Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев цифрлық ортада алаяқтық қарқын алғанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Цифрлық технологиялардың көмегімен адамдарға несие алу, шоттардан ақша ұрлау, т.б. әрекеттерді жиі естиміз. Қазір ыңғайлы болу үшін барлық процесс жеңілдетілген. Ешқайда барудың қажеті жоқ. Бірақ көп жағдайда біз соның салдарынан үйден шықпай-ақ опық жеп жататынымыз рас. Дегенмен офлайн және онлайн форматтағы дүние екі бөлек әрекет. Сіз осы кодекс цифрлық ортадағы қатынастарды реттейді деп айтып қалдыңыз. Онлайн мәмілелер, аударымдардың қауіпсіздігі мәселесін осы кодекс қалай шешеді?", – деп сұрады депутат.
Цифрлық кодекс жобасын таныстырған Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляеваның айтуынша, құжат цифрлық идентификация институтын дамытады. Біріншіден, қолданушының аутентификация режимі реттеледі. Одан кейін идентификация құралдары да жіті назарға алынады.
Айта кету керек, бұған дейін Мәжіліс депутаты Цифрлық кодекстің ерекшелігін түсіндіргенін жазғанбыз.