Токио Олимпиадасының 2021-жылы өтуі екіталай

1492

Токио Олимпиадасының ұйымдастыру комитетінің басшысы Тосиро Муто Олимпиада ойындарының 2021-жылы жазда өтетіне сенімді емес.

Токио Олимпиадасының 2021-жылы өтуі екіталай

Естеріңізге сала кетейік, Токиода өтетін Олимпиада осы жылдың 24-шілдесінде басталуы тиіс болатын. Бірақ, коронавирус пандемиясына байланысты ұйымдастырушылар төртжылдықтың басты додасын кейінге шегерді. Сонымен қатар іріктеу турнирлері де аяқталған жоқ. Ал іріктеліп алынған спортшылар карантинде, үйде отыр. Үй жағдайында жаттығу жасап, дайындық жұмыстарын жүргізу мүмкін емес. Осыған байланысты Ұйымдастыру комитеті мен Халықаралық Олимпиада Комитеті жарысты тағы бір жылға шегеру туралы шешім қабылдаған. Нәтижесінде, Олимпиада 2021-жылдың 23-шілдесінде өтетін болды. Олимпидаға дайындалуға 12 миллиард доллар қаражат жұмсаған Жапония наурыз айының соңында ойындарды кейінге қалдырғандықтан 2,7 миллиард доллар жоғалтты. Сондықтан жарысты тағы да шегеру Токио үшін мүлде тиімсіз. Дегенмен, TMZ Sports-тың хабарлауы бойынша Олимпиада ойындарының Ұйымдастыру комитетінің басшысы Тосиро Муто келер жылға белгіленген жарыстың өтетін уақытын тағы бір мәрте қарауға тура келетіні жайлы айтқан. Себебі ұйымдастырушылар келер жылы жазға дейін індеттің толықтай жойылатынына сенімсіз.

"Келесі жылы жазда короновирус болмайды деп сенімді түрде ешкім айта алмайды. Олимпиада ойындары қашан, қай күні басталады деген сұраққа біздің нақты жауабымыз жоқ, - деді Токио-2020 олимпиадасының Ұйымдастыру комитетінің атқарушы директоры. – Әзірге біз жарысты тек бір жылға ғана шегердік. Сондықтан бар күшімізді салып дайындалуымыз керек", - деді ұйымдастырушы. Дегенмен, ол қазіргі таңда әлемдік қоғамдастыққа Ойындарды өткізуге жоспар құруға емес, білім мен технологияны короновирусқа қарсы вакцина жасау үшін пайдалану керектігін атап өтті.

Осыған дейін Олимпиаданың жаңа кестесі басқа да ірі халықаралық турнирлермен бір уақытқа тұспа тұс келмейтіндей жасалған болатын. Атап айтар болсақ, 16 шілде - 1 тамыз аралығында жүзуден, сондай-ақ 6-15 тамыз жеңіл атлетикадан Әлем чемпионаты жоспарланған еді. Алайда Халықаралық су спорты түрлері федерациясы (FINA) және Дүниежүзіік жеңілатлетика қауымдастығы (World Athletics) жоспарлаған спорттық жарыстар Олимпиадамен тұспа-тұс келген жағдайда оны басқа уақытқа ауыстыруға дайын екендігін айтқан. Сондай-ақ футболдан ЕУРО-2020 додасы келесі жылдың 11-маусымына ауыстырылды. Ал мамыр айына Халықаралық хоккей федерациясы элиталы дивизонның ерлер арасында шайбалы хоккейден Әлем чемпионатын өкізуді көздеп отыр. Оған қоса биыл веломаусымның қашан жалғасын табары да білгісіз. Көптеген жарыстар тоқтатылды және келесі жылы Олимпиадаға байланысты велодода ұйымдастырушылары сайыстардың кестесіне түзету енгізуге келісуі екіталай.

Токиода өтетін Олимпиада ойындарын кейінге шегеру дәстүрге айналған іспетті. Тарихқа көз жүгіртер болсақ, 1964 жылы Жапония астанасында өтуі тиіс жазғы Олимпиада ойындары ауа температурасының тым жоғары болуына байланысты шілдеден қазанға ауыстырылған. Ал, 1940 жылы Токиодағы жазғы ойындар Екінші Дүниежүзілік соғыс пен жапон империясының Қытайға шабуыл жасауына байланысты толығымен тоқтатылған еді. Ал, енді биылға жоспарланған төртжылдықтың басты додасы коронавирус пандемиясына байланысты кейінге қалды.

Ермұхамед Мәулен


 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу