Бұл өртке қарсы қауіпсіздікті сақтау үшін қажет көрінеді.
Ресейлік "РБК" телеарнасының хабарлауынша, Ресей билігі "есікті дұрыс емес, бұрыс орнатқаны үшін" айыппұл енгізді.
"Ресейде көпқабатты тұрғын үйлерде пәтердің сыртқы есігін бұрыс орнатқаны үшін айыппұл салынады. Мұндай баспана иелеріне 15 мың рубль (шамамен 82,5 мың теңге) айыппұл енгізілді. Атап айтқанда, егер пәтеріне кіргізетін сыртқы есігі дұрыс емес жаққа қарай ашылатын болса, онда баспана иелері жазаланады. 2025 жылғы ақпаннан бастап, бұл айыппұлдың көлемі 15 мың рубль болады", – деп мәлім етті.
"Аргументы и факты" газетіне сұхбат берген тұрғын үй құқығы және ТКШ реформаларының проблемалары жөніндегі сарапшы Виктор Федорук үй қожайынының есігі "қисық" ашылатынын байқаса, оның үстінен көршілері шағым түсіре алатынын нұсқады.
Сондай-ақ, учаскелік уәкілеттілер (участковые уполномоченные, бізше – учаскелік инспекторлар) үйді-үйді аралау барысында да есігі сыртқа қарай ашылатын пәтерлерді әшкерелей алады.
"Баспана иелері өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға тиіс. Пәтерлерде тез тұтанатын сұйықтықтарды сақтауға болмайды. Балкондарды көң-қоқырға толтыруға жол берілмейді. Сондай-ақ, сыртқы есіктер үйдің ішіне қарай ашылуға тиісті. Олай болмаса, өрт шыға қалғанда барлық есіктер сыртқа қарай ашылса, онсыз да тар дәліздерді жауып, көршілердің эвакуациялануына кедергі келтіруі мүмкін", – деді сарапшы.
Қылмысқа қатысы болуы мүмкін күдіктілерді ұстау кезінде күштік құрылымдар баспананың есігін теуіп немесе "таранмен" ұрып ашатыны белгілі. Егер есік ішке емес, сыртқа ашылса, оны мұндай тәсілмен ашу мүмкін болмай қалады екен.
Сарапшының түсіндіруінше, сыртқы есігін дұрыс орнатпағандардан көршілері онысын қайта орнатуды және есігін пәтер ішіне қарай ашылатындай етуді талап ете алады.
"Егер заң бұзушы бұл талапты өз еркімен орындамаса, онда көршілері оның үстінен сотқа шағымдана алады. Мұндай оқиғалар жеткілікті және сот әрдайым дерлік талап арыз иелерінің жағына шығады. Өйткені сыртқа ашылатын есіктер баспалдақ алаңының кеңістігін жайлайды. Ал, жалпыүйлік мүлікті кез келген сипатта пайдалану үшін алдымен көппәтерлі үйдің меншік иелерінің жалпы жиынында олардың келісімін алу қажет. Онсыз мұнысы заңсыз болады және кемшілік баспана қожайынының өз есебінен түзетілуге жатады", – деді Виктор Федорук.
Сыртқы есікке қатысты дау-жанжал Ресей Жоғарғы сотына дейін жеткен болатын. Жоғарғы соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасы сыртқы есіктің ашылу бағытына қатысты істі қарады. Көпқабатты үйлердің бірінің тұрғындары баспаналарында молырақ кеңістік қалдыру үшін есіктерін сыртқа ашылатындай етіп орната бастаған.
Олардың көршілері мұны өз құқықтарын бұзады және қауіпсіздігіне қатер төндіреді деп тауып, дауласты. Ресей Жоғарғы соты екіұшты шешім шығарған.
Оның үкімінше, егер тұрғындардың қауіпсіздігіне нақты қатер төндірмесе, заңның бұл нормалары пәтер иелері енгізетін құрылыс өзгерістеріне қатысы жоқ. Аталған жағдайда тұрғындар көршілерінің сыртқы есігі қатер төндіретінін дәлелдей алмаған.
ТАСС агенттігі сұрау салған заңгерлер мұндай есік үшін айыппұл салу заңға қайшы екенін мәлімдепті.
"Шынында да, ережелердің "СП 1.13130.2020. Өрттен қорғау жүйелері. Эвакуациялық жолдар мен шығулар" аталатын 4.2.22 пунктінде мұндай талаптар бар. Бірақ бұл талаптар тек компанияларға жобалау мен құрылыс кезеңінде ғана қолданылады және дайын пәтерлердің меншік иелеріне ешқандай қатысы жоқ. Оның үстіне ереже бойынша эвакуация жолында кездесетін есіктер ғимараттан сыртқа шығу бағытында, яғни, сыртқа қарай ашылуға тиістігі көрсетілген. Сондықтан "қате" жаққа қарай ашылатын есіктер үшін айыппұл салу туралы ақпараттар шындыққа жанаспайды, ТКШ саласын құқықтық реттеу ісіндегі хайп шығар", – деді адвокат Екатерина Тютюнникова.
Алайда Ресей Федералдық адвокаттар палатасының кеңесшісі Ольга Власованың түсіндіруінше, пәтердің сыртқы есігі "эвакуациялық жол" болып табылмайды және өрт қауіпсіздігі нормаларына жатпайды.
Сондықтан егер нақты бір сыртқы есік дәлізді немесе эвакуациялау жолын жауып қалатын болса, бақылаушы органдар мұны заң бұзушылық деп санап, иесінен есігін дұрыстап қайта орнатуды талап ете алады.
Бұған қоса, Ресей заңнамасында сыртқы есіктің ішке емес, сыртқа ашылуына арналған айыппұлдың нақты негіздері көрсетілмепті. Салдарынан, құзырлы органдар бапты өз қалауынша иліктіре береді.
Жалпы, бұл солтүстік көршідегі тосын тыйымдардың, қаптаған жазаның алғашқысы да, соңғысы да емес. Ресейлік "RBC" биылдан бастап, Ресейде ескі газ плиталарын қолданатын отбасыларға ірі айыппұл салына бастайтынын ескертті.
"2025 жылы тұрғын үй ішінде газ жабдықтарын эксплуатациялау бойынша талаптар қатайтылды. Қызмет ету мерзімі өтіп кеткен газ плиталарын пайдаланғаны үшін 5 мыңнан 10 мың рубльге дейін айыппұл тағайындалады. Егер азамат олқылықты түземесе және талапты қайтадан бұзса, айыппұл 25 мың рубльге дейін еселеп өседі", – деп хабарлады телеарна.
Нарықтағы газ плиталарының орташа нормативтік қызмет мерзімі 14 жылды құрайды екен. Нақты мерзімін жабдықтың техникалық паспортынан нақтылауға болатыны ескертілді.
Егер құжатында көрсетілген қолданыс мерзімі өтіп кетсе, оны жаңасымен ауыстыру талап етіледі. Алайда отбасылардың көбі плитаның құжаттарын осынша ұзақ сақтамайтыны даусыз. Мұндай жағдайда азаматқа өз қаражатына газды плитасына диагностика жүргізуге тура келеді.