтеуір бір мәселе туындады да тұрды. Қазір бақыттымын. Қалай ойнап жатқаныма, бабымның қандай екендігіне қарамастан, тартысты ойындарда жеңіске жеттім. Тағы бір айта кететін жайт, өзімді ешкіммен салыстырмаймын. Тек өзімнің талантым бар екендігін білемін. Менің бойым ұзын және өте жылдам ойнаймын. Осы қаруымды жиі пайдалануға тырысамын", - деді Рыбакина.
Рыбакинаның жартылай финалға шығу мүмкіндігі расымен де жоғары. Бүгін оған бұрынғы кездесулердегідей салқынқанды ойнау керек болады. Томлянович үшінші және төртінші айналымдарда қиындықтарға тап болды. Ал ширек финалда бұдан да қиын болатыны сөзсіз. Сондықтан қазақстандық теннисші кездесудің фавориті. Бүгінгі матчтың жеңімпазы жартылай финалда Халеп (16) - Аманда Анисимова (20) арасында өтетін кездесудің жеңімпазымен ойнайды.
Ермұхамед Мәулен