Алдағы уақытта өтетін Уимблдон бұрынғы турнирлерден түбегейлі ерекшеленеді. Жарысқа қатысқандары үшін теннисшілерге WTA және ATP рейтингтерінде ұпайлар берілмейді. Бұл ұйымдастырушылардың Ресей мен Беларусь теннисшілеріне қатысты санкцияларына жауап ретінде жасалып отырған жағдай. Жалпы айтқанда, теннисшілер тек Уимблдон атмосферасын сезініп, көбірек жүлде алу мүмкіндігі үшін ойнауға келеді. Айтпақшы, жалпы жүлде қоры биыл рекордтық, яғни 47.1 миллион еуроны құрайды.
Әлемдік рейтингтің алғашқы жүздігіне енген көптеген теннисшілер Уимблдонға барудан бас тартып үлгерді. Себебі күресуге ешқандай себеп таппады. Өкінішке қарай, кейбір қазақстандықтар әлемдік турдың басты турнирін де жіберіп алады. Ал Зарина Дияс жарақаты мен денсаулығындағы кінәратқа байланысты Уимблдон және басқа турнирлерде өнер көрсетпейтінін жария етті.
"Бұл мен үшін, әрине, ауыр. Бірақ ештеңе істей алмайсың, осыған көндігіп, денсаулығымды қалпына келтіруді бастау қажет. Сөйтіп 2023 жылы кортқа тың күшпен оралу керек. Соңғы айларда қиындықты жеңе отырып, ауырсам да, жаттығуға тура келді. Қазір денсаулықты күтіп, жаңа маусымға дайындықты барынша тезірек бастауға тырыссам ба деймін. Жанкүйерлеріме сенімдеріңіз үшін алғысымды айтамын. Өздеріңізді сақтаңыздар!", – деді Зарина Дияс.
Ерлер арасында Дмитрий Попко мен Тимофей Скатов жарысқа қатыспайды. Скатовтың бас тарту себептері аталмаған. Ал Уимблдонның ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес Попко виза алу мәселесіне байланысты қатыспайтын болды. Әйелдер арасындағы жекелей турнирде Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева ғана өнер көрсетеді.
Ерлер арасында Александр Бублик жарысты бірден негізгі кезеңнен бастайды. Тәжірибелі Михаил Кукушкин өз жолын іріктеуден бастады. Қазір ол іріктеудің финалына дейін жетті.
Айта кетейік, Қазақстанның бірінші ракеткасы Анна Данилина әйелдер арасындағы жұптық сайыста өнер көрсететіндердің тізімінде жоқ.
Ермұхамед Мәулен