"Үйінде отырмайтын" қазақстандықтар жазалануы мүмкін

26171

Азаматтардан тіркелген мекенжайында тұруы талап етіледі.

"Үйінде отырмайтын" қазақстандықтар жазалануы мүмкін Фото: freepik

Республикада миграция мәселесі өткір тұр.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2023 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында елімізге шетелден 751 887 адам келген. 745 483 адам кеткен. Яғни, бірнеше жылдан бері оң сальдо (+6 404 адам) қалыптасуда.

Сондай-ақ 337 791 адам еліміздің өңірлері арасында көшкен.

Нәтижесінде, полиция және басқа да құзырлы құрылымдар, жергілікті атқарушы органдар, жеке сот орындаушылары, коллекторлар және басқасы көптеген адамды ресми тіркелген және тұрғылықты деп саналатын мекенжайынан таппай қалады. Бұл оларға ұнамайды.

Сондықтан биыл ел Үкіметі "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасымен ел Парламентіне кірмек. Оған сәйкес, кодекстің 493-бабындағы айыппұл көлемін көбейту ұсынылып отыр.

Үкімет әрине, мұның халықтың игілігі үшін жасалатынын алға тартады. Заң жобасының түсініктемесінде бұл талап "жеке тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында ғана енгізілетіні" көрсетілген.

"Астана, Алматы, Шымкент қалаларында халық санының өсу үрдісі жалғасуда. Бұл тұрғын үйге, әлеуметтік объектілерге сұраныстың да қарқынды артуына әкеледі. Бақылаусыз көші-қон қаланың инженерлік коммуникацияларына ауыртпалық түсіреді, әлеуметтік-экономикалық мәселелерінің шиеленісуіне, сондай-ақ жұмыссыздықтың өсуіне, құқық бұзушылықтардың, соның ішінде тұрғын үй заңнамасын бұзушылықтардың, атап айтқанда "резеңке пәтерлердің" көбеюіне себеп болады. Бұл біріншіден, тұрғын үй тұрғындарының құқықтарының бұзылуына соқтырады. Екіншіден, тұрғын үйдің азаматтық айналымға қатысуын қиындатады", – делінген Ұлттық экономика министрлігінің түсініктемесінде.

Қазақстанда ХХІ ғасырдың алғашқы онжылдықтарында болған терактілерден кейін көші-қон заңнамасы қатайтылды. 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Әкімшілік кодексте жаңа айыппұл түрлері күшіне енді. Оны бір адрес бойынша тіркелген, алайда мүлдем басқа мекенжайда тұрақты тұратын адамдар мен соған жол берген пәтер иелері төлейтін болды. Бастапқыда айыппұл көлемі 10 мың теңгені құраған. Бүгінде ол 3 еседен көпке артты.

Дегенмен, Үкіметтің дерегінше, бұл заң талабы сақтала бермейді. Билік оған халықтың өзін айыптап отыр. Баспанасын жалға берушілер пәтершілерін заң талабы бойынша "тұрақты тіркеуге" қоймайды. Оны талап еткен клиенттерінен қосымша ақы сұрайды.

Немесе тұрақты тіркеуге қойған пәтершілерін олар баспананы жалдауды доғарған соң уақытылы есептен шығарып тастап отыруға мән бермейді. Салдарынан бұл еліміздің мегаполистерінде жалған "резеңке пәтерлердің" пайда болуына үлес қосады. Шын мәнінде, бірқатар баспана иелері бұрын тұрған пәтершілерін қалай есептен шығарып тастауға болатынын біле бермейді.  

Оның үстіне бұған дейін болған заң талабы бойынша тұрақты тіркеуден шығарып тастау үшін шығарылатын адамның да рұқсаты қажет етілетін. Ал пәтершілер ақысын төлемей, қашып кетуі немесе пәтерді босататынын дәл кететін күні хабарлауы мүмкін. Салдарынан үй иесінде оны ХҚКО-ға ертіп апаруына мүмкіндік қалмайды. Сондықтан бұл талап жойылып, үй иелеріне келісімсіз, өз бетімен шығарып тастау құқығы берілген.

Сондай-ақ бұл процесс автоматтандырылды. Уақытша тіркеу ХҚКО-ға бармай, "Электрондық Үкімет" порталы арқылы онлайн-режимде жүзеге асырылады. Тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркелу үшін де осындай тәртіп. Бұл ретте тұрғын үйге құқық белгілейтін құжаттарды ұсыну талап етілмейді, себебі бұл мәліметтерді ХҚКО операторлары азаматтар өтініш білдірген кезде Мекенжай тіркелімінен өздері алады. Азаматтар өзінде қанша адам тіркеуде тұрғанын білуі үшін "Электрондық үй кітабы" жасалды.

Ұлттық экономика министрлігі құқық қорғау органдарына сілтеме жасап, көші-қон заңнамасын бұзуға жаппай жол беріліп жатқанын мәселе етіп көтерді.

"Тұрақты тіркеу талабын бұзатын тұрғын үй иелеріне қатысты бүгінде 10 АЕК немесе 36 920 теңге мөлшеріндегі әкімшілік айыппұл салынады. Соған қарамастан, кейбір баспана қожайындары өз мекен-жайларында сонда шын мәнінде тұрмайтын азаматтарды, мигранттарды жаппай тіркеуді жалғастыруда. Өйткені одан түсетін заңсыз табыс көлемі айыппұлдың мөлшерінен асып түседі. Ішкі істер органдары осылай пайда болатын "резеңке пәтерлер" проблемасын болдырмау үшін тұрақты мониторинг жүргізеді. Соның қорытындысында меншік иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылады", – деп хабарлады ведомство.

