Үй бағасына қатысты маңызды жаңалық жарияланды

390

Баспана бағасының өсуіне 2 негізгі фактор әсер етіп отыр. 

Үй бағасына қатысты маңызды жаңалық жарияланды Фото: iapn.kz

Қазір елімізде тұрғын үй бағасының төмендеуіне алғышарттар жоқ. Бұл туралы қаржыгер Мұрат Қастаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ресми дерекке сүйенсек, биылғы сәуір айында қазақстандықтар үйді белсенді сатып ала бастады. Мәселен, наурызда баспананы алып-сату бойынша 28 493 мәміле жасалса, сәуірде бұл көрсеткіш 35 154-ке жеткен, яғни өсім 23,4% болған. Мәмілелер саны бойынша Алматы және Астана қалалары, Қарағанды облысы көш бастап тұр. Ал Ұлытау облысында мәмілелер саны ең аз.

Жақында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі бүгін Серік Жұманғарин баспана бағасы арзандайды дегенге күмәнмен қарайтынын айтқан болатын.

Қаржыгер Мұрат Қастаевтың айтуынша, қазіргі уақытта тұрғын үй бағасының төмендеуіне алғышарттар қалыптасқан жоқ. Еліміздегі тұрғын үй бағасының өсуіне ықпал ететін екі негізгі фактор аталды.

"Біріншісі – халық санының өсуі. Қазақстан халқы жыл сайын шамамен 220-240 мың адамға өсіп келеді. Халықаралық стандарттар бойынша 1 адам басына кем дегенде 30 шаршы метр тұрғын үй болуы керек. Яғни. тек жыл сайын өсіп жатқан халық санына жылына 7 млн шаршы метр үй салынуы қажет. Ал қазіргі 20,5 млн халқымызда адам басына орта есеппен шаққанда 25 шаршы метр тұрғын үй тиесілі. Сәйкесінше осы халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету деңгейін адам басына шаққанда 25 шаршы метрден 30 шаршы метрге дейін көтеру үшін қосымша 103 млн шаршы метр тұрғын үй салу керек. 2025 жылы елімізде жаңадан 20 млн шаршы метр салынса және осы үдеріс төмендемесе, халықты әр адамға 30 шаршы метр тұрғын үймен қамтамасыз етуге әлі 8 жыл кетеді. Яғни, барлық басқа факторларды шетке ысырып тастасақ, тек тұрғын үйге сұраныс ұсыныспен әлі 8 жыл ішінде теңеспейді, сондықтан баға өсе береді. Тек сұраныс пен ұсыныс тепе-теңдікке келгенде ғана бағалар өсуі тежеліп, тек жылдық инфляция шамасына сәйкес өзгеріп отырады", – деп түсіндірді сарапшы редакция тілшісінің сауалына берген жауабында.

Екінші ірі фактор – құрылыс кезінде әлі де шетелдік құрылыс материалдарына тәуелді болуымыз. Тіпті кейбір құрылыс материалдары елімізде өндірілсе де, оларды жасап шығаратын құрал-жабдықтар, шикізат шетелдік болып қала береді, сондықтан құрылыс материалдары шетелдік инфляция мен шетелдік валюталардың бағамына тәуелді болады, деп есептейді сала маманы.

"Иә, қазір теңге күшейіп, доллар бағасы түсіп жатыр, бұл бағаның өсуін баяулатады. Алайда бұл қысқа мерзімді геосаяси шиеленіске байланысты болып отыр, сондықтан Ирандағы соғыс біте салысымен, мұнай бағасы арзандап, теңгенің құны төмендей бастайды, ал баға қайта өседі. Мұны тоқтатудың бірден-бір амалы – еліміздегі құрылыс материалдарын жаппай өндіру, тек оларды шығармай, оларды өндіретін станоктар мен құрал-жабдықтарды шығаруға тырысу керек. Ал жалпы экономика ауқымында қарасақ, экономикамыз сыртқа шикізат сатуға тәуелді болып қала берген сайын теңге әлсіз болады, импорт қымбат болады және отандық өндіріс дами алмайды. Ол үшін экономиканы әртараптандырып, отандық өндіріске қолдау көрсетіп, экспортқа шикізат емес, өңделген, қосылған құны көп, бағасы қымбат тауарларды шығару керек, мемлекет шығындарын азайтып, бюджет дефицитін төмендету керек. Сонда инфляция қарқыны төмендейді, базалық мөлшерлеме төмен түседі, теңгенің бағамы тұрақталады, несие мөлшерлемесі төмендейді, несие өндірушілер үшін қолжетімді бола бастайды, жаңа өндірістердің ашылуына жол ашылады", – деді Мұрат Қастаев.

Қаржыгердің пікірінше, қазір бизнес үшін несие пайыздары 20 пайыздан асып тұрғанда жаңа өндіріс ашу мүмкін емес деуге де болады, себебі 20% несиені төлеп отыру тек табысы өте жоғары, тұрақты бизнестерге ғана мүмкін, ал құрылыс материалдарының өндірісі – ол салған инвестицияны бірнеше жылдан кейін ғана қайтара бастайтын сала, оған ұзақ мерзімді және несие пайызы төмен болатын қаражат керек.

"Сондықтан баспана бағасы қазір төмендемейді, тек бағаның өсу қарқыны баяулауы мүмкін. Қазақстандағы биылғы жылдық инфляция 10 пайыз шамасында болса, тұрғын үй бағасы да шамамен сол мөлшерде қымбаттайды. Ипотекалық несие қымбаттаса, халықтың сатып алу қабілеті азайса, онда, әрине, бағаларды өсуі тежелуі мүмкін. Алайда бағаның өсуі тоқтаса, құрылыс компаниялары жаңа тұрғын үй салуды азайтады немесе тоқтатады, ал жоғарыда айтылғандай, халықтың саны өсіп жатқан соң, уақыт өте тұрғын үйге сұраныс қайта жанданып, бағ қайтадан өсе бастайды. Әрине, халықтың саны тоқтамасын, өсе берсін, бірақ баспана бағасы өспеуі үшін тұрғын ұй құрылысы одан да тез қарқынмен өсу керек, яғни жылына 20 млн шаршы метр емес, 25-30 млн шаршы метрге дейін көтеру керек, сонда ұсыныс пен сұраныс тепе-теңдігі жақындап, бағалар тұрақталады", – деп атап өтті қаржыгер.

Мұрат Қастаев баға күрт төмендеуі тек ерекше жағдайларда ғана, яғни экономикадағы ахуал өте қиын болып кетсе, ірі бір экономикалық дағдарыс болса, халық күрт кедейлеп кетсе ғана орын алуы мүмкін екенін, соның өзінде ол уақытша құбылыс болатынын айтады. Себебі баспана бағасы төмен түссе, ал құрылыстың өзіндік құны жоғары болып қала берсе, онда жаңа құрылыстар тоқтап қалады – нарықтық экономикада құрылыс тиімсіз болса, құрылыс компаниялары одан пайда көрмесе, онда үйлер салынбайды. Ұсыныс күрт азайып, сұраныс ешқайда кетпейді және баға қайта өсе бастайды, дейді сала маманы. Сарапшының айтуынша, біздің экономиканың құрылымы, моделі өзгермейінше, баспананың арзандауы мүмкін емес, тек тежеуге болады, мысалы жалпы жылдық инфляцияны 5-7 пайызға дейін түсірсе, шамамен сол қарқынмен тұрғын үй қымбаттай береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу