Шілде айында ғана несие беруін тоқтатқан бағдарламаны "Отбасы банк" тағы жандандырып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Аталған банк Қазақстан қор биржасында (KASE) 150 миллиард теңге тартқанын және несие беруді қайта бастағанын сүйіншіледі.
– Бағдарлама шарттары өзгеріссіз қалды: бастапқы жарна кемінде – 20%, қарыздың ең жоғары сомасы Астана мен Алматыда – 36 миллион теңге, өзге өңірлерде – 30 миллион теңге. Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі – 9,6%-дан 13%-ға дейін. Несиені өтеу мерзімі – 19 жыл, – делінген ресми хабарлама мәтінінде.
Айта кетелік, "Наурыз" бағдарламаларының шарттары төмендегідей:
- алғашқы жарна: таза әрлеудегі тұрғын үй сатып алу кезінде 10%-дан және әрленбеген немесе қайталама нарықтағы тұрғын үй сатып алу кезінде 20%-дан бастап;
- тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін кредит бойынша мөлшерлеме – 7% (ЖТСМ 7,1%-дан 9,6% дейін);
- азаматтардың барлық санаты үшін кредит бойынша мөлшерлеме – 9% (ЖТСМ 9,4%-дан 13% дейін);
- несие мерзімі – 19 жылға дейін.
Бағдарламаға қатысты барлық өзекті мәлімет "Отбасы банкінің" ресми интернет-ресурстарында жарияланады. Бұған дейінгі мақұлданған өтінімдер мен пәтер броньдары күшінде қалады.