Министрлік бір мысал келтірді. Осы жұмыс аясында Астана қаласында, ағымдағы жылы адамдар бір мекенжайда тым көп тіркелген 924 баспана тексерілді. Оларда 35 мыңдай адам тіркеуде тұрғаны әшкереленді.

Оның ішінде мысалы, бір ғана пәтердің өзінде 800-ден астам адам, екіншісінде – 600-ден астам азамат, үшіншісінде – 400-ден астам адам тұрақты тіркеліп, "тұрып" жатқан болып шықты. Дұрысы, коттедждің өзіне сонша адам сыймас еді.

Елордада әрқайсысында 300-ден астам адам "мекен еткен" 4 пәтер табылды.

3 пәтердің иесі өз баспаналарында 200-ден астам адамды тіркеген.

8 пәтердің қожайыны 100-ден астам адамға "пана" ұсыныпты.

70-тен астам адам тіркелген 3 мекенжай, 50-ден астам адамды тіркеген 5 мекенжай мәлім болды.

Сондай-ақ тексерулер нәтижесінде 8,5 мыңға жуық адамның тұрақты тіркелген жерінде нақты тұрмайтыны әшкереленді.

Осы себепті, Үкімет қолданыстағы әкімшілік жауапкершілікті күшейтуде. Яғни, айыппұл көлемі арттырылады.

Заң қабылданғаннан кейін өсірілген айыппұлды бұзушылық тіркелген баспананың, сонымен қатар өзге де ғимараттардың және үй-жайлардың меншік иелеріне төлеуге тура келеді.

Бұдан бөлек, тұрақты тіркелген жерінде тұрмайтын қазақстандықтарды жауапкершілікке тарту пысықталуы мүмкін.

"Ұсынылып отырған түзетулер тұрғын үй иелерінің өздерінде іс жүзінде тұрмайтын жеке тұлғаларды тіркеуге жол бергені немесе тұрғын үйде тіркелген, бірақ іс жүзінде онда тұрмайтын жеке тұлғаларды тіркеуден шығару бойынша шаралар қабылдамағаны үшін жауапкершілігін күшейту мақсатында енгізіледі. Бұл ретте халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік бақылауды жүргізу тәртібі өзгермейді. ІІМ басшылығының бұйрығы негізінде учаскелік инспекторлар рейдтік тексерулер, жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізеді", – деп түсіндірді Экономика министрлігі.

Заң бұзушылықтар статистикасы да артуда. Мәселен, Бас прокуратураның Құқықтық статистика комитетінің есебіне сәйкес, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 493-бабы бойынша 2019 жылы – 2 956, 2020 жылы – 1 760, 2021 жылы – 2 637, 2022 жылы – 3 220 әкімшілік іс қозғалған. Яғни, әшкереленген құқық бұзушылықтардың саны да артып келеді.

Сондықтан жаңа заң жобасында өсірілген келесі айыппұлдарды енгізу ұсынылып отыр.

Біріншіден, баспана не басқа ғимарат иесі өзінде нақты тұрмайтын жеке тұлғаларды тiркесе, жеке тұлғаларға – 20, шағын кәсiпкерге немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 30, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 50, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 айлық есептік көрсеткіш (369 200 теңге) айыппұл салынбақ.

Екіншіден, осы бұзушылықты әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасаса, жеке тұлғаларға – жиырма АЕК немесе 40 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, шағын кәсiпкерге немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 50, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 100, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 120 АЕК айыппұл салу көзделеді.

Үшіншіден, тіркелген және бүгінде тұрмайтын жеке тұлғаларды тiркеуден шығармаса, бұл жеке тұлғаларға – 15, шағын кәсiпкерлерге немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 30, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 35, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 АЕК айыппұл салуға әкеп соғады.

Төртіншіден, осы бұзушылықты 1 жыл iшiнде қайталап жасаса, айыппұл көлемі жеке тұлғалар үшін – 20, шағын кәсiпкерлiк немесе коммерциялық емес ұйымдары үшін – 30, орта кәсіпкерлік субъектілері үшін – 60, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 120 АЕК-ке дейін өседі.

Бесіншіден, егер пәтерші уақытша немесе тұрақты тiркеусіз тұрып жатса, онда пәтерін не басқа ғимаратын жалға беретін жеке тұлғалар – 20, шағын кәсiпкерлiк немесе коммерциялық емес ұйымдар – 25, орта кәсіпкерлік субъектілері – 35, ірі кәсіпкерлік субъектілері 70 АЕК айыппұл арқалайды.

Егер осы бұзушылықты әкiмшiлiк жаза қолданылған соң бiр жыл iшiнде қайталап жасаса, айыппұл мөлшері жеке тұлғалар үшін – 30, шағын кәсiпкерлер немесе коммерциялық емес ұйымдар үшін – 40, орта кәсіпкерлік субъектілері үшін – 70, ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін 120 айлық есептік көрсеткішке (443 040 теңгеге) дейін ұлғаяды.

Осылайша, биыл елде заңсыз миграциямен күрес те күшейтіледі деп күтілуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу