Үйдің ішінен дала көрінеді: көпқабатты баспананың қабырғасы жарылып жатыр

Тұрғындар өз өміріне алаңдаулы. 

Үйдің ішінен дала көрінеді: көпқабатты баспананың қабырғасы жарылып жатыр Фото: Фото: Ержан Иманзайыповтың жеке парақшасынан

Павлодар қаласында осыдан 30 жылдан астам уақыт бұрын салынған көпқабатты үйдің қабырғалары сөгіліп, құлағалы тұр. Тұрғындар бұдан қауіптенсе де, баспанасын өз қаржысы есебінен қалпына келтіруге қауқарсыз, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Облыс орталығында өткен ғасырдың 90-ыншы жылдары бой көтерген төртқабатты үйдің бүгінгі жағдайы сүреңсіз. Үш подъезден тұратын бұл баспанада барлығы 27 пәтер бар. Мұндағы тұрғындар осыдан бірнеше жыл бұрын қабырғалардың жарыла бастағанын байқаған-ды. Содан бері "жыртықты" өздері жамап келді. Бірақ одан жағдай жақсара қойған жоқ.

Биыл қабырғалардың арасы тіпті ашылды. Тұрғындардың сөзінше, үйдің ішіндегі саңылаулардан дала анық көрінеді. Енді олар бір күні қабырға біржола опырылып түсе ме деп қорқады.

"Осы мәселемізді айтып әкімдікке талай рет бардық. Олар тұрғын үй біздің жеке меншігіміз екенін алға тартып, үйдің жағдайы туралы техникалық нәтиже дайындауға кеңес берді. Оны аккредитациядан өткен жеке, тәуелсіз компаниялар жасайды екен. Мұндай анықтаманың бағасы өте қымбат. Сарапшылар өз жұмысын 1,5 млн теңгеден 6 млн теңгеге дейін бағалап отыр. Біздің мұндай қаржымыз жоқ", - дейді Марина Ватуля есімді тұрғын.

Тұрғындар кезекті рет жергілікті биліктен көмек сұрап, бейнеүндеу жолдаған соң мәселеге Павлодар қаласының әкімі Ержан Иманзайыпов назар аударды. Азаматтармен кездесіп, талап-тілегін тыңдады.

Белгілі болғандай, аталмыш баспанада басқарушы ұйым жоқ. Алдымен сол мәселені шешіп, қарапайым серіктестік құру қажет. Кейін тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасына қосуға болады.

"Үйдің, жертөленің және шатырдың жағдайын шолып шықтық. Бүгіннен бастап аккредиттелген сараптама ұйымы үйдің техникалық жағдайын тексеру жұмыстарына кіріседі. Екі аптаның ішінде тексеру аяқталып, үйдің жай-күйі туралы қорытындыны, сондай-ақ тұрғындардың мәселелерін шешудің ұсыныстарын аламыз.Осы уақытта тұрғындар үйге бекітілген қызмет көрсетуші ұйымды анықтайды", - дейді шаһар басшысы.

Сонымен қатар, жергілікті билік тұрғындардың аула мен үй маңын абаттандыруға қатысты өтінішін ескеруге уәде берді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу